Кәсіпкерлер неліктен наразы?
«Атамекен» ҚР ҰКП Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) қағидатын енгізу кезең-кезеңмен, тиянақты және ашық жүргізілуі тиіс деп санайды
ӨКМ – Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қағидаттарын енгізу мәселелері жөніндегі пікірталастар ҰКП отырысында қызу талқыланды, оны модератор «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев жүргізді.
Талқылауға ҚР Энергетика министрлігі Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Жан Нұрбеков, «Оператор РОП» ЖШС-нің басқарушы директоры Рустам Темірбеков, мүдделі өндірушілер мен импорттаушылар, сондай-ақ PBN Hill+Knowlton Strategies және Tetra Pak халықаралық сарапшылары Башир Чалаби, Анна Таранцова қатысты.
Баршаға мәлім, 2016 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан Республикасында өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері, қысқаша – ӨКМ (қалдықтарды кәдеге жарату алымы) қағидаты енгізілген болатын, ол биылғы жылдың 28 қаңтарынан жұмыс істей бастады. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы «Оператор РОП» ЖШС болып табылады.
ӨКМ – бұл Қазақстан территориясында өндіріспен айналысатын немесе ел территориясына ӨКМ-не қатысы бар, тауарлардың тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқаннан кейін пайда болатын қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу, зарарсыздандыру, пайдалану және кәдеге жаратуды қамтамасыз ету жөніндегі өнімдерді алып келуді іске асыратын жеке және заңды тұлғалардың міндеттемелері. Басқаша айтқанда, бұл өндірушілер мен импорттаушылар жеке кәсіпорын-операторға төлейтін алым.
Енгізудің бірінші кезеңінде ӨКМ автокөлік құралдарын, шиналарды, доңғалақ қаптарын, резина бұйымдарын, электр аккумуляторларын, оларға арналған сепараторларды, мотор майларын, тежеуіш сұйықтықтарын, антифриздерді қамтиды.
Ал, енді ӨКМ-ні кеңейту ұсынылып отыр, демек, кәдеге жарату алымын басқа салада жұмыс істейтін өндірушілер мен импорттаушылар да төлеуі тиіс.
«Бастапқыда өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қамтитын тауарлар тізілімінің жобасында 1500 тауарлық топ көрсетілген болатын. Оған дайын өнімдер, тауарлар, сондай-ақ өнім өндіру үшін пайдаланылатын шикізат пен жатылай фабрикаттар кірді. Бұл бір тауарға оны өндіру процесінде бірнеше рет кәдеге жарату алымын салуды білдіреді. Талқылау нәтижесінде 38 тауарлық топтан тұратын тауарлардың ақырғы тізімі құралды – бұл автокөліктер мен олардың толымдаушылары, аккумуляторлар, майлар, шиналар. Бірақ, бұл соңғы тізілім емес, алдағы уақытта оны ұлғайту көзделген. Бәлкім, 2017 жылдың өзінде-ақ тізілім едәуір ұлғаятын болады», – деп түсіндірді Нұржан Әлтаев және тізілімге кіруі ықтимал үміткерлер деп қаптама және тағам өнеркәсібі кәсіпорындарын атап өтті.
ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, ӨКМ төлемақысы өндірушілер мен импорттаушыларға қосымша қаржылық және әкімшілік жүктеме салуы мүмкін деп есептейді, бұл, өз кезегінде, соңғы өнімнің 15%-ға дейін қымбаттауына әкеп соғады. Міне, сол себепті ҰКП қазіргі экономикалық жағдайда тізілімді кеңейтуге болмайтынын бірнеше рет айтқан болатын. Әсіресе, бұл сүт пен нан сияқты әлеуметтік маңызды тауарларға қатысты. ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша тауарлардың мұндай топтары олардың бағасының көтеріліп кетуінен сақтану үшін ӨКМ төлеуден босатылады.
Алайда, ҚР Энергетика министрлігі Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Жан Нұрбеков мәлімдегендей, ӨКМ тізімі бәрібір де кеңейтілетін болады. Мемлекеттік органның өкілі қазіргі сәтте қаптамаларды кәдеге жаратудың құны туралы мәселе шешілуде деп атап өтті. «Мақсатты көрсеткіштерге келетін болсақ, бұл ертеңнен бастап біз барлығын «қанша өнім шығардың – соншасын кәдеге жаратасың» деген қағидамен мәжбүрлейміз дегенді білдірмейді», – деп түсіндірді Жан Нұрбеков. Оның айтуынша, қазір мәселе қаптамаларда емес, керісінше, батарейкалар, электронды және электр құрал-жабдықтары тәрізді анағұрлым қауіпті заттарға баса назар аудару қажет.
Осы ретте, ҰКП Адам капиталын дамыту департаментінің директоры Олжас Ордабаев, қазіргі экономикалық жағдайларда кәдеге жаратуға жататын тауарлар тізілімін кеңейту мәселесіне өндірушілердің, импорттаушылардың бүкіл шығындарын есепке ала отырып, өте сақтықпен келу қажет деп санайды.
Олжас Ордабаев ӨКМ операторы қызметінің ашықтығына, сондай-ақ бизнесті мазалайтын мәселелерге назар аударды, атап айтқанда, қалдықтарды жинауды, тасымалдауды және кәдеге жаратуды іске асыратын тұлғалардың қызметіне ақы және өтемақы төлеу тетіктерінің, мақсатты индикаторлардың болмауы. «Кәдеге жарату алымы өндірілген немесе импортталатын тауардың қандай бөлігі үшін төленетінін айқын ұғып алу қажет. Алым жүйесін қолданудың өзіне қатысты да нақты мәселелер бар. Кәдеге жарату алымын бірнеше рет салудың нақты тәуекелдері де жоқ емес», – деді ол.
«Оператор РОП» ЖШС директоры Рустам Темірбеков, өз кезегінде, ҰКП көтерген бизнес-қоғамдастықтың кейбір мәселелеріне жауап беруге тырысты. «Біз ӨКМ-нің түрлі елдерде енгізілу тәжірибесіне талдау жүргіздік, оның ішінде Еуропа, Кедендік одақ елдері бар. Оператордың қызметінің ашықтығын және біздің есепшоттарға келіп түсетін қаражатты пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатымен, сондай-ақ кәдеге жарату саласындағы ШОБ-ты дамыту үшін біз кәдеге жарату үшін өтемақы төлеуді конкурстық негізде іске асыруды ұсынамыз», – деді ол.
Екі рет алым салудың тәуекелі жоғары екендігін халықаралық сарапшы Башир Чалаби атап айтты. Оның пікірінше, тізілімге шикізат пен жартылай фабрикаттарды енгізу бір тауарға оны өндірудің түрлі сатысында бірнеше рет кәдеге жарату алымын салуға әкеп соғып қана қоймай, сонымен бірге ол Қазақстанда және одан тыс жерлерден шикізат пен жартылай фабрикаттар сатып алатын қазақстандық өндірушілерді кемсітушілікке ұшыратады (соңғы тауармен және оны қаптауға ғана қатысы бар дайын өнімді импорттаушыларға қарағанда).
Tetra Pak компаниясының өкілі Анна Таранцова Украинаның тәжірибесімен бөлісті. «Бүгінде қоқыс үйінділері мен полигондарда қатты тұрмыстық қалдықтардың 96%-ға жуығы жатыр. Тек 2013 жылдың өзінде 13 миллион тоннадай болды. Ал, оның 4%-дайы ғана қайта өңделеді және де 2%-ға жуығы өртеледі, ал, еуропалық елдердің басым көпшілігінде ҚТҚ-ны көмуге тыйым салынады, қалдықтардың дені қайта өңделеді. Украинадағы проблема мынада, шын мәнінде, елде бөлек-бөлек жинау инфрақұрылымы мен осы саладағы қажетті заңнама жоқ. Жұмыс істеп тұрған сұрыптау орталықтарының тиімділігі төмен, ал олардың саны тым аз, – деді ол. – Соның нәтижесінде ҚТҚ құрамында 80%-ға дейін кездесетін және қайталама шикізаттың көзі немесе энергетикалық мақсатта қолдануға болатын құнды компоненттер үйінділер мен полигондарда бостан босқа, қоршаған ортаға зиянын тигізіп шіріп жатыр. Ал, көптеген жылдар бойы импорттаушылар мен қаптамадағы тауар өндірушілерден жиналып келген алым түріндегі ақшаны монопольды оператор тиімсіз пайдаланып келген».
Оператор-компанияның басшысы, кәдеге жарату алымын енгізуге байланысты қосымша шығындар жайында бизнестің қауіптенуі түсінікті деп атап өтті. «Бәлкім, әуел бастан ӨКМ көлік құралдарына қатысты енгізілгендіктен болса керек, онда мөлшерлеме де тым жоғары, бұл фактор ӨКМ-нің көптеген қатысушыларын үркітіп жіберді. Қазір ӨКМ-ні қаптамаға қатысты енгізу мәселесі пайда болды, баршаны тарифтер мәселесі қызықтырады. Қаптаманың түреріне қойылатын мөлшерлеменің белгілі бір дәлізі бар. Біз өнім бірлігінің құнын қайта есептеп шықтық. Егер де Кедендік одақ елдерінің мөлшерлемесін пайдаланатын болсақ, кәдеге жарату төлемінің құны кейбір тауарлар бойынша тіпті 0,5%-дан аспайды да. Мысалы, пластикалық шөлмектер үшін кәдеге жарату алымы 40 теңге 50 тиын болады», – деді Р.Темірбеков.
Осы ретте, «Эфес Казахстан» сыра қайнату компаниясының Мемлекеттік органдармен және БАҚ-пен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Шыңғыс Қаскеев, ӨКМ саласында монополистің, яғни бірыңғай оператордың қажеті жоқ деп санайды. Оның айтуынша, ол тек бүкіл өндірушілер мен импорттаушыларға өзінің шарттарын қойып отыратын болады.
«Біз өндірушілер мен импорттаушылар өздерінің ӨКМ операторларын құру құқығына ие болуын қалаймыз. Жалпы, ӨКМ қағидаты мынадай қағидаларға сәйкес құрылуы тиіс: мемлекет тек нормативтерді айқындайды және олардың орындалуын қадағалайды, қалған аспектілердің бәрін нарық пен бизнес реттеуі тиіс», – деп мәлімдеді Ш.Қаскеев.
Талқылау қорытындылары бойынша қатысушылар бір бәтуаға келді: ҚР-да ӨКМ-ні енгізу кезінде келесі қағидалар сақталуы керек: ӨКМ-ге жататын өнімдер тобын кәдеге жарату алымын екі рет салуды болдырмау мақсатында біртіндеп анықтау; халықаралық тәжірибені ескеру – ӨКМ-нің «қоршаған ортаны ластаушы ақы төлеуі тиіс» деген негізгі халықаралық қағидасын сақтау; ӨКМ-ге байланысты нормативтік актілердің жобаларын оларды әзірлеудің бүкіл сатысында кәсіпкерлермен бірге талқылау және реттеуді әзірлеудің ашықтығы. Сондай-ақ, ӨКМ-ні іске асыруда нарықтық әдістерді енгізу ұсынылады, яғни компанияда тәуелсіз қайта өңдеуші компаниялардың қызметін пайдалана отырып, кәдеге жаратуды іске асыру құқығы болуы тиіс.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: