astana-view

Ұлттық табиғи парк жерлері туризмді дамытуға берілмек

2016 жылғы 16 Ақпан
15210 просмотров

Отандық кәсіпкерлер елдің айрықша қорғалатын табиғи аумақтарында туризмді дамыту жобаларымен танысты

Жер телімін кәсіпкерлерге беру туралы мәселе жақында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өткен жыл сайынғы Алматы кәсіпкерлері конференциясында көтерілгенін айта кетейік.

Осыған байланысты Палата ұлттық парк аумағындағы жер телімдеріне туризм нысандарын салуға рұқсат беру құзіретіне ие Ауыл шаруашылығы министрлігінен анағұрлым толық ақпарат беруді сұрады.

Ауылшаруашылық министрлігінің хабарлауынша, биыл қаңтар айының соңында  Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті бизнес-қоғамдастықты Өскемен, Шымкент, Алматы қалаларында және Ақмола облысы Зеренді ауылында айрықша қорғалатын аумақтарда туризмді дамыту жобаларымен таныстырған. Кәсіпкерлерге туризмді дамыту мақсатында ұзақ және қысқа мерзімді жалға берілетін жер телімдері жөнінде ақпарат берілді. Ұлттық табиғи парктер қатарындағы Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі және «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты бизнес-қоғамдастыққа ұзақмерзімді пайдалануға берілетін жалпы ауданы 225,1 га болатын 50 жер телімі мен қысқамерзімді жалға берілетін жалпы ауданы 8 га 9 жер телімін көрсетті.

«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ұйымдастырған тендер нәтижесінде кәсіпкерлерге ұзақмерзімді пайдалану үшін жалпы ауданы 27,2 га болатын 3 жер телімі беріліп үлгерген. Сонымен бірге, Комитет: «Сырдария-Түркістан» МӨТП бойынша – жалпы ауданы 11 га тең 2 жер теліміне, «Көлсай көлдері» МҰТП бойынша – жалпы ауданы 2,8 га болатын 2 жер теліміне, «Жоңғар-Алатау»  МҰТП бойынша – жалпы ауданы 6,5 га болатын 4 жер теліміне, «Бұйратау» МҰТП бойынша – жалпы ауданы 3 га 1 жер теліміне тендер жариялап отыр.

Комитетте «Бурабай» МҰТП жер телімдері  (Ақмола облысы) бойынша тендерлік құжаттама дайын екенін хабарлады. Оларды туризм нысандарын салуға пайдалану үшін ұзақмерзімді пайдалану тендері барысында алуға болады. Ақпан айының соңында құжаттама бекітіліп, наурыз айында тендер өткізу туралы жария етіледі.

Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру және ондағы жер телімдеріне құрылыс нысандарын салуға рұқсат беру ережелеріне өзгерістер енгенін айта кету керек. Жекелей алғанда, ұлттық парктің тендерлік құжаттама бойынша өкілетті органнан келісім алуы және тендерлік комиссия құрамына ҮЕҰ өкілдерін қосу нормалары алып тасталды.

Сонымен бірге әкімшілік процедураларды қысқарту мақсатында қолданыстағы заңнамадан эскизге (эскиздік жоба) келісім алу туралы және мемлекеттік ұлттық табиғи парктер телімдерін құрылыс нысандарын салу үшін пайдалануға рұқсат беру туралы норманы алып тастау ұсынылды. Табиғатты пайдаланушы эскизді тендерлік құжаттаманы өткізу кезінде ұсынады деп күтілуде.

«Атамекен» Палатасы бұдан кейін де ұлттық табиғи парк жер телімдерін туристік нысандар құрылысы үшін беру мәселелерін бақылауда ұстамақ ниетте.

Ақмола облысындағы айрықша қорғалатын аумақтарда туризмді дамыту жобаларын осы жерден табуға болады.

Шымкент қаласындағы айрықша қорғалатын аумақтарда туризмді дамыту жобаларын осы жерден табуға болады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер