astana-view

Ғани Қасымов: «Ұлттық экономика министрлігінің шешімі кәсіпкерлер үшін ауыр соққы!»

2016 жылғы 07 Сәуір
7800 просмотров

Алматы қаласындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау Кеңесінде мемлекеттік мекемелердегі асхананы жалдау ақысының көтерілуі талқыланды

«Атамекен» ҚР ҰКП кәсіпкерлердің құқығын қорғау Кеңесі мен Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау Кеңесінің басқосуында жалға беруді қымбаттату туралы мәселе қозғалды. Оны қозғауға түрткі болған себептер баршылық. Бюджетті мекемелердің асханасын жалдаушылар оның ақысының қымбаттауынан әлі күнге дейін зардап шегіп келеді.

«Бүгінге дейін бұл мәселе тиянақты түрде шешілмеді. Бас прокуратура Палатаның айтқанымен келісті. Бұл бұйрық заңсыз түрде жүзеге асты. Осы бұйрықты жасап шығарған орган – Ұлттық экономика министрлігіне хат жазды, заңсыздықтың жойылуын талап етті. Бірақ нәтиже жоқ. Өкінішке қарай, Ұлттық экономика министрлігі дым білмегендей болып отыр. Заң бұзушылықтарға тыйым салынбады. Бұл заңсыз бұйрық күшін жоймай тұр. Бас прокуратураның ұсынысы жерде қалды. Бұл дегеніңіз барып тұрған профонация!», – деп мәлімдеді «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқын қорғау Кеңесінің төрағасы Ғани Қасымов.

2015 жылы Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасына 30-дан аса кәсіпкер осы мәселемен шағымданған еді. Мемлекеттік мекемедегі асханаларды жалға алушылар үшін, мәселен аурухана, емхана, ІІД мекемелері, әскери бөлімшелердегі жалдау құны 19-28 есе өскен. Жалдау құнының өсуіне біріншіден, есептесу бағамының өскені себепші болған, екіншіден, аумақтық орналасу коэффициенті себеп, үшіншіден, қызмет көрсету саласының коэффициенті салмақ түсірген. Жалдаушы кәсіпкерлерге қаржы басқармасы тарапынан үздіксіз жалдау келісімін жаңа бағамға сай өзгертуін талап ететін хабарлама келіп тұрады.

«Мәселе шағын кәсіпкерлік хақында, әлеуметке қызмет көрсетуге бағытталған іс турасында. Кәсіпкерлерге миллиондаған соманы көрсететін есеп-шот келіп жатыр. Олардың бюджеттік мекемеге қызмет көрсететіні неге ескерілмейді? Әзірге бұл мәселе, тек Алматы мен Астана қалаларын ғана қамтып тұр. Бірақ барлық өңірге таралуы ықтимал. Әрине, девальвацияға қатысты бюджетті толықтыру деген мәселе туындағаны белгілі. Бірақ бұндай тәсілмен жасауға болмайды ғой! Бұл бұйрық кәсіпкерлер үшін ауыр соққы. Кәсіпкердің қалтасын қағу ғой! Осындай қиын-қыстау сәтте қоғамның қитығына тигені несі? Оларға дотация беріп, қолдаудың орнына бәрін өзгертіп, жағдайды ушықтырып отыр. Бұл бұйрық әлеумет арасында талқыланды ма? Кәсіпкерлер қауымы ортаға салды ма? Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен ақылдасты ма?»,– деген сауалдар қойып отыр Ғани Қасымов.

«Бұл түйткілдің шешімін табу стратегиялық мағынасы бар мәселе? – дейді Болат Палымбетов, – Оған қатысы бар ведомстволармен тікелей сұрау сала отырып шешуге тырысамыз. Былтыр білім беру ордаларындағы асхана жалдаушылардың ақысын төмендетуге қол жеткіздік. Мектеп асханасын жалға алушылар үшін, жазғы демалыс кезі үшін ақы алынбайтын болды және түстік ішу залдарының ақысы төленбейтін болды».

Отырыс қорытындысы бойынша, «Атамекен» ҚР ҰКП кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі Бас прокуратураға Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы 17 наурыздағы №212 бұйрығына қатысты тағы да өтініш жазу керек деп шешті. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер