astana-view

Мектеп қабырғасынан бастап бизнеске үйрену

2015 жылғы 20 Қараша
9975 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП кәсіпкерлікке ерте бастан үйретуді қолдайды және мектеп оқушыларын міндетті тәртіпте бизнестің қыр-сырына оқытуды ұсынады

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінде өткен отырыста осы мәселе сөз болды. Отырыс бейіндік мемлекеттік органдар, білім беру саласында еңбек етуші салалық қауымдастықтар мен ҮЕҰ қатысуымен өтті.

Ұлттық палата білім беру жүйесін түбегейлі өзгертетін кез келді деп есептейді. Осыған орай Білім және ғылым министрлігіне мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім беру стандартына (5-11 сыныптар) «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін қосуды ұсынды. ҰКП пікірінше, сонымен қатар «Кәсіпкерлік негіздері» пәні бойынша эксперименталдық білім беру бағдарламаларын, сонымен қатар оқулық және оқу-әдістемелік кешен дайындау қажет.

Ұлттық палата неліктен мұндай бастама жасап отыр? Өкінішке орай, бүгінде еліміздегі еңбек нарығында білікті мамандар жетіспеушілігі орын алып отыр, және де оған себеп те жоқ емес: мектептерімізде балаларға кәсіпкерлік дағдылары үйретілмейді, бизнес жүргізу негіздері және нарық жайлы білімдер оқытылмайды.

«Адам. Қоғам. Құқық» пәнінің енгізілуі, өкінішке орай, кәсіпкерлік қызмет негіздері бойынша жеткілікті білім сапасын бермейді, және де, қорытынды ретінде, түлектің еңбек және білім беру қызметтері нарығында бағдар алуы аса қиын болады. Қолданыстағы жүйе оқушының шығармашылық әлеуетін дамытуға, түлектердің көп бөлігінің болашақта кәсіпкерлік белсенділігін болжауына мүмкіндік беретін бастамашылдықты және басқа да әлеуметтік дағдыларды дамытуға болмашы деңгейде ғана бағдарланған.  

ҰКП сонымен қатар қазіргі ЕАЭО-ға кіру және алдағы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жағдайындағы экономикалық ахуалда кәсіпорындарымыздың бәсекеге қабілеттілігі мәселесі туындайтынын атайды. Олар аталмыш нарықтардағы біршама салмақты әрі айбынды ойыншылармен, шын мәнісінде, әлемдік бизнес алыптарымен бақталасуға мәжбүр болады. Бұл жерде, әрине, білікті кадрлардың көмегі ауадай қажет.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев өз сөзінде осы төңіректе ой өрбітті.

«Бүгінде ақша да, технологиялар мен жабдықтар да маңызды емес, маңыздысы – адами капитал, яғни бизнесте, кәсіпорындарда жұмыс жасаушы кадрлар. Білім және ғылым министрлігінің құлағына шалынса дейміз: қазіргі жағдайда кәсіпкерлікке ерте бастан оқытуға назар аударудың маңызы өте зор. Өкінішке орай, бүгінде білім беру жүйесінің құрылымына қарай ең алдымен «тар» маманды даярлаумен айналысамыз, алайда оны кейін жеке бизнес құруға бағдарламаймыз. Қарап отырсақ, кәсіптік-техникалық колледжде білім алып жатқан болашақ шаштараз да жеке ісін ашып, осылайша өзін асырап, тіпті бірнеше адамға жұмыс бере алады емес пе. Менің ойымша, еуропалық елдердегідей, ерте кәсіпкерлікке үйретуді мектеп қабырғасынан бастауға тиіспіз», - деді Нұржан Әлтаев.

Ол сенімді мысал ретінде Швеция тәжірибесін келтірді. Онда мектептерде оқушыларға кәсіпкерлік негіздері көптен бері оқытылып келеді. Оның үстіне, олар енді бұл жаңалықты балабақшаларға енгізбекші, яғни сәби шақтан бастап балалардың бойына креативтілік өскінін егіп, инновациялылық рухындағы ойлауды дамытуға тырысуда.

Осыған байланысты ҰКП басқарма төрағасының орынбасары мектептерде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту пәнін бастапқыда 7 сыныптан бастап енгізуді ұсынды. Ал бұл оқушыларға қандай да бір экономикалық білім беру емес, балалар бойында кәсіпкерлік қабілетін дамытуға түрткі болатын ойын форматында жүруге тиіс.

Осындай қысқа мерзімде мектептердегі білім беру бағдарламасын түбегейлі өзгерту мүмкін емес. Оған уақыт керек. Нұржан Әлтаевтың айтуынша, оқулықтар, оқыту әдістемесі қажет, мұғалімдер пулын даярлау керек. ҰКП өз тарапынан жеке мысалында балаларға білім бере алатын, оларды бизнесмен болуға үйретіп, бойындағы коммерциялық қабілетті дамытатын сарапшылар, танымал бизнесмендер тізімін ұсынуға дайын. Сондай-ақ, ҰКП басқарма төрағасының орынбасарының сөзіне сүйенсек, Палата сәйкес оқулықтар шығаруға көмек көрсетуге әзір.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер