astana-view

Шетелдік туристерге қатаң шара қолданылмасын!

2016 жылғы 01 Сәуір
11485 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасында виза мен көші-қонға қатысты мәселелер талқыға түсті

Дөңгелек үстелдің модераторы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева болды. Шараға қауымдастықтардың, туризм саласының, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ҚР Ішкі істер министрлігінің, ҚР Сыртқы істер министрлігінің және ҚР Инвестиция және даму жөніндегі министрліктің өкілдері қатысты.

Жиын барысында ҰКП-ның Туризм саласы комитетінің ұсыныстары ортаға салынды. Сонымен, Ұлттық палата шетелдік туристерге виза алуға құжаттар тапсыру үшін онлайн-жүйені енгізу; транзиттік келушілер үшін елге 72 сағаттық визасыз кіру жүйесін енгізу; визасыз елдер қатарына Дания, Польша мен Австрия елдерін қосу; көрсетілген 48 елдің азаматтары үшін құжаттарын қосымша рәсімдеуді болдырмау жөніндегі қолданыстағы уақытша шараларды тұрақты түрге ауыстыру; айыппұлды шекарадан өткізу орындарында (аэропорттар, вокзалдар) сот отырысын өткізбестен, арнайы құрал-жабдықтарды орнату арқылы төлету мүмкіндіктерін қарастыру; құжаттарды рәсімдеу ережелерін, транзиттік ережені немесе полиция органдарына тіркелместен, тұрғылықты мекен жайын өзгерту туралы ережелерді бұзған шетелдіктерге қатысты әкімшілік жаза – қамау шарасын сот отырысын өткізбестен, айыппұл төлеуге ауыстыру; сондай-ақ, биометрлік мәліметтерді сканерлеу арқылы тіркеудің электронды жүйесін енгізу (Малайзия тәжірибесіне орай) туралы бірқатар ұсыныс жасады. Аталған осы ұсыныстардың барлығы ҚР Инвестиция және даму жөніндегі министрлігіне жіберіледі.

Дөңгелек үстелге қатысушылар талқылаған басты мәселе Қазақстанда тіркелу мерзімін өткізіп алған туристерге қолданылатын шараларға қатысты болды. Қазіргі уақытта мерзімінен кешіккен туристер рейстерден босатылып, сотқа тартылатын жағдайлар аз емес. Сот, өз кезегінде, оларға қатысты айыппұл төлеу немесе әкімшілік қамау туралы шешім қабылдайды. Мұндай шаралар Қазақстанның туризм саласындағы имиджіне кері әсерін тигізуі бек мүмкін.

Бизнес-қауымдастықтар мен Ұлттық палатаның өкілдері басқа елдерде тіркеу мерзімінен кешіккен туристерді сотқа тартатын тәжірибелер кездесе ме деген сұрақ төңірегінде жауап іздеді.

Біраз елдерде елде болу мерзіміне қатысты заңнаманы бұзған туристерге сол жерде-ақ, мәселен, аэропортта айыппұл салынады. «Егер турист Қытайда 30 күн тұрып, 35-күні елден шықса, онда оған шекарада-ақ айыппұл салынады. Сол арада оған чек жазып береді, ол айыппұлды төлеп, ұшып кете береді. Ешқандай сот та болмайды, қолайсыздық та туындамайды», – деп мысал келтірді «Самал Тур» туркомпаниясының өкілі Сануар Ахметова.

Қазақстан туристік агенттіктер қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева былай деді: «Шенген аумағында, мәселен, рейс кешіккен жағдайда, туристерге виза мерзімінің өтуіне жол берместен, еш кедергісіз үйіне ұшып кетуіне мүмкіндік беретін уақытша дәліз бар. Бұл, сөзсіз, туристер үшін қолайлы».

ҚР ІІМ көші-қон полициясының өкілі Асқар Алдоңғаров заңды бұзған туристке қатаң жаза қолданылмайтын жағдайлар туралы айтып берді: «2015 жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс күшіне енді, онда болар-болмас құқық бұзушылықтар үшін ескерту беру қарастырылған. Егер, мысалы, шетелдік тіркеу мерзімін 3 күнге кешіктірсе, оған ескерту жасалады. Екіншіден, егер, заңбұзушы өз кінәсін мойындайтын болса, құқықбұзушылық орын алған жерде шешім қабылданады. Яғни, мұндай мәселені шекарада шешуге болады», – деді ол.

ҰҚК-нің техникалық бөлімінен келген өкіл Талғат Сәрсенбаев «Бүркіт» визалық көші-қон порталына қатысты орын алған жағдай туралы пікірін білдірді. «2013 жылы уақытша келген шетелдіктерді тіркеу үшін визалық көші-қон порталы құрылды. 2015 жылы ҚР Ұлттық куәландырушы орталығы ЭСҚ форматын өзгертті. Біз техникалық тапсырма дайындап, бағдарламалық қамтамасыз етуге өзгеріс енгізуге байқау жарияладық. Алайда, байқау ұзаққа созылып, уақыттың тығыз болуына байланысты, жеңімпаз ұйым жұмыс жүргізуден бас тартты. Қазір мынандай жағдай туып тұр, жаңа ЭСҚ бойынша жұмыс істейтіндер туристерді портал арқылы тіркей алмайды. Қазір бұл түзетілуде», – деді ол.

Сәрсенбаевтың айтуынша, виза алу үшін құжаттарды онлайн-тапсыру «Бүркіт» жүйесін жетілдіру жоспарында бар. «Қазір визалық көші-қон порталы визалық сауалнама толтыруға мүмкіндік береді. Шетелдік сауалнаманы толтырып, шетелдегі Қазақстанның елшілігіне әкеле алады. Сондай-ақ, ел шекарасына кірместен-ақ оған көші-қон картасын толтыруға мүмкіндік жасалған», – деп толықтырды ол өз сөзін.

Юлия Якупбаева бұл жоспарларды жүзеге асыруды жеделдету қажеттігін қадап айтты. «Біз шешім қабылдаушы мемлекеттік органға өтініш білдіріп, қаржыландыруын немесе басқа да көмек беруін сұрай аламыз. Шешімді жеделдету үшін біз сіздерге қандай қолдау көрсете аламыз? Келесі жылы EXPO өтеді, біз ішкі туристік әлеуетті жақсарту үшін белсенді жұмыс жүргізудеміз», – деп хабарлады ол.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында туристі тіркеуді бір қалаға бекіту мәселесі қаралды. Соған байланысты, оған Қазақстанның әр өңірінде рәсімнен қайта өту керек. Заңнамадағы шетелдіктің Қазақстанда болу мерзіміне қатысты «5 күнтізбелік күн» тұжырымдамасын «5 жұмыс күні» деген тұжырымдамаға ауыстыруға байланысты өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар айтылды. Өйткені, демалыс күндері мен мейрамдарға байланысты туристердің мерзімі өтіп кетеді.  

Туристік агенттіктің өкілі шетелдік туристердің жеке автокөлігімен Қазақстан шекарасынан қалай өтетіндігі туралы сұрақ қойды.Ол өз тәжірибесінде кездескен жағдайдан мысал келтірді. Ол былай болған: жеке көлігімен Қазақстанға келмек болған қытай туристерін шекарадан өткізбегендіктен, олар кері қайтуға мәжбүр болыпты.

Бұл мәселе бойынша шекаралық қызметтің тек қана адамдарды өткізетіндігі, ал көлік құралдарын өткізуге ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті жауап беретіндігі туралы айтылды.

Кәсіпкерлер уәкілетті органдардың қатысып отырғандығын пайдаланып, шетелдік туристердің көші-қон полициясы органдарымен және шекара қызметімен болған жағдайларды мысалға келтіре отырып, басқа да сұрақтарға жауап алды.

Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, Юлия Якупбаева «Көші-қон туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы барлық айтылған ұсыныстардың түзіліп, мүдделі органдарға жіберілетіндігін атап өтті. Кәсіпкерлердің шекара қызметіне, көші-қон полициясына қатысты нақты жағдайлар бойынша айтылған барлық шағымдары жан-жақты қамтылып, меморгандарға жіберілетіндігін де айта кетті. Оған қоса, айтылған мәселелердің шешілуін жеделтету үшін Ұлттық палата Мемлекеттік кірістер комитетімен және ҚР Инвестиция және даму жөніндегі министрлігімен бірлесе отырып, қосымша жиын өткізу туралы шешімге келді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер