astana-view

Қазақстанның өсімдік майы Қытай нарығын бағындыра бастады

2016 жылғы 14 Наурыз
22245 просмотров

Тұңғыш рет экспортқа ірі көлемдегі дайын өнім – 2 мың тонна өсімдік және рапс майы жөнелтіледі

«Атамекен» ҚР ҰКП Тағам өнеркәсібі комитеті хатшылығының басшысы Ербол Есенеевтің айтуынша, соңғы кезге дейін Қазақстан майдың негізгі экспортын шикізат түрінде жүзеге асырып келді. Қытайлық қайта өңдеушілер рапстың, күнбағыстың, сояның майлы дәндерін сатып алып, оларды қайта өңдеді, сөйтіп, екі бірдей өнім алды: тікелей майдың өзі, сонымен бірге күнжара мен жом – майлы дәндерді қайта өңдеудің өнімдері.

«Енді қазіргі Қазақстанның тарихында тұңғыш рет 2 мың тонна май тиеген тұтас бір эшелон жөнелтіледі. Әлбетте, бұл анағұрлым пайдалы. Егер рентабельділік туралы айтар болсақ, онда майлы дәндер Қытайға килограмына 100-120 теңге орташа бағамен экспортталып келді, ал майдың өзі килограмына 300 және 315 теңге бағамен экспортталатын болады. Сонда екі есе пайда көреміз: біріншіден, біздің отандық қайта өңдеушілеріміз қайта өңдеуден қосымша құн алады, яғни олар осы өнімді қымбатырақ сатады, оған қоса күнжара мен жом өздеріне қалады. Бұл тағы да қосымша кіріс», – деді ол.

Есенеев «Атамекен» бұл жобаны толығымен қолдайтынын атап айтты. Палата қытайлық «Айцзюй» компаниясының қазақстандық нарыққа шығуын ұйымдастырды. «Бұл ынтымақтастық несімен қызықты? Өнімді трейдер емес, тікелей ритейлер сатып алады, яғни осы желіден делдалдар ығыстылырып шығарылады», – деді ол.

Екіншіден, ҰКП екіжақты кездесулерді ұйымдастырды, қытайлық компанияға сенімді серіктестер тауып берді. Рапс майын «Agrimer-Astyk» ЖШС (Ақмола облысы), күнбағыс майын – «Сей-Нар» ЖШС (Шығыс Қазақстан облысы) жеткізетін болды.

«Жеткізілімдерді ұйымдастыру процесінде өнімді тасымалдау проблемалары туындағанын атап айту қажет. Зауыттардың өндірістік және технологиялық қуаттылықтары контейнерге тиеуге мүмкіндік бермейді, себебі бұған дейін өсімдік майын тиеу тек темір жол цистерналарымен іске асырылып келді. Алайда, қазақстандық өндірушілер бұл проблеманы май тиеу постарын май тасымалдауға арналған арнайы флекситанка-контейнерлерге құю үшін жедел қайта жабдықтау арқылы шешті»,– деп баяндады Есенеев.

Тағам өнеркәсібі комитеті хатшылығы өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта Алматыда сатып алынған майдың бүкіл көлемін ҚХР-ға бір рет жіберу үшін 88 контейнерден тұратын темір жол құрамы құрылып, жол жүруге дайын тұр. Ол шамамен 20 наурызда аттанатын болады. Ұйымдастырушылық мәселелердің бәрі ҰКП-ның көмегімен шешілді.

Оған қоса, Есенеевтің хабарлауынша, «Айцзюй» компаниясы «Алматы өнім» ЖШС ассортименттері негізінде кондитерлік өнімдерді тасымалдау жөнінде келісім-шарт жасады. Өнімнің алғашқы легі жеткізілді, қытай тұтынушыларының арасында үлкен сұранысқа ие болды және жақсы өтіп жатыр.

«Қытайлықтар біздің өсімдік майын жеткізуге мүдделі, өйткені олардың тұтыну нарығы өсіп келеді, ал қазақстандық өнімдер өзінің дәмдік қасиеттерімен, табиғилығымен және экологиялық тазалығымен ерекшеленеді», – деп атап өтті ол.

Сонымен бірге, Палата өкілінің айтуынша, қытайлық компания Қазақстанда өз өндірісін ұйымдастыруға мүдделі болып отыр. Атап айтқанда, осы жылы олар Солтүстік Қазақстан облысында кейіннен Қытайға дайын өнімді сатып өткізу үшін, рапс майын өндіретін зауыттың құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Зауыттың жобалық қуаты жылына 36 мың тонна өсімдік майын және 25 мың тонна күнжараны құрайды.

«Қытайда біздің өнім неге сұранысқа ие? Біздің майымыздың экологиялық тазалығын және табиғилығын ескеретін болсақ, қытайлық серіктестеріміздің оны премиум-кластық өнім ретінде 10-15%-ға қымбат сатуға мүмкіндіктері бар»,– деді Есенеев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер