astana-view

Себеп белгілі – сот орындаушысының салғырттығы

2016 жылғы 02 Ақпан
- Шымкент қаласы
14083 просмотров

Кәсіпкердің пайдасына меморганнан 12 миллионнан астам теңгені өндіріп алу туралы соттың шешімі алты жыл бойы орындалмай отыр 

Палатаның анықтағанындай, мұның себебі тіпті ұят деуге болады – сот орындаушының салдыр-салақтығы, соның кінәсінен кәсіпкер салық қызметкерлерінің тәлкегіне көніп, осыншама жыл бойы жапа шегіп келеді. 

Жеке кәсіпкер Темірғазы Абылбаев құрылыс материалдарының көтерме-бөлшек саудасымен айналысады.  2008 жылы ол 10 400 куб кесілген материалды ОҚО әкімдігі жанынан құрылған «ТЖ салдарын жою және қалпына келтіру дирекциясы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына жеткізді. Жеткізілім тараптар арасында қол қойылған келісім негізінде жүзеге асырылды. МҚК жеткізілім үшін есептесті, бірақ толықтай төлемеді. Кәсіпкер сотқа шағым түсірді. Сот оның талабын қанағаттандырып, МҚК-нан кәсіпкердің пайдасына 12 млн 200 мың теңге өндіріп алу жөнінде қаулы шығарды. Былай қарағанда, әділеттілік орнаған сияқты. Бірақ...  

ОҚО сот актілерін орындау департаменті сот шешімін орындауға асықпады. Оған қоса, сот орындаушылары, кейіннен анықталғандай, бизнесменді кәдімгідей ақымақ қылды: біресе заңды мекенжайында борышқор жоқ болып шықты, біресе борышқордың есеп шотында қаражат жоқ, енді бірде ол банкрот деп танылған, не болмаса орындау парағы конкурстық басқарушыға жіберілген, ақыр соңында, тіпті МҚК ОҚО әкімдігінің шешімімен жойылған болып шықты.

Осы жылдар бойы мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкерге маза бермей, салық төлеуге мәжбүрледі, ал ЖК-ден тауарды алып алған МҚК онымен есептесуге мүлде асықпады.

Кәсіпкер соңғы инстанция ретінде ОҚО кәсіпкерлер Палатасына келді. Палата сарапшылары дербес тергеу жүргізіп, мына жайтты анықтады: мұның бәрі кәдімгі немқұрайдылықтың, салғырттықтың салдары, бірақ оны кім істеп отыр, белгісіз: атқару парағы не болмаса жоғалған (бірақ сот орындаушысы жоғалтты ма, жоқ, конкурстық басқарушы ма, түсініксіз), не болмаса сот орындаушылары жай ғана сот шешімін орындағысы келмеген. 

Соның арасында борышқор банкрот деп танылмағаны анықталды, себебі салық органының МҚК-ны банкрот деп тану туралы өтінішін экономикалық сот қанағаттандырмаған. МҚК-ның сол сәттегі активтері болса, сот шешімінен белгілі боп тұрғандай, Т.Абылбаев ЖК алдындағы берешектің мөлшерінен үш еседей асып түскен.  

ОҚО әділет депатраментіне ұсынылған мәліметтерге сәйкес, сот орындаушы Д.Абилова жұмыстан босатылған кезде, атқарушылық ісін басқа сот орындаушысына акті бойынша тапсырмаған және оны мұрағатқа өткізбеген.

Палатаның қолдаухатымен Шымкент қаласы сот орындаушыларының әл-Фараби аумақтық бөлімінің жетекшісі атқару парағын қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдады.

Палата сарапшылары облыс прокуратурасына прокурорлық жедел жауап қату шараларын қабылдау және сот шешімін орындауға ықпал ету туралы хат жолдады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер