astana-view

Ал қане, қыздар!

2015 жылғы 05 Қараша
- Батыс Қазақстан облысы
11847 просмотров

Ауылдық бизнес-ханымдар біріге отырып бизнес жүргізудің көптеген түйткілдерін шешуге болады деген ойда

Бүгінде күллі Қазақстан көлеміндегі кәсіпкер әйелдер бизнесті жүргізумен байланысты мәселелерді көтеріп жүр. Батыс Қазақстан облысында да барлық аудандарда БҚО Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңестерінің көшпелі отырыстары өтуде. Мұндай Кеңестер облыстағы Зеленов, Тасқала, Теректі аудандарында өтті. Ауылдық кәсіпкер әйелдер көтеретін түйткілдер шамамен ұқсас: жер телімін бөлу, ауылшаруашылық өнімін сату, екінші деңгейдегі банктердің ауылдық бизнесмендерге кредит бергісі келмеуі салдарынан мемлекеттік қолдау алудың мүмкін еместігі, облыс орталығындағы ірі супермаркеттер мен ауылдық жердегі шағын дүкендерді теңестіретін алкоголь өнімін сатуға жыл сайынғы лицензиялық алым және т.б. түйткілдер.

БҚО Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің кезекті көшпелі отырысы өткен Ақжайық ауданында кәсіпкер әйелдер жоғарыда тізбеленгендер қатарына жеке кәсіпкерлікті тіркеусіз сауда жасау салдарынан туындайтын жосықсыз бәсекелестік түйткілін де қосты.

«Қазір сауда үшін онсыз да қиын уақыт, - деп назаланды әйелдер. – Оған сауда орны жоқ, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, салық төлемейтін тұлғалардың мемлекеттік органдардағы, оқу орындарындағы, тіпті үй-үйді аралап сату дерегі қосылып отыр. Егер бұл деректер жалғыз-жарым болса, ешкім де назар аудармас еді, бірақ бұл таралып кеткен құбылыс болып отыр, ал үй-жайды жалдауға, салыққа біраз қаражатымыз кететін біздің сауда жасауымыз аса қиын болып кетті».

Отырысқа қатысқан Ақжайық ауданы бойынша мемлекеттік табыс басқармасының өкілдері аталмыш түйткілдің орын алғандығына, әсіресе ауылдық жерде көптігіне келісті, бірақ бұл құбылыспен күресу аса қиын екенін атап отыр. Дей тұрғамен, салықшылар аталмыш құбылыспен күресу үшін Кәсіпкерлермен бірлескен шаралар жоспарын жасау қажет деп есептейді.

Ақжайық ауданының кәсіпкер әйелдері «Банк Центр Кредит» Акционерлік қоғамының Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Қазақстан Үкіметінен әйелдер кәсіпкерлігін қолдау үшін 3,7 млрд теңге көлеміндегі қарыз алғаны жайлы ақпаратты үлкен қызығушылықпен қабылдады. Қаражат «Әйелдер бизнесте» бағдарламасының аясында «Даму» қорына кепілдікке берілетін болады.

«Бұл ауылдық жердегі бізге де бизнес құру және дамыту үшін кредит беріледі деген үміт ұялатады. Себебі әйелдер бизнес құра отырып, көптеген әлеуметтік функцияларды орындайды: жұмысбастылық, балаларды оқыту, отбасын асырау мәселелері шешіледі. Табыс табу – өзіндік мақсат емес, әйелдер үшін – отбасының әл-ауқаты бірінші орында», - деді жиналыста Әмина Жанғалиева мен Балқаш Нұржанова барлық ақжайықтық кәсіпкер әйелдер атынан.

«Ақжайық ауданы әйелдердің қоғамдық өмірдегі, кәсіпкерліктегі белсенділігі жөнінен бірінші қатарда, - деп атады БҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Айгүл Әбілқайырова. – Ауданда іскер әйелдер активін құру әйелдер кәсіпкерлігі мәселелерін жүйелеуге көмектеседі және олардың аталмыш түйткілдерді нәтижелі түрде шешуіне мүмкіндік береді».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер