astana-view

Ресейлік кеден «келісім» берді

2015 жылғы 07 Желтоқсан
9583 просмотров

Қазақстандық транзиттік автотасымалдаушыларға шекарадан өтуге рұқсат етілді

Үстіміздегі жылдың 6 желтоқсанында Түркиядан Ресей арқылы транзитпен Қазақстанға келе жатқан қазақстандық жүк машиналарын Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасында тексеріске жібере бастаған.

Сөйтіп, ҚазАТО Халықаралық автомобильмен тасымалдаушылар одағы берген ақпарат бойынша, қазір Верхний Ларс (ресейлік-грузиндік шекара) кедендік өткізу бекетінде қазақстандық 8 автокөлік құралы толық тексеріске кезекте тұрса, Троебортное (ресейлік-украиндық шекарада) бекетінде тағы бір машина кезекте тұр.

Ал ресейлік-украиналық шекараны Крупец кедендік бекетінде кесіп өтпекші болған қазақстандық тасымалдаушылар әлі күнге дейін бейтарап аумақта жатыр.

Үстіміздегі жылдың 25 қарашасында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кірер тұста автокөлік құралдарының, соның ішінде Түркиядан Ресей арқылы Қазақстанға транзитпен келе жатқан қазақстандық автокөліктердің өтуіне шектеу қойылғанын еске саламыз.

ҚР уәкілетті органдарының «Атамекен» ҚР Ұлттық палатасымен бірге жүргізген жұмысының қорытындысы бойынша тасымалдаушылардың бір бөлігі Каспий теңізі арқылы баламалы өту бағыттарына қайта бағдарланған болатын. Алайда жүргізушілердің бағытын өзгертуге мүмкіндігі жоқ бір бөлігі кешегі күннің кешіне дейін бейтарап аумақта жатты.

Үстіміздегі жылдың 4 желтоқсанында «Атамекен» ҚР ҰКП қалыптасқан жағдайды шешу мақсатында Ресей Федералдық кеден қызметіне Түркиядан Қазақстан Республикасына келе жатқан қазақстандық жүктердің Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасы арқылы транзитпен өтуін қамтамасыз етуді сұрап жүгінген еді.

«Атамекен» ҚР ҰКП қазақстандық тасымалдаушылар туралы қосымша мәліметтердің келу шамасына қарай ақпарат беріп отырады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер