astana-view

Жол ережесін бұзасың ба – көбірек төлейсің!

2015 жылғы 03 Желтоқсан
8466 просмотров

Қаржыгерлер қауымдастығы бірнеше мәрте жол-көлік оқиғасына себеп болған жүргізушілер үшін сақтандыру құнын көбейтуді ұсынып отыр

Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығының басқарушы директоры Ерлан Бурабаев Еурохаттама аясында ұйымның жол-көлік оқиғасы кезінде татуласу тұжырымдамасына жасаған ұсыныстары жайлы жеткізді.

Қауымдастық үш негізгі түзетуді алға тартып отыр. Біріншісі жол қозғалысы ережесін қасақана бұзушылар үшін сақтандыруды ресімдеу шарттарын күшейтуге қатысты. «Қазіргі күні ЖКО жасаған жүргізуші көлік құралын бұдан әрі жүргізу үшін жаңа сақтандыру сатып алуға тиіс. Ол сонымен қатар жол апатына әкелген ЖЖЕ бұзғаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болады. ЖКО-ның сол орында жүргізушілер келісуімен, кінәлінің зардап шегушіге автосын жөндеу құнын өтеуімен шешіліп жататыны жиі кездеседі. Яғни оның айыппұл төлеуі қажет емес, және де ЖКО сақтандыру құнымен ғана шектеліп қалады. Бұл оны қалай шектемекші? Бассыздығын әрі қарай жалғастыра береді. Қандай да бір салдардың жүйесі болуға тиіс. ЖКО жиі жол беретін тұлғалар үшін сақтандыр полисінің құнын көтеруді ұсынамыз. Қазір ондай тетік те жоқ емес, алайда ол белгілі бір жоғарғы шекпен шектелген. Біздің ойымызша, бұл жеткіліксіз», - деді Ерлан Бурабаев palata.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Қаржыгерлер қауымдастығы сонымен қатар сақтандыру полисінің түрлі өңірлерде түрліше тұратындығын әділетсіз деп санайды. «Көлік құралдары өз өңірінде ғана емес, күллі Қазақстан көлемінде еркін қозғала алады. Ал сақтандыру құны өзгеше. Ең жоғарысы Алматы мен Астанада, басқа қалаларда арзандау. Бұл әділетті емес. Көлік салығы сомасы жөнінен ерекшеліктер жоқ қой. Түрлі өңірлерде ол бірыңғай. Сақтандыру неліктен саралануға тиіс? Біздің ұсынысымыз – не күллі Қазақстан бойынша бірыңғай тарифке көшу, не жеке өңірлердегі құнды барынша көтеру», - деп мәлімдеді Ерлан Бурабаев.

Ұйым сонымен қатар сақтандыру компанияларына қосымша функциялар беру керек деп есептейді. «Сақтандыру компанияларына талдау жүргізуге, сәйкес тәсілдерді қолдануға және осының негізінде сақтандыру төлемдерін іске асыруға уәкілеттік беретін заңнамалық түзету қажет. Сақтандыру компаниялары немесе сақтандырушылар тарапынан алаяқтыққа жол бермес үшін, сәйкес бизнес-процестер мен жүйелерді анықтап жазу қажет», - деді Ерлан Бурабаев.

Оның сөзінше, тұжырымдамада сәйкес құжаттарды МАИ шақырусыз ресімдеуді сақтандырушылардың жүзеге асырауы көзделгенін, алайда аталмыш құжаттарды қарау және талдау сақтандыру компанияларында қала береді. «Қазірде сақтандыру компанияларының ондай уәкілеттіктері жоқ. ЖКО бекітілген схемалары да жоқ», - деп түсіндірді Қауымдастық басшысы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер