astana-view

Қош келдіңіздер!

2015 жылғы 12 Қараша
- Ақтөбе облысы
10047 просмотров

Ақтөбеде индустриялық аймақ құрылысы аяқталды

«Ақтөбе» индустриялық аймағы облыс орталығынан 12 шақырым жерде және қазақстандық-ресейлік шекарадан 65 шақырым жерде орналасқан. Екі жүз гектар аумақты алып жатқан индустриялық аймақтағы инфрақұрылым құрылысы 2014 жылдың маусым айында басталған болатын. Нысанның жалпы құны 5,5 миллиард теңге.

Былтырғы жылы сыртқы және ішкі инженерлік желілер құрылысына 3 миллиард теңге бөлінген болатын. 2015 жылы қосымша 1,9 миллиард теңге бөлінді. Жыл бойында бұл қаражатқа аумақты абаттандыру, инженерлік коммуникацияларды тарту, автомобиль және кіре-беріс жолдарын салу және т.б. жұмыстар жүргізілді. 110 киловатт қуаттылықтағы автономды электр станциясы іске қосылды. 

Индустриялық аймақ аумағында шамамен 10 ірі және орта зауыт және 30-дан астам шағын кәсіпорын орналастырылып, мыңдаған жұмыс орны жасақталады.

Қазірде бизнес субъектілері 31,5 миллиард теңге сомаға 5 өтінім беріп отыр. Оның ішінде «Ұлан компаниясы» ЖШС, «Спецтехника» ЖШС, «МР Ойл Газ Энерджи Инвестмент LTD» ЖШС өтінімдері мақұлданды.

«Жер телімдері автомобиль жолдарымен, темір жол тұйығымен қамсыздандырылған. Индустриялық аймақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны бойында жатыр. Біз мұнда жобаларын жүзеге асырғысы келетін бизнесмендерге барынша ашықпыз», - дейді «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Бақытжан Сансызбайұлы.

Қазір әлемдік стандарттарға жауап беретін заманауи өнеркәсіптік-өндірістік және инновациялық кешендерді жүзеге асыруға дайын отандық және шетелдік инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Бизнестің дамуы үшін тау-кен және мұнай өндіру өнеркәсіптері, сонымен қатар құрылыс саласы басым бағыт болады. Екі ірі компания құрылыс материалдарын, көпір тәріздес көтергіштер мен арнайы техника шығаратын зауыттар іргетасын қалап та үлгерді.

Әлеуетті инвесторлар үшін керемет жағдайлар жасалған. Ұсынылатын жер телімдерін уақыт өте келе өтеуін төлеп алуға болады, ал инфрақұрылымға қосылу тегін ұсынылады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер