astana-view

Бизнеске бел буып, кірісіп кетті

2016 жылғы 28 Наурыз
- Павлодар облысы
13783 просмотров

Ауыл кәсіпкері 20 түрлі станокты өндіріске шығарды

Бүгінде Павлодар облысы Май ауданынан шыққан жас бизнесмен Мәдениет Ұзақтың шағын зауытынан макулатура мен ПЭТ-бөтелкелерді тығыздайтын, қож-блоктар, лего-кірпіштер мен тротуар тақталарын дайындайтын станоктар шығарылады.

Кәсіпкердің айтуынша, мұндай өндіріс ашу туралы ой кенеттен туған.

«Бірнеше жыл бұрын мен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысып, 3 миллион теңге көлемінде несие алдым. Сол кезде автокөліктерге қызмет көрсететін станса ашу міндетін көздегем. Нысанды салу үшін кірпіш қажет болды. Шет елден құрылыс материалдарын дайындайтын станоктар алып келдім. Сол кезде өз бетімше станок шығара аламын деген шешім қабылдадым. Енді несиені бір жылдың ішінде жауып тастауды ойластырудамын», – дейді Мәдениет Ұзақ.

Кәсіпкер, әсіресе, лего-кірпіштер дайындайтын станоктардың көбірек сұранысқа ие екендігін айтады. Станоктың орташа және жоғары сапалы кірпіштер шығаруға мүмкіндігі бар.

Кәсіпорын 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, станоктар сапасы жағынан шетелдік баламалардан кем емес.

«Материалдарды жергілікті фирмалардан сатып аламыз. Біздің станоктар өз елімізде ғана емес, сонымен қоса, Жаңасібір, Ом, Том облыстары мен Алтайда да сұранысқа ие. Болашақта Түркия мен Иран нарығына шығуды жоспарлаудамыз», – дейді бизнесмен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер