astana-view

Қысым астындағы бизнес

2025 жылғы 11 Желтоқсан
- Алматы қаласы
123 просмотров

«Мемлекеттік аппарат әрбір кәсіпкерді ықтимал құқық бұзушы ретінде қарастырмауы тиіс», – деп атап өткен болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Алматыда өткен баспасөз конференциясының басты өзегі де осы ой болды. Іс-шарада кәсіпкерлердің қылмыстық істерге заңсыз түрде тартылуы мәселесі талқыланды. Кездесу Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өтті, Палата мұндай жағдайларды жүйелі түрде сүйемелдеп, құқық қолдану тәжірибесінің дұрыстығын қамтамасыз етуге күш салып келеді.
 

Палата директорының орынбасары және Алматы қаласы бойынша бизнес-омбудсменнің өкілі Мейрамбек Қаныбековтің айтуынша, мұндай сигналдарға ден қою – күнделікті жұмыс. «Кәсіпкерлердің қылмыстық процестегі құқықтарының бұзылуына қатысты кез келген мәліметті қарап, шара қолданамыз. Алматыда азаматтық дауды шешудің орнына бизнесті қылмыстық қудалауға тарту деректері өте көп», – деді ол. Оның айтуынша, мұндай қысымның салдары адамдар мен олардың отбасылары үшін тым ауыр болуы мүмкін.

Қатысушылар бизнес-омбудсмен Қанат Нұровтың пікірін де еске салды. Оның айтуынша, қылмыстық істердің шамамен 97 пайызы айыптау үкімімен аяқталады, бұл тергеудің объективтілігі мен сот пен прокуратураның шынайы тәуелсіздігіне күмән туғызады.

Кездесуге қатысқан кәсіпкерлер мәселенің ауқымын өз тәжірибелері арқылы растады. «Halyk AgroTrade» компаниясының бұрынғы операциялық директоры, екі жылдан астам уақыт қамауда болып, қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталған Денис Квиташ: «Өте көп кәсіпкерлер дәлелсіз отыр. Бас прокуратураның бизнеске араласпау туралы тікелей тапсырмасына қарамастан, заң сақталмайды», – деді. Оның айтуынша, бұл жекелеген жағдайлар емес, ұлттық деңгейде жүйелі сипат алып отырған құбылыс.

Құрылыс саласында 30 жылдан астам еңбек етіп жүрген кәсіпкер Тимур Ижановтың сөзі де ерекше назар аудартты. «Мен екі заңды тұлғаның арасындағы қарапайым азаматтық дауға қатысты істе 14 ай бойы заңсыз СИЗО-да отырдым», – деді ол. Сондай-ақ, қылмыстық қудалаудың жиі қысым көрсету немесе есеп айырысудың құралына айналып отырғанын атап өтті. Ол маңызды жаңалықты да хабарлады: Алматы қалалық соты оның үкімін бұзып, істі прокуратураға қайта қарауға жіберген. Қатысушылар бұл шешімді осындай істерді қарау тәсілдерін шұғыл қайта қараудың қажеттігін көрсететін маңызды белгі деп бағалады.

Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлер Президентке ашық үндеу дайындауға кіріскендерін мәлімдеді. Онда құқық қорғау органдарының әрекеттеріне бақылауды күшейту, қылмыстық істерді объективті қарауды қамтамасыз ету, сондай-ақ негізсіз іс қозғау мен заңсыз шешімдер үшін нақты жауапкершілік тетіктерін енгізу жөнінде өтініш білдірілмек. Кездесуде Президент Тоқаевтың тағы бір маңызды сөзі келтірілді: «Бас прокуратура кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау орбитасына негізсіз тарту фактілерін дереу тоқтатуы тиіс. Кәсіпкерлер мен инвесторлар сыбайлас жемқорлық қысымынан қуатты қорғанысты сезінуі қажет». Бизнес-қоғамдастық бұл сөздердің бүгінгі күні ерекше өзекті екенін және жедел, жүйелі шешімдерді талап ететінін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер