astana-view

Қалдықтарды қайта өңдеуде қиындықтар көп

2016 жылғы 23 Ақпан
20908 просмотров

ҰКП-да өндірушілер мен импорттаушыларға қойылатын талаптар қатарын кеңейту мәселесі талқыланды 

«Атамекен» ҚР ҰКП дөңгелек үстел басына мемлекеттік органдар мен қалдықтар бойынша жұмыс істейтін кәсіпорын өкілдерін, тауар өндірушілер (импорттаушылар) мен салалық қауымдастық және ҮЕҰ, сондай-ақ «ӨКМ (өндірушілердің кеңейтілген міндеттері) Операторы» ЖШС қызметкерлері жиналды. Барлық ұйым Қазақстанда өндірушілердің кеңейтілген міндеттері (ӨКМ) жобасын енгізу бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты.

Қазақстандық қалдықтарды реттеу қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мустафинаның сөзінше, бүгінгі таңда ӨКМ заңды түрде енгізілген, енді оны іске асыру қажет. Бірінші болып көліктер утилизациясынан бастау туралы шешім қабылданған. «Автокөліктердің әлі де іске жарамды қосалқы бөлшектері немесе пластик, әйнек, металл, шина сияқты жеке бөліктерін осы салада өзге мақсаттарға қолдануына болады», – деді Мустафина.

Ақпараттық-коммуникациялық технология және «жасыл экономика» комитеті хатшылығының басшысы Нұрлан Бөкейхановтың келтірген статистикасы бойынша, Қазақстанда қалдықтарды кәдеге жарататын 1426 кәсіпорын бар, оның 80-нен астамы салықты уақытында төлейді. «KazWaste берген мәліметке сүйенсек, елімізде ескі көліктерді қабылдайтын 3 кәсіпорын бар. Бірақ, бұл жеткіліксіз, сондықтан да ескі көліктер қоршаған ортаға зиянын тигізіп, ауаны ластайды. Міне, сол себепті ӨКМ енгізілді. ӨКМ – жарна. Яғни, импорттаушылар мен тауар өндірушілердің оператор – жеке кәсіпорынға төлейтін ақысы. Ол оператор қалдықтарды пайдаға асыру бойынша өзге кәсіпорындармен байланыста жұмыс істейді», – деп хабарлады.

Сондай-ақ, Бөкейханов ҰКП-ның қазақстандық кәсіпорындарға ӨКМ орындайтын оператор жұмысына тікелей араласуға мүмкіндік берілуіне мүдделі екенін атап өтті. «Қазіргі уақытта операторлар басты орында тұр. Себебі, бұл пилоттық жоба. Оған қоса, бұл кәсіпорындарды нарықтан ысырып тастауға болмайды, белгілі бір стандарттар іске қосылған соң оларды ӨКМ жүйесіне қосып, ұзақмерзімді келісім-шарт жасау керек деп ойлаймыз», – деді Палата өкілі.

«Біздің негізгі мақсатымыз – ӨКМ жобасын кәсіпорындардың дайындығына қарап, қиындық тудырмайтындай жағдайда енгізу.

Бөкейхановтың сөзінше, қалдықтарды қайта өңдеу нарығының аяғына екі нәрсе тұсау боп келген. Біріншісі – утилизацияға қажетті жағдайдың жасалмауы, екіншісі – ынта-жігердің болмауы. «Біздің кәсіпорындар қайталама шикізатты қолдануға аса құлық танытпайды. Ал енді 30% қайталама шикізатты қолданатын өндіріс орны ӨКМ төлемінен босатылады», – деді.

ҚР Энергетика министрлігі қалдықтарды басқару департаменті директоры Жан Нұрбеков өз кезегінде Қазақстанда жыл сайын 5-6 тонна тұрмыстық қалдықтың шығарылатынын, оның тек 90 мың тоннасы, яғни, 2%-ы қайталама шикізатқа айналатынын айтты. Қалған қалдықтардың бәрі полигондарға көміледі. «Қазір Қазақстан үшін басты міндет – қайта өңдеу көлемін арттыру. Егер 5-6 тоннадан 40% қайта өңдейтін болсақ, ол 48 млрд теңгедей болады», – деді Нұрбеков.

ҚР Инвестиция және даму министрлігі Индустриалды даму мен өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті машина жасау басқармасының жетекшісі Серік Рахимов Қазақстанда ескі көліктердің шамадан тыс көп екенін айтты. Тозығы жеткен көліктердің 70%-ы 10 жылдан бері пайдаланылып келеді. Оның сөзінше, ӨКМ тек экологиялық мәселелерді шешіп қоймайды, Қазақстанның ЕАЭО шеңберіндегі қарым-қатынасын жеңілдетеді.

«Біз тең жағдайда жұмыс істеп отырған жоқпыз. Оны түсінеміз. 4 жылдың ішінде біз Ресей мен Белоруссияға бірде-бір жаңа көлік шығармадық. Олар утилизациялық тазалау өткізді. Ал бізде оған балама механизм болмады. Ортақ нарықта отырсақ та, ол шарттарды қолдана алмадық. (...) Бұрын Ресей елімізге көліктің 61%-ын импорттайтын. Енді мұның көлемі азаяды деп үміттенеміз», – деді ол.

Сонымен қатар, Нұрбековтің ойынша, Қазақстанда қайталама шикізатқа деген сұраныс одан дайын өнім шығаратын кәсіпорын пайда болғанда ғана өседі. «Ол кезде жүйе жақсы жұмыс істей бастайды. Біз ұсақ-түйектің бәрін – Қазақстанға тауар әкелінген немесе өндірілген кезден бастап оның қайта өңдеуіне дейінгі аралықты жақсылап ойластыруымыз керек. Біз ол қайталама шикізатты қайда жібереміз, осы мәселенің дұрыс шешімін қарастыруымыз қажет»,– деді ол.

Ал Вера Мустафина қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға жағдай жасау керегін айтып, қарсылық білдірді. «Себебі, тиімділік әлеуетке байланысты. Біз қолда бар кәсіпорындарды қалдықтарды қайта өңдеуден бастап дайын шикізат жасап шығаруға дейін үйретуіміз керек. Міне, сол кезде тиімділік арта түседі», деп мәлімдеді Мустафина.

Қызу пікірталас соңында ӨКМ жобасын енгізу мақсатында жұмыс тобы құрылатын болды.

Оған қоса, ҰКП ӨКМ операторлары мен қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорындары арасында ұзақмерзімді келісім-шарт жасауды ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер