astana-view

Долларға деген сұраныс кеміді

2016 жылғы 30 Наурыз
9256 просмотров

Қазақстан Ұлттық банкі қолма-қол шетелдік валютаға деген сұраныстың азаюын белгіледі

Қазақстанда тұрғындардың шетелдік валютаға деген сұранысының айтарлықтай азаюы байқалады. Мұндай мәлімдемені Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев «Корпоративтік басқару: Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына жаңаша көзқарас» тақырыбында өткен Ұлттық форумдағы баяндамасында жасады.

Сонымен, Ұлттық банктің мәліметінше, ағымдағы жылдың қаңтар айында айырбастау пунктерінен халық 213 миллион доллар сатып алған. Ақпан айында бұл тенденция үдей түсіпті. Ақышев «артықшылық теңгенің пайдасына ауысып, халық шетелдік валюталарын сата бастады» деп атап өтті.

«Соңғы 10 жылда бірінші рет халықтың таза шетелдік валюталарды сатуы байқалды, ақпан айында оның мөлшері 277 миллин доллар болды. Бұл тенденцияның бұдан ары қарай да күшеюі күтілуде», – деді Данияр Ақышев.

Бұдан бөлек, Ұлттық банк төрағасы «ақпан айы мен наурыз айының бірінші жартысының қорытындысы бойынша ұлттық валютадағы салым үлесінің артуы байқалады, яғни дедолларизация процесі кең өріс алып келеді», – деп хабарлады. Ұлттық банктің мәліметтері бойынша, қаңтар-ақпан айларында ұлттық валютадағы салым 307,6 млрд. теңгеге өскен (6,2%), соның ішінде халықтың салымы 96,0 млрд. теңге (6,7%).

Дегенмен, реттеуші «кенеттен ауытқулардың алдын алу үшін валюталық нарыққа қатысу құқығы қалатындығын» мәлімдеді.

«Ұлттық банкте кенеттен ауытқулардың алдын алу үшін және қаржылық тұрақтылыққа қауіп төнген жағдайда валюталық нарыққа қатысу құқығы қалады», – деп айтты Д. Ақышев. Сондай-ақ, «2016 жылдың наурыз айында айырбас бағамы бір АҚШ долларына шаққанда 343-349 теңге ауқымында ауытқып тұрғандығын» еске салып өтті.

Соған қоса, Ақышев «Ұлттық банктің айырбас бағамының еркін айналым саясатын жүргізуді жалғастыратынын» тағы да қайталап өтті. Қызығы, Д.Ақышев «Ұлттық банктің айырбас бағамы бойынша бағдары жоқ және оның мәнін болжамайды» және «мұндай саясат, соның ішінде, алтын-валюталық активтердің сақталуын қамтамасыз етеді» деген сөзін қайталап атты.

Бүгінгі форумдағы Ұлттық банк төрағасы қозғаған басқа да мәселелердің ішіндегі корпоративті басқару тәжірибесін бөле қарастырар едік. Данияр Ақышев оның Қазақстанда кең көлемді қолданыс таппағандығын хабарлады.

«Басқа бағыттарда, тіпті жүйеқұрушы, инвестициялық тартымды және коммерциялық пайдалы компанияларда да корпоративті басқару қағидалары кең қолданысқа ие болған жоқ», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Данияр Ақышев келтірген ақпар бойынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 2 347 акционерлік қоғам тіркелген, оның ішінде «85-і ғана листингті». Салалық құрылым бойынша, «акция нарығындағы басымдыққа квазимемлекеттік саладағы энергетикалық компаниялар мен қаржылық ұйымдар ие», ал акция нарығындағы жеке өндірістік компаниялардың үлесі 4%-дан аспайды екен.

«Соған қарамастан, Қазақстанда «өндірістік» сала бойынша 2 981 компания тіркелген, кен игеру мен өңдеу саласынан 63-і ғана акционерлік қоғам түрінде әрекет етуде», – деді өз сөзінде Ұлттық банк төрағасы.

Корпоративті басқаруды енгізуде компаниялар мен меншік иелерінің қызығушылық танытпауының көп себептерінің бірі «корпоративті дауларды қарау барысында меншік иесінің құқықтарын қорғауға қажетті деңгейде кепілдік берілетіндігіне сенімнің жоқтығын» атап өтті Ақышев.

«Көбінесе бизнес өзінің меншігін бір ірі компанияға шоғырландырғаннан гөрі, бірнеше шағын компанияларға бөлшектеуге талпынады, немесе «тынық айлақты» тауып алып, Қазақстаннан тыс аумақты холдингтік компания құруға талпынады»,  деп нақтылады еліміздің бас банкирі. Соңында, Ақышевтің пайымдауынша, бір жағынан, капитал иелері ақпаратты жариялап, ашықтықты арттырар тұста, бұл «бірқатар проблемаларды қозғайды». Екінші жағынан, «корпоративті дауларды шешу барысында олар соттардың заңнамаларды біртекті түсіндіру және дұрыс қолдануымен бетпе-бет келеді».

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер