astana-view

Қолдау қажет пе? «Атамекенге» кел!

2016 жылғы 28 Қаңтар
12311 просмотров

Бизнесті сервистік қолдау туралы: кәсіпкерлік идея бар болса, қайда жүгінуге болады

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сервистік қолдау департаментінің қызметкерлері журналистермен дәстүрлі баспасөз таңғы асын бөлісті. Талқыланған тақырып «Бизнестің жол картасы 2020» бірыңғай бағдарламасының аясында ҰКП көрсететін бейқаржылық қызметтер болды.

Ұлттық палата сервистік қолдау және ақпараттық қамсыздандыру жөніндегі қызметтерді облыс деңгейінде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы, аудан деңгейінде Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары арқылы көрсетеді. Бұл еліміздің белсенді бизнес-қоғамдастығын барынша қамтуға мүмкіндік береді. Ақпаратты Өңірлік кәсіпкерлер палаталары байқаулық іріктеу нәтижесінде айқындаған консультанттар ұсынады.

Департамент директоры Бағдат Телебай 2015 жыл ішінде күллі ел бойынша ашылған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында 35 мың қазақстандықтың қызмет алғанын, одан басқа 212 мыңға жуық тұлғаға Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында қызмет көрсетілгенін хабарлады. Бизнес-мектепте 15 мыңнан астам кәсіпкер мен жеке бизнеспен айналысқысы келетін адамдар оқытылды.

«Бизнес-Мектеп» «Бизнес-Кеңесші», «Бизнес-Өсу» жобаларынан және тәлімгерлік қағидаттарын қолданумен жобалық оқытудан тұрады. Қазіргі кезде барлық өңірлерде барлық стандарттарға сәйкес келетін бизнес-сыныптар құрылған, тренерлер жұмыс жасауда.

«2015 жылы Қазақстанда алғаш рет кәсіпкерлік бастамаға ие халықты ақпараттық қамсыздандыру жүзеге асырылып, осының аясында 188 Кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылды. Барлық аудан орталықтарын, моно және шағын қалаларды қамтыдық. Адамдар келіп, сұрақтарын қоюы үшін, ауылдарға дейін бардық. Онда кәсіпорын ашу жолдарын айтып, қаржы институттары, мемлекеттік бағдарламалар жайлы консультациялар бердік. Бұл ісін бастаушы кәсіпкерлер арасындағы құқықтық сауатсыздықты жоюға мүмкіндік береді. Егер адам қызығушылық танытса, одан әрі сервистік қолдау алғысы келеді. КҚО қызметтерінің бірі – бұл сервистік қолдау көрсетуге өтінім жинау», - деп атады департамент сарапшысы Юрий Беседин.

Ол кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның өзі қызметтер тізбесін ғана болжайтынын баса көрсетті. Ұлттық палата әрі қарай дамытып, бизнесті тіркеуге көмектеседі. «Жобаларды өркендету де дәл солай – бұл біздің міндетіміз емес, алайда оған сұраныс бар болғандықтан, сервистік қызмет кешеніне осыны енгізіп отырмыз. Қаржыландыру алуға көмектесеміз. КҚО берген деректер бойынша, бір жыл бойы консультация ғана беріп, Ұлттық экономика министрлігінің жоспарлы көрсеткіштерін орындап қана қоймай, шамамен 1600 кәсіпкердің ашылуына көмектескенімізді айта аламыз», - деп жалғады сөзін сарапшы.

Юрий Беседин сонымен бірге бағдарламаның кәсіпкерлер сұрауларын ескере отырып өзектендірілетінін атады.

«Биылғы жылы Ұлттық экономика министрлігіне жоба енгіздік, себебі кәсіпкерлер тарапынан болатын талаптар өзгеруде. Сондықтан да 8 қызмет бойынша өзгеріс енгіздік. Атап айтқанда, жобаларды сүйемелдеу бойынша көптеген сауалдар туындауда. Адамдар келіп жүгініп, оларға сол баяғы жеке істі ашу, ресімдеу, қаржыландыру алу сияқты заңгерлік мәселелер бойынша көмектесеміз, сервистік қолдау аясында консультациялар береміз. Бірақ кәсіпкер оны одан әрі сүйемелдегенімізді қалайды, мысалы, даму институттарында: бизнес-жоспарды қорғауға көмектессе дейді және тағы сол сияқты мәселелер. Қазірде даму инстиуттарында, мемлекеттік органдарда, банктерде жобаларды сүйемелдеу бойынша, рұқсат беру құжаттарын алу мәселелері бойынша бір қызмет түрін енгізіп отырмыз. Егер үкімет өзгертулерімізді қолдаса, осы мәселемен айналысатын боламыз», - деді ол.

«Мұнда бәрі де жүгінушінің мүддесіне тәуелді. Егер оған кәсіпорынды қалай дұрыс тіркеуге болатыны жайлы консультация қажет болса, КҚО, КҚКО-ға жүгінеді. Егер ол әрекет етуші кәсіпкер болып, оған халықаралық нарықтарға шығу қажет болса, ол қандай да бір даму институттарына құжаттама беруге өтінім жинағанға дейін бейқаржылық қолдау шаралары жайлы білу үшін, біздің консультанттарымызға жүгінеді», - дейді келесі сарапшы Арнұр Дарбаев.

Арнұр Дарбаев сондай-ақ «Атамекеннің» мемлекеттік бағдарламаларды сараптамадан өткізетінін хабарлады. «Мемлекеттік орган заңнамаға кәсіпкерлік дамыту мәселелерінде өзгерту енгізбестен бұрын, оны ҰКП-ға жолдайды. Осылайша, кәсіпкерлермен арамызда кері байланыс қалыптасады. Бизнес түйткілдеріне қарай белгілі бір түзетулер енгіземіз, ұсыныстар береміз», - деді ол.

Юрий Беседин сонымен қатар биылғы жылы аудандардағы мемлекеттік қолдау шаралары бойынша консультация ғана жүргізіліп жатқан КҚО-да бухгалтерлік есеп жүргізу бойынша қызметтер және заңгерлік консультациялар берілетінін айтты. «Бұрын бұл кейбір КҚО-да ғана болған еді, қазір бәрінде бар. Ауылда немесе аудан орталықтарында бұл қажет», - деп түсіндірді ол.

«2014 жылды алар болсақ, онда департаментімізде бизнесті сервистік қолдау деген бір ғана бағыт бар болған еді. 2015 жылы үш бағытқа жетіп отыр: бизнесті сервистік қолдаумен бірге бизнес-мектеп және кәсіпкерлерді ақпараттық қамсыздандыру. 2016 жылы біздің департамент бес бағытты қамтиды: «Іскер байланыстар» және «Аға синьорлар» қосылды. Яғни қызмет алаңын кеңейтіп келеміз», - деп жалғады сөзін сарапшы.

Департамент сарапшысы Ерлан Мұстафин жаңа бағыттар жайлы толығырақ айтып берді. «Іскерлік байланыстар» бағыты басшылық құрамдағы кәсіпкерлерді менеджмент дағдыларына, кәсіпорынды дамыту стратегиясына, маркетинг, коммуникациялар, клиентке бағдарлану, сыртқы экономикалық қызмет дағдыларына үйретеді. Бір жыл бойында 500 адам оқытылып, сертификаттарға ие болады. Аталмыш бағдарлама бойынша ҰКП-ның халықаралық серіктесі германдық «GIZ» орталығы болып табылады. Ол осы 500 ішінен германдық кәсіпорындармен бірге жұмыс жасай алатын жобаларды таңдап алады. Әңгімелесуден өтетін адамдар тегін шетелдік машықтандыруға аттанады. Бір ай бойы германдық жетекші кәсіпорындарды аралайды. Кейбір кәсіпкерлер бір бизнес-идеямен кетіп, неміс әріптестермен кездесуден кейін ойын өзгертіп, олармен бірге басқа кәсіпорын ашып жатады. Биыл Германияға осы бағдарлама бойынша 52 адам жібереміз. Машықтанудан кейін конференция өткізіп, онда жобалар жайын талқылаймыз. Болашақта оларды жүзеге асыруға көмектесеміз: германдық тараппен келіссөздер жүргіземіз, оларға машықтану кезінде алынған тәжірибелерін жүзеге асыруға көмектесеміз», - деді ол.

«Аға синьорлар» жобасы, Ерлан Мұстафиннің айтуынша, қазақстандық кәсіпорындарға шетелден жоғары білікті мамандардың тартылуын болжайды.

Сервистік қолдау департаменті директорының орынбасары Мұхтар Мырзахметов ҰКП-ның «Тәлімгерлік» деген жобасын еске салды. «Белгілі бір салада жолын тапқан табысты кәсіпкерді шақырамыз да, ол өз мысалында бірнеше ниет білдірушіні осыған ұқсас бизнес ашуға үйретеді», - деп хабарлады ол.

Мұхтар Мырзахметов сонымен қатар ісін бастаушы бизнесмендердің Ұлттық палата сайтымен бірге ҰКП шығарған арнайы құралдардан пайдалы ақпарат ала алатынын баса көрсетті. «Мысалы, «ШОБ-қа арналған 100 жоба» кітабы бар. Онда барлық ақпарат келтірілген: бизнесті бастау үшін, қандай сома қажет, рұқсат құжаттары – шамамен алынған табыс пен өтелінетін мерзімге дейін бар. Алғашқы басылымы бар, одан кейін екінші рет шығарылды, жазға қарай үшіншісі болып қалады», - деді сарапшы.

Юрий Беседин өз кезегінде дағдарыс кезеңінде бұрыннан әрекет етіп келе жатқан кәсіпорындар үшін мамандардың тегін консультация беруінің аса өзекті екенін айтып өтті. «Кейбір кәсіпкерлер штатында бухгалтер немесе заңгер ұстай алмайды, не болмаса, мәселен, мемлекеттік сатып алулар мәселесімен айналыса алмайды, менеджмент жүйесін енгізе алмайды. Сервистік қолдау дағдарысқа қарсы шаралардың бірі ретінде осы мәселеде кәсіпкерлерге көмекке бағытталған: олар КҚО және КҚКО-ға жүгініп, бір жыл ішінде осы мамандардың қызметін тегін ала алады», - деп хабарлады ҰКП өкілі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер