astana-view

Тимур Құлыбаев: «Жоғары деңгейлі ІТ-мамандар даярлау үшін гранттар санын ұлғайту қажет»

2016 жылғы 11 Сәуір
- Алматы қаласы
12638 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП АКТ комитетінің отырысында ақпараттық-коммуникативтік технологиялар саласын дамыту перспективалары талқыланды

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және «жасыл экономика» комитетінің төрағасы Шавкат Сабировтың айтуынша, саланы дамыту жаңа әрі жетілдірілген мемлекеттік реттеу тетіктерін және қолдау шараларын  талап етуде.

«Ақпараттық-технологияларға арналған жалпы шығын (мемлекеттік басқаруды ұйымдастыруды қоса есептегенде) 2015 жылы 375,6 млрд. теңгені құрады. Осыған байланысты ақпараттандыру және ақпарат саласындағы уәкілетті органды (ҚР ИДМ Ақпараттандыру және ақпарат, байланыс комитеті) тығыз ынтымақтастыққа «мәжбүрлеу» қажет және халықаралық АКТ-саласына қатысушыларды олардың бизнесін Қазақстанда заңдастыру шартымен тарту керек», – деген ұсыныс жасады Ш.Сабиров.

Сондай-ақ, сарапшы «Атамекен» ҚР ҰКП-ға салада жаңа технологияларды пайдалануды, салаға инвестициялар тартуды, сала өкілдерін оқытуды және білім беруді, ҒЗТКЖ құру және басқа бағыттарды іске асыруды, салалық қауымдастықтар мен одақтарды сала проблемаларына тартуды ұсынды. Бизнес-қоғамдастыққа саланы өңірлерде дамыту және елімізде логистикалық тетіктерді құру ұсынылды.

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Дамир Шыныбековтың көзқарасы бойынша, саладағы жағдайды жақсарту үшін тиісті кадрларды даярлау жайын ойластыру қажет.

«ІТ-мамандарды даярлау туралы айтатын болсақ, осы мамандық бойынша жұмыссыздық мүлдем жоқ. Оларға ішкі нарықта да, шетелде де сұраныс өте жоғары. Алматы бойынша екі жетекші ЖОО-да (ХАТУ және Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ) саланың 2 мыңға жуық маманы оқып шығады, ал «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша кемінде 60 мың маман талап етілуде. Бұл үшін бізге, біріншіден, ҚР БҒМ тарапынан гранттар санын ұлғайту қажет. Біздің мәліметтеріміз бойынша, жыл сайын 25 мыңға жуық мектеп түлектері ҰБТ-ның төменгі шекті балынан өте алмай, білім беру саласынан шеттетіліп қалады. Оларға арнап осы гранттарды қарастырған жөн болар еді. Ал, екіншіден, кәсіптік бағдарлау жөнінде жұмыс жүргізу, облыстарда ІТ бойынша колледждердің рөлін күшейту қажет», – деп атап өтті Дамир Шыныбеков.

«SoftDeCo»  компаниясының бас директоры Сергей Алабугин ішкі нарықты шетелдік бәсекелестерден қорғау тұрғысында жұмыс жүргізуді ұсынды.

«Біздің ресейлік әріптестеріміздің тәжірибесі бойынша, шетелдік өндірістің бағдарламалық қамтуларын пайдалануға тыйым салуды енгізу қажет деп есептеймін. Мұндай практиканы ең болмағанда ҚР-ның мемлекеттік органдарында енгізу керек», – деді Сергей Алабугин.

Отырыс соңында «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев нарық жағдайында қандай да бір тыйымдарды енгізу мүмкін емес және дұрыс емес деп атап көрсетті.

«ІТ-технологиялар саласындағы сарапшылардың бүгінгі сөздерін түйіндей отырып, мынадай қорытынды жасауға болады. Кез келген тыйым салу бәсекелестіктің әділетсіздігіне дәлел болады, бұған жаһандық нарық жағдайында тыйым салынған. Бүгінгі таңда одан гөрі сұранысқа ие, барлық жағынан бәсекеге қабілетті өнім шығаруды үйрену маңыздырақ. Мемлекеттік органдар, егер отандық мамандар барлық талаптарға сай келетін өнім өндіріп жатса, оларды қолдаудан бас тартады деп ойламаймын. Ал, білім беру гранттарына қатысты ұсыныс анағұрлым қисынды, бұл белсенді жастарды жоғары технологиялар саласына көптеп тартуға ықпал ететін болады. Жалпы алғанда, сіздермен бүгін интеллектуалдық қарым-қатынас режимінде кездескеніме қуаныштымын, мұнда Үкіметте талқылау үшін нақты ұсыныстарды әзірлеуге болады. Ұлттық палата өз тарапынан сіздерге келіссөздер алаңын ұсынуға дайын, біздің сараптамамыз да жақсы. Біздің міндетіміз – сіздердің мүдделеріңізді мемлекеттік органдарға жеткізу», – деп қорытты Тимур Құлыбаев.

Қазақстанның ақпараттық ортасы өзінің түбегейлі реформалау және бәсекеге қабілетті, ашық және либералды нарық құру кезеңін бастан кешуде. Бүгінгі күнгі ахуал бойынша,  экономикаға тартылған жалпы тұрғындардың  (9 млн-ға жуық адам) 1,5%-ы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласында (131,9 мың адам) істейді. Шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндердің саны: заңды тұлғалар – 5601, жеке кәсіпкерлер – 11 065 адамды құрайды. Тіркелген кәсіпкерлердің негізгі бөлігі Алматы қаласында – 38,8% және Астанада – 20,1% шоғырланған. Бүгінгі таңда Қазақстанда 400-ге жуық интернет-дүкендер жұмыс істейді, олардың басым бөлігі Алматыда шоғырланған (85%).  Одан кейін Астана мен Қарағанды (3%-дан), Павлодар, Петропавл мен Қостанайдың интернет-дүкендері – 2%-дан. Қалдықтарды қайта өңдеу саласында экономикаға тартылған тұрғындардың жалпы санының 0,5%-ы (43,1 мың адам) қамтылған. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер