astana-view

Юлия Якупбаева: «Біз ЭКСПО-2017 қонақтарын қайда орналастыратынымызды бүгіннің өзінде білуіміз керек»

2016 жылғы 03 Наурыз
11839 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП-да халықаралық мамандандырылған көрме қонақтары мен туристерді қабылдайтын қонақүйлердің, отельдердің дайындығы туралы мәселе талқыланды

Кездесудің модераторы, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева атап өткендей, көрме қонақтарын орналастырудың балама құралдарын да ойластыру қажет. Оның пікірінше, Астана отельдерін міндетті сертификаттау және көрмені көру билеттерін таратудың тетіктерін табу маңызды мәселе болып табылады.

Мәжіліске ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің, «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС,  «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК АҚ өкілдері, қонақүй нарығының өкілдері, Алматы қ. ӨКП, Қарағанды, Ақмола, ОҚО облыстарының өкілдері қатысты.

Туристер қайда түнейді?

Қазақстанның астанасы ЭКСПО-2017 қонақтары мен туристерді қабылдауға қаншалықты дайын, көрменің «қожайыны» елімізге келгендердің бәрін қарсы алып,  орналастыра ала ма?

«Астана Конвеншн Бюро» ЖШС туристік ақпарат бөлімінің бастығы Расул Илимбаев хабарлағандай, Астананың нөмірлік қоры 30 000 жатын-орнын құрайды.

«2015 жылы әкімдік мониторинг жүргізген болатын, және де 2017 жылға қарай Астанада қосымша 24 қонақүй кешенін салу жоспарланып отыр – бұл шамамен 2500 жатын-орын. Сондай-ақ, біз қонақтарды көрме орталығына жақын жерлерге орналастыру нұсқаларын қарастырып жатырмыз. Біздің бұған дейін ботаникалық баққа берілген жер учаскеміз бар. Өкінішке орай, ботаникалық бақ әзірге болмайды, сондықтан біз осы жерде шамамен 10 000 орынға арналған жазғы қалашық орнатуды жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Илимбаев сондай-ақ, Астана қ. әуежайының жаңа терминалы салынып жатқанын айтты. «Егер қазіргі күні әуежай айына 270 000 адамды қабылдай алатын болса, қайта жөндеуден кейін өткізу қабілеті 540 000 адамға артады. Яғни, ЭКСПО өткізу кезеңінде әуежай 3 ай ішінде 1 600 000 адамды қабылдай алады», – деп баяндады ол.

Қонақтарды Алматыда да қарсы алуға дайындық жүріп жатыр, өйткені туристер Қазақстанның осы мегаполисін де көргісі келуі мүмкін.

Қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының өкілі Эльнура Жашимованың айтуынша, өткен жылдың қыркүйек айында Алматы қаласының қонақүй нарығы зерттелген. «Бүгінгі күні бізде 165 қонақүй бар, оның ішінде хостелдер мен жатақханаларды қоса алғанда, нөмірлердің жалпы саны – 7 111, жатын-орын – 11 353. Бұл зерттеуді біз Универсиадаға дайындық шеңберінде жүргіздік, бірақ біз сонымен бірге ЭКСПО-ға да бағдарланатын боламыз», – деп атап өтті ол.

ҰКП Туристік сала комитетінің мүшесі Бауыржан Төлепов жазғы маусым Астана қаласының отельдері үшін онсыз да «күйіп тұратынына» алаңдаушылық білдірді. Бұл уақытта отельдердің толымдылығы 80%-ды құрайды.

Қысқасы, мәжіліске қатысушылардың пікірінше, жоғарыда көрсетілген нөмірлік қор оңтүстік және солтүстік астаналардың ағымдағы қажеттіліктерін толығымен қанағаттандырады. Сонымен бірге, ЭКСПО көрмесін өткізу кезінде жалға берілетін тұрғын жайларды да, салынып жатқан тұрғын үйлерді де іске қосу қажет деп есептейді олар.

Қазақстандық туристік қауымдастық жанындағы Ақпараттық-ресурстық орталықтың үйлестірушісі Айгүл Исағұлова басқа елдердегі сияқты, туристерге арналған жеке адамдардың қонақ үйлерін пайдалануды ұсынады. «Тек қонақ үйлерге арналған стандарттарды әзірлеу және осы кезеңге өз үйлерін, пәтерлерін ұсынатын нарықты зерделеу керек. ҚТҚ-да мұндай стандарттар қазірдің өзінде бар», – деді ол.

ЭКСПО – бұл тек Астана ғана емес…

Туристер баруы мүмкін резервтік қалалар ретінде Қарағандыны, Көкшетауды және Павлодарды қарастыру  ұсынылды.

«Резервтік қала деп біз мүмкіндіктері (автобустық, темір жол бағыттары) бар қалаларды айтып тұрмыз. Біз дәл осы Қарағанды, Көкшетау және Павлодар қалаларын ұсынамыз. Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасы бойынша, ЭКСПО-ға дайындыққа қатысы бар барлық субъектілердің тізілімі жасалады (тізілім 2016 жылдың 1 сәуірінен бастап қолданысқа енгізіледі). Тізілімге резервтік қалалардың жеке базасы кіреді, және де бұл тізілім тұрақты түрде жаңартылып отырады», – деді «ЭКСПО-2017» ҰК АҚ өкілі Даниэль Сержанұлы.

Мәжіліске қатысушылар резервтік қалалар тізіміне Астанаға дейін 1,5 сағатта ұшып келуге болатын қалаларды да қосуды ұсынды.

ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева атап өткендей, «Астанаға көрмеге келуді жоспарлаған әрбір бірінші шетелдік турист Алматыға да міндетті түрде барады. Егер біз резервтік қала ретінде Шымкентті де қарастырсақ, онда туристердің ағыны Өзбекстаннан және т.б. келетіндер саны есебінен ұлғая түседі».

Ю.Якупбаеваның айтуынша, ҰКП Ұлы Жібек жолымен өтетін маршруттарды инвентаризациялау шеңберінде жұмыс жүргізу үстінде.

«Біз кәсіпкерлердің барлық өңірлік палаталарымен бірлесіп турларды құрамыз, соған байланысты бүкіл Жібек жолына толық инвентаризациялау жүргіземіз. Әрбір өңірдің өз визит карточкасы болады, ҰЖЖ-ның бүкіл картасы, барлық нысандар инвентаризациядан өтеді, қоғамдық тамақтандыру нысандары, немесе дәретханалар және т.б. қай жерде жетіспейді, соның бәрі анықталады. Бұл мәселенің бәрімен біз қазір айналысып жатырмыз, содан кейін ақпаратты Астанаға – ЭКСПО-ға жібереміз», – деп атап өтті Ю.Якупбаева.

Отельдегі орынды Интернет арқылы брондауға болады

Онлайн-брондау мәселесі қызу пікірталас туғызды. «Қонуды ойластырған кез келген шетелдік турист интернет-ресурстағы мәліметтерге қарап бос орындардың бар екендігіне қарай бағыт ұстанады. Халықаралық booking ресурстарға Астананың нөмірлік қоры туралы ақпаратты және резервтік қалаларды, сондай-ақ, орналастырудың балама нұсқаларын енгізу маңызды», – деп атап көрсетті ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.  

Орындарды брондауға арналған интернет-ресурстар мәселесі бойынша «ЭКСПО» ҰК АҚ өкілі ЭКСПО сайтында онлайн-брондау сайттарымен бірігу  мүмкіндіктері бар бүкіл ақпарат орналасатынын айтты. Алайда, Рестораторлар альянсының өкілі Жанна Прашкевичтің түсіндіруінше, ақпарат Google, Yandex немесе Yahoo типтес әлемдік іздестіру жүйелері арқылы іздеуге қолжетімді болуы үшін 4 айдан 6 айға дейін уақыт қажет. 

ҰКП Туристік сала комитетінің мүшесі Лаура Ғалиева, өз кезегінде, «қазірдің өзінде интернет-брондау жөнінде атқарылға жұмыстар бар екендігін, олар booking.ru жүйесіне қарағанда, соншалық қымбат емес екендігін» атап өтті.

ЭКСПО билеттері – маусым айында

«ЭКСПО-2017»  ҰК АҚ өкілі Рада Ислямова көрмеге билеттерді қалай сатып өткізуге болатыны жайында айтып берді: «Билеттер ашық және жабық даталы болады. Жеңілдіктер мектеп оқушыларына, студенттер мен зейнеткерлерге беріледі; ардагерлер мен мүгедектерге және 6 жасқа дейінгі балаларға – тегін. Билеттерді сату осы жылдың маусым айында басталады. Туроператорлар үшін билеттің санына қарай жеңілдіктер көзделген».

Астананың қонақүйлерін міндетті сертификаттау мәселесі бойынша ҚР ИДМ ТИД Туристік нарықты реттеу және мониторинг басқармасының басшысы Асылхан Есілов, міндетті сертификаттау қандай да бір жаңалық емес екенін, ол 2008 жылдан бері бар екенін айтты. «Қазіргі уақытта оны енгізу қажеттіліктен туды, себебі отельдер өздерінің санаттарын көтеріп жібереді, ал 4* санаттағы отельді брондаған турист келген кезде тіпті  2* қызметті де ала алмауы мүмкін»,– деді ол.

Кәсіпкерлер сертификаттау рәсімін ашық жүргізу қажеттігін, сондай-ақ, егжей-тегжейлі тетіктерін әзірлеу қажеттігін атап көрсетті. ҚР ИДМ Техникалық реттеу комитетінің өкілі қажетті сарапшы-аудиторлар құрамына ие және сертификаттау құқығы бар аккредиттелген ұйымдар бар екенін растады.

Көрме – жалпыға бірдей ортақ іс

Мәжіліс жұмысын қорыта келе, ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары «стандарттарды жасау, көрмені ұйымдастыруға және өткізуге қатысы барлардың бәрін тарту, интернет-ресурстар жайлы ақпаратты шоғырландыру жұмыстарын дәл қазір жүргізу керек» деп атап өтті, осыған орай ол жүргізілетін жұмысқа бүкіл күш-қуатты біріктіруді ұсынды.

«Әрқайсымыз өз бетімізбен, дербес жұмыс істемей, керісінше, атқарылған жұмыс туралы ақпаратты бөлісіп, бірге жұмылуымыз керек, сондықтан да мен мұны ҰКП алаңында жүргізуді ұсынамын», – деді Ю.Якупбаева  мәжіліске қатысушылардың бәріне қарата.

Таяу уақытта ҰКП-да логистика, қоғамдық тамақтандыру, турмаршруттар, этно-ауылдар, кәдесыйлар өнімдерін дайындау және сатып өткізу және т.б. мәселелер талқыланады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер