astana-view

Кәсіпкер салық инспекторының қателігінен банкрот болуы мүмкін

2016 жылғы 10 Наурыз
13224 просмотров

Трансферттік баға белгілеу бойынша жүргізілген салықтық тексеру нәтижесінде оған 200 млн теңгені құрайтын қосымша төлем есептелген

Бұл мәселе ҚР «Атамекен» ҰКП  Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің кезекті отырысында қаралды. Аталған жағдай туралы зардап шегушінің өзі – «Яссы групп» ЖШС директоры Юрий Камбаров айтып берді.

«2014 жылы компанияға шамамен 200 млн теңгені құрайтын қосымша төлем есептеліп, трансферттік баға белгілеу бойынша салықтық тексерудің актісі ұсынылған болатын. Қосымша төлем сомасы жеткізілім нарығына сәйкес келмейтін нарықтық бағалар көзін қолдану есебінен ғана пайда болған. Трансферттік заңнамаға сәйкес, нарықтық бағалардың бес дереккөзі бар, олар өзара жеткізілім ауқымына қарай бөлінген. Демек, экспорттың ресейлік нарығы үшін ресейлік дереккөз қолданылады. «Яссы-групп» компаниясы 2011 дылы Ресейге шамамен 3600 тонна мақта талшығын экспорттаған. Өз есептерінде компания бекітілген ресейлік дереккөзді пайдаланған. Алайда салық инспекторы мұны назарға алмай, нарықтық бағаларды есептеу үшін, ливерпульдік дереккөзді қолданған»,– деп хабарлады ол.

Камбаров Ұлттық палата, Бас прокуратура мен ОҚО прокуратурасының арқасында  қате қолданыстың алдын алу мақсатында қолдану үшін, онда барлық дереккөздер жеткізілім ауқымына қарай жіктелген бірыңғай әдіснаманың жасап шығарылғандығын атап өтті. «Алайда, бұған қарамастан, біздің мәселеміз шешілмеді. 2014 жылдан бері біз 7 сот отырысына қатыстық. Қазір іс Жоғарғы сотта жатыр»,– дейді бизнесмен.

«Біз Кеңестен бізге қолдау көрсетуін сұраймыз. Іс біршама өзгеше сипатқа ие. ОҚО мақта нарығында біз сияқты шамамен сегіз ғана компания бар. Мұндай қателіктер тұтастай мақта бизнесі үшін қауіп төндіреді. Бүгінде біздің компания банкротқа ұшырау алдында тұр»,– деп мәлімдеді ол.

Өз кезегінде Кеңес Төрағасы Ғани Қасымов аталған мәселені шешуге салмақты түрде кірісу керектігін және келешекті көздейтін оңтайлы шешім табу қажеттілігін атап өтті. «Баға белгілеудің нақты әдіснамасын анықтап алу керек. Осы мәселе бойынша бірыңғай тұжырымға келу үшін, ҰКП өтініштерін ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер департаменті, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Бас прокуратураға жіберу қажет. Бұл өте көкейкесті мәселе», – деді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер