astana-view

Отыз тоғызға азайды

2015 жылғы 23 Желтоқсан
9424 просмотров

Бизнес үшін рұқсат беру құжаттарының санын қысқартатын заң жобасы мақұлданды

Мәжіліс депутаттары бүгін өткен алқа отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру құжаттарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдап, кәсіпкерлердің өмірін жеңілдетті. Заң жобасының Мемлекет басшысының тапсырмасымен рұқсат беру жүйесін жеңілдету және бизнес үшін рұқсаттарды оңайлату мақсатында дайындалғанын еске саламыз.

Қазақстанның ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев құжатты мәжілісмендерге ұсына отырып мынаны еске салды: бүгінде заңмен көзделген рұқсаттардың жалпы саны 481 және 227 лицензияланатын қызметтің қосалқы түрлері бар.

«Тұтынушылар, кәсіпкерлер және мемлекет мүддесінің теңгерімін бұзуды болдырмау үшін, заң жобасы қысқартатын әрбір рұқсат беру құжаты жеке қаралып, Үкімет жанындағы Парламент Мәжілісі депутаттарынан тұратын Кәсіпкерлік қызметті реттеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мақұлдаған еді», - деп сендірді министр.

Ақырында қайталанатын және артық рұқсаттардың күшін жою, рұқсаттарды хабарламалық тәртіпке көшіру, оларды алу үшін талаптарды қайта қарау туралы шешім қабылданды, дейді Ерболат Досаев.

«Осылайша, заң жобасында 39 рұқсаттың күшін жою, яғни оларды заңнамадан алып тастау, сондай-ақ реттеуші мемлекеттік органдар құзыретінен рұқсат беру құжаттарын беру функциясын алып тастау көзделеді», - деді ведомство басшысы.

Сонымен бірге 18 рұқсат түрі хабарламалық тәртіпке ауыстырылады. Басқаша айтқанда кәсіпкердің қызметін бастағанға дейін реттеуші мемлекеттік органға қажет ақпарат көрсетілген хабарлама жолдауы жеткілікті болады.

95 рұқсат беру процедурасы «бір терезе» қағидаты бойынша, мемлекеттік органдармен тікелей байланысын шектеу мен рұқсат берілген кезде кәсіпкердің құжаттарды жинауға және даярлауға барынша аз шамада қатысуын көздейтін рұқсат беру құжатын орталықтандырылған түрде беру арқылы оңтайландыруды күтуде.

Ұлттық экономика министрі сонымен қатар «адам денсаулығы мен өміріне, экологияға, ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп туындауына, сонымен қатар Үкімет жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның халықаралық келісімдерді бұзуына жол бермеу» үшін, біршама қауіпті қызмет түрлерін жүзеге асыруға 52 рұқсаттың қысқартылмайтынын баса көрсетті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері аясында реттемеленетін 41 рұқсат беру құжаты күшінде қалады.

Заң жобасының сондай-ақ «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңда көзделген рұқсат құжаттарын қысқартуды болжайтынын айта кетейік.

«Бірқатар рұқсат құжаттарының бюджетке мемлекеттік алым төлеуді көздейтінін ескере отырсақ, салалық заңдардың қағидаларына сәйкес түзетулер енгізіледі, атап айтқанда, 7 кодекс пен 30 заңға өзгертулер мен толықтырулар көзделіп отыр», - деді Ерболат Досаев.

Оның ойынша, заң жобасын қабылдау «бизнеске жасалатын қысымды төмендетуге, әкімшілік кедергілер санын қысқартуға және мемлекеттік органдардан артық функцияларды алып тастауға мүмкіндік береді».

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер