astana-view

«Атамекен» импортты алмастыру тәсілін ұсынды

2016 жылғы 01 Сәуір
10327 просмотров

ҰКП сарапшылары қазақстандық импорттаушылар мен сырттан тасымалданатын өнім орнына балама тауар ұсынатын отандық өндірушілер арасында дәнекер болды

«Атамекен» Палатасының сарапшылық қызметінің арқасында қазақстандық компаниялар белгілі бір тауар топтарын импорттамай, оны Қазақстандағы отандық өндірушілерден алу мүмкіндігіне ие болды.

«Атамекен  ҰКП сарапшылары металлургия, машина жасау, химия, құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл, тағам, қаптау, жиһаз, ағаш өңдеу секілді өңдеу өнеркәсібінің тоғыз саласына талдау жасап, импортты алмастыруға әлеуеті бар 147 тауарды анықтап отыр», – деп мәлімдеді бүгін баспасөз таңғы асы барысында «Атамекен» ҰКП Өнеркәсіптік және инвестициялық саясат департаментінің директоры Алихан Ережепов.

Сонымен бірге, оның айтуынша, бұл 147 тауардың 101-і Қазақстанда өндіріледі.

«Талдаудың келесі кезеңі бойынша 2015 жылы ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар және мемлекеттік мекемелер осы 147 тауарды сатып алуға  146 млрд. теңге жұмсаған, ал бұл сомадағы импорт үлесі 96,6% болған», – деді А.Ержанов.

Палата сарапшысы ені 600 мм және одан да кең болатын жалпақ прокат, мұнай және газ жүргізуге арналған диметрі 530 мм және одан да үлкен тік жікті құбырлар, коррозияға төтеп беретін бас тиегі жоқ винттер мен бұрандалар және т.б. металлургия саласында импортталатын тауарларды мысал ретінде келтірді.

«Атамекендегілер» импортты алмастыру баламалары туралы деректер келтіріп қана қоймай, белсенді түрде қазақстандық тауар өндірушілеріне барып, оларға қалталы сатып алушыларымен келіссөздер жүргізуге көмек көрсеткені көңіл қуантады. Нақтылай айтсақ, «Атамекен» Палатасының өңірлік өкілдіктері апта сайын кездесулер өткізуді бастап кеткен. «Жұмыстың басталғанына көп болмаса да, мұндай екі кездесу өткізіліп қойды. Оларға 9 тапсырыс беруші мен 12 отандық өндіруші қатысты», – деді А.Ержанов.

«Атамекен» Ұлттық палатасының айтуынша, тауар импорттаушылар өзге елден әкелінетін өнімдерді бізде де өндіретін өндірушілердің барын білмеген.

 Жанар Сердалина  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер