astana-view

Туризмдегі сақтандыру

2016 жылғы 04 Ақпан
13035 просмотров

Туризмдегі түйткілді мәселелерді туристік және сақтандыру салалары бірлесе шешпек

Бұл мәселе Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығы (ҚТАҚ), Қазақстанның туристік қауымдастығы (ҚТҚ), сақтандыру компаниялары мен өзге де қызығушылық танытқан ұйымдардың қатысуымен өткен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасы туристік сала Комитетінің іскерлік жиынында талқыланды.

ҚТАҚ сақтандыру саласы қызметкерлерін залал жасады деп айыптап, Ұлттық палатаға хат жолдады. Хатта: «Алты ай бойы туристік нарықтың 70%-дайы заңнан тыс әрекет еткен. Сақтандыру компаниялары ашықтан-ашық туристік саланы елемей келеді. Азаматтық-құқықтық жауапкершілік шарттарын жасасқанда орындалуы мүмкін емес талаптарды қою арқылы, оның жүзеге асу рәсімін әдейілеп созып бақты. Біздің сала жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұр, себебі жазғы маусым қарсаңында сақтандыру полисінің жоқтығынан қазіргі туркомпаниялардың көбісі тиісінше жұмыс жасай алмай отыр. Ірі туроператорлар турагенттің сақтандыру полисінсіз шарт жасаспайды» - делінген.

ҚТҚ позициясын Қауымдастық директоры Рашида Шәйкенова жеткізді. Заңнамаға енгізілген өзгертулер түзетулерді қажет етеді. «Заңға енген үш қаржы құралын түзету ұсынылды: банк кепілдігі арқылы қаржылық қамсыздандыру, қор құру және сақтандыру. Біздің ойымызша, олардың әрқайсысы қосымша пысықтауды қажетсінеді», – деп мәлімдеді ол.

Сонымен бірге Р.Шайкенова қауымдастықтың қор құру бастамасын қолдайтынын айтты. «Банк кепілдігі арқылы қаржылық қамсыздандыру мәселесіне келер болсақ, бүгінгі күні бұл құралды жүзеге асыруға біздегі нарықтың шамасы келмейді. Біздің нарықтың банктермен банк кепілдігі жөніндегі жұмыс тәжірибесі мол. Бұл, бір жағынан, бұғатталған ақша болатын болса, екінші жағынан, шағын және орта кәсіпкерліктің кепіл ретінде ұсына алатын жекеменшік тұрғын үйінен басқа жылжымайтын мүлкі жоқ. Елдің қазіргі экономикалық хал-ахуалын, туристік сұраныстың 70-80%-ға кемуін есепке алар болсақ, нарықтың мұндай банк кепілдігін қамтамасыз ете алмайтыны анық. Нарыққа реттеуші ықпал етуді талдау нәтижелерінен туристік қызмет көрсету саласындағы шағын және орта кәсіпкерліктегі жұмыс орындарының қысқаруын көреміз, мұны қазірдің өзінде байқауға болады. Бүгінгі күні ҚТҚ мүшелері болып саналатын компаниялардың 12%-ға жуығы өз қызметін тоқтатқан»,– деп хабарлады ол.

Сонымен бірге Р.Шайкенова банк кепілдігі құралы турөнім құнының өсуіне әкелетінін тілге тиек етті.

Сақтандыру компанияларының өкілі «СТКҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ержан Қоңырбаев, өз кезегінде, «сақтандыру саласы өзге саланың кемшін мәселелерін шешуге өз ақшасын жұмсамайтынын» мәлімдеді. «Сақтандыру компаниялары алдағы уақытта сот қызметкерлері тарапынан түсініспеушіліктің туындауынан, олардың заң нормаларын бұрыс түсіндіруінен қауіптеніп отыр. Екінші бір нәрсе, біз жалпы бұл түзетулердің туркомпаниялар көңілінен шықпайтынын түсініп отырмыз. Жүйелі шешімнің жоқтығынан бұл жағдай әлі де жалғасып келеді. Заңнамаға енгізілген түзетулер «Сақтандыру туралы» заңның өзіне енбей отыр. Сондықтан да сақтандыру компанияларының сақтандырудан бас тартып отырғаны орынды. Компанияны өзін-өзі шығынға батыра жұмыс жасауға мәжбүрлеу еш қисынға келмейтіні анық. Сондықтан сақтандыру компанияларына залал жасады деп айып тағу дұрыс емес»,– деді ол.

Жиынның модераторы, ҰКП туристік сала Комитетінің төрайымы Роза Асанбаева «EXPO-2017» көрмесі қарсаңында орын алып отырған бұл жағдай «ішкі және кірме туризмді құлдыратуы» мүмкін екендігін жеткізді.

Кәсіпкер, «Eurasian Express» туркомпаниясының басшысы Наталья Жуланова қолданыстағы «Туроператор мен турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заңның күшін жою туралы ұсыныс айтты.

Жиынды қорытындылай келе, Р.Асанбаева жұмыс тобы аясында туристік саланы да, сақтандыру саласын да қанағаттандыратын ортақ бір шешімге келу қажет екенін атап айтты. «Сақтандыруды ерікті ету керек. Қауымдастықтар тез арада бұл жұмыс тобына өз үміткерлерін қосу керек. Тездету керек. Бірінші наурызға дейін біз шешім қабылдауымыз керек», – деді ол сөз аяғында. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер