astana-view

Химия жөнінен Таразға жете алмайсың

2015 жылғы 22 Желтоқсан
9013 просмотров

Жамбыл облысы химия өнеркәсібін дамыту жөнінен көшбасылықты арттыра түспекші

Өңірде «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорының қатысуымен «Тараз» Химия паркі» арнайы экономикалық аймағы құрылуда. Бұл химия саласында жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деп хабарлады. «Инвестиция 128 млрд теңгені құрайды, АЭА ашылуы 970 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деп атады әкім.

Жалпы, Кәрім Көкірекбаев химия өнеркәсібінің «өңірдегі басым сала болып табылатынын» атады. Жалғыз қала құрушы кәсіпорын - «Қазфосфат» ЖШС өңірде 27 бірлік өнеркәсіп өнімін өндіреді. Әкім берген деректерге сүйенсек, оның еліміздегі химия саласындағы үлесі 40%-ға жетеді.

Жамбыл облысында сонымен бірге құны 3,1 млрд доллар болатын 14 инвестициялық жоба жүзеге асыру сатысында жатыр. Әкім ірі жобалар қатарында инвестицияның жалпы құны 2 млрд доллар құрайтын әрі 2 мың жұмыс орнын жасақтайтын минералдық тыңайтқыштар шығаратын зауыт құрылысын атады.

Индустрияландыру картасы және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында бірнеше жоба іске қосылады. Атап айтқанда, бұл экстракциялық фосфор қышқылы өндірісі. Жоба құны 7 млрд теңгені құрайды.

Әкім сонымен бірге жақында Пекинде өткен Іскерлік кеңес отырысында Жамбыл облысы Қордай ауданында 2,3 млрд доллар сомасына тау-кен байыту комбинатын салу туралы төрт жақты меморандум жасалғанын жеткізді. Кәрім Көкірекбаев берген деректерге сүйенсек, оның ішінде 900 млн доллар құрылыстың бірінші кезеңінде инвестицияланбақшы. «Еурохим», «Тараз» Химия паркі сияқты жобалар айналасында 100 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасайтын индустриялық аймақтар құрылатын болады», - деп сендірді әкім.

Олыстың мұнымен тоқтап қалмақшы емес екенін айта кетейік. Шетелдік жаңа инвестицияларды тарту үшін ҚХР, Батыс Еуропа, АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия, Ресейдің әлеуетті инвесторларына 150 ұсыныс бағытталып та қойды.

Кәрім Көкірекбаев өңірдегі қазақстандық компаниялардың инвестициялық белсенділігіне баға бере отырып, оның айтарлықтай жоғары екенін атады. Мысал ретінде Ресейде 5 мың бас ірі қара мал басын сатып алған «МойынқұмАгро» компаниясын атады. «Тараздың өзінде былтыр радиатор зауытын аштық, сондай-ақ полиэтилен өндіріледі. «Тараз» Химия паркінің ашылуы болашақта бес зауыттың салынуын көздейді», - деп түйіндеді әкім.

Өңірдің Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қосқан үлесіне келер болсақ, Кәрім Көкірекбаев оған 60 жобаның кіргізілгенін айта кетті. Оның ішінде бірінші бесжылдықта 33 жоба табыспен жүзеге асырылды, 5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, 143 млрд. теңге өнімі өндірілді. Екінші бесжылдықта 551 млрд теңгеге 27 жобаны іске қосу жоспарланып отыр, онда 5500-ден астам жұмыс орны құрылады.

Жанар Сердалина 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер