astana-view

Бизнестің бәсекеге қабілеттілігі – ел дамуының көрсеткіші

2016 жылғы 02 Наурыз
- Павлодар облысы
13385 просмотров

Бүгін Кәсіпкерлер палатасы мен Әділет департаменті арасындағы өзара әрекеттестік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Мақсаты – Әлемдік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша Қазақстан рейтингін көтеруге бағытталған бірлескен әрі келісілген әрекеттерді іске асыру.

Рейтинг анықтауда «Меншік құқығы», «Әкімшілік реттеуді даулау кезіндегі заңнама тиімділігі», «Даулы мәселелерді шешу кезіндегі заңнама тиімділігі», «Зияткерлік меншікті қорғау» индикаторлары есепке алынады.

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Райхангүл Сатабаеваның айтуынша, меморандум елді ЖБИ рейтингінде ілгерілету бойынша шаралар кешенін жүзеге асыруға септігін тигізеді.

«Экономика дамуының басты факторы болып бизнестің тұрақты әрі сенімді өрлеуі саналады. Бұл фактор Қазақстанның әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингіне тікелей ықпал етеді. Тұтастай алғанда, ЖБИ 119 көрсеткіш бойынша, оның ішінде 34-і статистикалық деректер арқылы есептелсе, қалғаны елдегі ірі және орта кәсіпорындар басшыларынан сауалнама алу арқылы анықталады. Осылайша, кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету рейтингтің жоғарғы орындарына жайғасу үшін маңызды негіз болып тұр. Кәсіпкерлер палатасы елдегі кәсіпкерліктің кедергісіз дамуын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырмақ», – деді Сатабаева.

Облыстық Әділет департаментінің басшысы Ардақ Қаңтарбаев, өз кезегінде, Өңірлік палатамен меморандумға қол қою арқылы өңірдің бизнес-қоғамдастығымен тығыз ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік туатынын айтты.

«Кәсіпкерлер палатасы бизнесті дамытуда мемлекеттік органдардың тең құқылы серіктесі болып отыр. Осыған байланысты біз екіжақты меморандумға қол қою туралы бастама көтердік. Келісім арадағы ынтымақтастықты нығайтып, бизнесмендер, Палата сарапшылары мен әділет органдары өкілдері бірлесе күш салу арқылы кәсіпкерлікті дамытуға арналған сапалы заңнама жасауға үлес қоса алатын пікірлесу алаңын құрады», – деп түйіндеді Қаңтарбаев. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер