astana-view

Президент индустрияландырудың 6 жылына қорытынды жасады

2015 жылғы 11 Желтоқсан
6456 просмотров

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, осы жылдар ішінде 890 жаңа кәсіпорын қолданысқа енгізіліп, оның 95 пайызы ойдағыдай жұмыс жасауда

«Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы тарихқа еніп барады, алайда екінші бес жылдық жоспардың алғашқы жылының нәтижелері аталмыш бағытта елдің біршама көлемді жұмыс жасағаны жайлы айтуға мүмкіндік береді. Бүгінде жасап отырғанымыз, шын мәнісінде, табысымыздың тарихы екенін бәрі де көріп отыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын сапа» сыйлығын табыстаудың салтанатты рәсімінде сөз ала отырып.

Мемлекет басшысы биыл Қазақстанның алғаш рет әлемдік жетекші экспорттаушы 50 ел қатарына кіріп, 43 орынды иеленгенін мақтанышпен атады.

«Дүниежүзілік банк дерегі бойынша, өткен бес жылда біздің өңдеуші өнеркәсіп салаларының өнімдері 24 миллиард долларға жетті, яғни 7 миллиард долларға ұлғайды. Қазіргі жаһандық дағдарыстың теріс ықпалдарына қарамастан, биыл осы салалар жалпы өсім берді. Бұл жағдай ұлттық экономика дамуының оң қарқынын сақтауға септігін тигізед. Үстіміздегі жылы металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс индустриясы салаларында 120 индустриялық жоба жүзеге асырылады. Индустрияландыру нақты еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Біз өнімділікті 10 жылда 2 есеге ұлғайту жөніндегі мақсатымызды орындауға жүйелі түрде жақындап келеміз. Қазіргі кезеңде бұл көрсеткіш 1,6 есе өсті, яғни ойдағыдай өркендеп келеміз. Бұл көңіл қуантады», - деп хабарлады ол.

Президент бүгінгі телекөпір барысында 16 жоба іске қосылып, 3300 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылғанын айтты. «Жаңа кәсіпорындардың әрқайсысы жыл сайын орта есеппен 81 миллиард теңгенің өнімін өндіретін болады. Ең аз деген есеппен алғанда, бұл жобалар экономикамызға шамамен 270 миллиард теңге қосымша табыс. Келесі кезеңде қытайлық әріптестермен бірге электролиз өндірісін кеңейту жоспарланып отыр: қазір – 250, болашақта – 390 мың тоннаға дейін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Бірінші бесжылдық қорытындысы бойынша өңделмеген алтын  өндірісі 50 тоннаға дейін, яғни 2 еседен аса өсті. Өндірілген алтынның 90 пайызы елімізде өңделеді. Осы жылдары Ұлттық банк 76 тонна отандық алтын құйма сатып алды. Міне, елдің алтын қорының нақты қазақстандық үлесі», - деп баса көрсетті Мемлекет басшысы.

Ол сонымен қатар елдің қара металлургиясы саласында үлкен өзгерістер болып жатқанын айтты: Қазақстан болат пен шойын өндірісін ұлғайтудан гөрі дайын өнім көлемінің өсіміне ден қойып келеді. Бес жылда арматураның жыл сайынғы өндірісі 8 есеге – 800 мың тоннаға дейін өсті. Құбыр шығару көлемі 140 мыңнан 210 мың тоннаға дейін ұлғайды. Бұл Қазақстан импорттаған, құрылыс саласына қажет өнім.

Нұрсұлтан Әбішұлы Ақтөбеде рельс-арқалық зауыты іске қосылғанын, өнім бұрын біздің елде шығарылмағанын айтып өтті. «Мүмкіндіктеріміздің кеңеюі, «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы, жаңа темір жолдар, өткелдер құрылысы – ол үшін осы кезінде сырттан әкеліп жүрген рельстер қажет», - деді ол.

Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанның толыққанды агрохимиялық кластерін құру жұмысы жүріп жатқанын атап өтті. «Қазір тыңайтқыш өндірісінің көлемі жылына 400 мың тоннаны құрайды. Ауыл шаруашылығының әлеуетін және тыңайтқыш үшін қажетті шикізаттың бар екенін ескерсек, бұл жеткіліксіз. 2020 жылға қарай тыңайтқыш өндірісін 6-7 есеге – 2,7 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұлар  бұрын бізде шығарылмаған глифосат, калийлі және күрделі кешенді тыңайтқыш, пестицидтердің отандық өндірісіне арналған құрамдауыштар сияқты өнімдер болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Қазір «Нұрлы жол» бағдарламасын ескере отырып, машина жасау саласын дамытудың маңызы зор. Шығыс Қазақстандағы толық циклды зауыт соның төңірегіндегі құрамдас жабдықтарды өндіруге арналған шағын және орта бизнес «белдеуі» сияқты жобалар орасан мәнге ие. Бұл бастапқы «қолмен құрастыру» сатысын аяқтап, автомобиль жасау саласын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Қазірде автомобильдерімен мақтанып жүрген барлық кәсіпорындар бұрағыш өндіруден бастаған кезінде. Біз де солай бастадық. Қазір автомобильдердің жоспарлы өндірісіне көшіп отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент дәрі өндіру саласы мен жалпы ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін Қарағанды фармацевтикалық кешенінің үшінші кезегі жобасының маңыздылығы да атап өтті. «Осы кешеннің толық қуатымен жұмыс істеуге көшуі дәрі-дәрмек препараттары өндірісін 1,5 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Дәріні миллиард долларға жуық сомаға импорттап отырмыз», - деді ол.

«Жалпы қорытынды шығарар болсақ, 6 жыл ішінде 890 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын қолданысқа енгізіліп, 85 мың тұрақты жұмыс орны жасақталды. 3,8 триллион қаражат салынған осы кәсіпорындар 5,4 триллион сомасында өнім өндіріп, мемлекетке 3 триллион теңге салық төледі. Иә, көлемді істің шығыны болмай тұрмайды. Алайда енгізілген кәсіпорындардың 95 пайызы жұмыс жасап тұр», - деп мәлімеді Мемлекет басшысы.

«Біз маңызды іспен айналысып жүрміз. Дағдарыс жағдайында тіршілік ете жүріп, шикізаттық тәуелділіктен кету қажет екенін түсіндік. Ал кәсіпорындар үнемі пайда әкеліп отыратын болады. Ең бастысы, аталмыш кәсіпорындар жылына 1 трлн теңгеге өнім экспорттады. Осы үшін де барлықтарыңызды шын жүректен құттықтап қояйын. Бұл төңіректегі жұмысты жалғастыратын боламыз», - деп қорытты Президент.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер