astana-view

Астана – кәсіпкерлердің қаласы

2016 жылғы 02 Наурыз
10214 просмотров

Елордада кәсіпкерліктің дамуы ең жоғарғы көрсеткішке жетті

Қазақстан Республикасының астанасы шағын және орта бизнесті дамыту деңгейін сипаттайтын негізгі көрсеткіштер бойынша көш бастап келеді. Бүгін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков осындай мәлімдеме жасады.

«ЖІӨ-дегі ШОБ үлесін 50% көлеміне жеткізу міндетіне қазірдің өзінде қол жеткіздік. Қазір ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 61%-дан асты», – деп атап көрсетті Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков Астана кәсіпкерлерінің жыл сайынғы ІІІ конференциясы барысында. Ә.Жақсыбековтің мәліметтері бойынша, бұл көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында 38,8%-ды, Алматыда 34%-ды құрайды. Әкім бұл көрсеткішке ұлттық компаниялар мен ірі кәсіпорындар кірмейтінін атап айтты. «Кейде осының бәрі республикалық кәсіпорындар мен ұлттық компаниялардың есебінен бе деген күмән туады. Олардың жалпы өңірлік өнімді дамытудағы үлесі өнеркәсіптен көрініс тапқан, бұл 3%-ды құрайды. Ұлттық компаниялардың кірістерінің барлығы тікелей Ұлттық қорға және республикалық бюджетке кетеді. ЖІӨ құрылымындағы 61% –  бұл шағын және орта бизнестің үлесі», – деп түсіндірді әкім.

«Тұтастай алғанда, біз қазір Астана мемлекеттік қызметкерлердің қаласы деген таптаурын көзқарасты өрістетіп жүрміз. Ал, шын мәнінде, бұл өзіне өзі жеткілікті, өз шығындарын өзі өтеуге ұмтылатын, дамыған бизнестің қаласы. 2015 жылы Астана дәл осы жергілікті бюджеттің доноры болды», – деп қосты әкім.

Ә.Жақсыбековтің деректері бойынша, «тікелей республикалық бюджетке және Ұлттық қорға түсетін 850 млрд. теңге салықтың 600 миллиарды ірі компаниялардан келеді». «Қалғаны – біздің жергілікті бюджет. Астана өзін өзі қаржыландыратын қалаға айналды, ол өзі қаражат табады, өзін өзі қамтамасыз етеді және еліміздің экономикасын дамытуға елеулі үлес қосады», – деді әкім.

Ә.Жақсыбековтің айтуынша, Астана несиелерді кепілдендіру бойынша бірінші орын, субсидиялау деңгейі бойынша – екінші орын алады. Бүгінгі күні Астанада 120 000-нан астам  кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, олардың жұмыс істеп тұрғаны – 100 мыңнан асады. ШОБ саласында 83 000 адам жұмыспен қамтылған. «Бұл, іс жүзінде, әрбір үшінші тұрғын», – деп түйіндеді Астана әкімі.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер