astana-view

Шегіну ме, әлде пара беру ме?

2016 жылғы 12 Сәуір
8880 просмотров

Қазақстанда жемқорлыққа кәсіпкерлерден гөрі мемлекеттік қызметкерлер бейім   

«Атамекен» ҰКП тапсырысы бойынша Экономикалық зерттеу институты талдау жұмыстарын жасады. Онда кейбір мемлекеттік құрылымдардағы жемқорлықтың таралуы қарастырылды. Кәсіпкерлердің кейбір лауазымды адамдарға пара беруіне себеп боларлық қитұрқылар зерттелді.

Сауалнама көрсеткендей, кәсіпкерлер құқығы тапталған кезде, лицензия алу керек болса, сондай-ақ кез келген рұқсат қағаз алу қажеттілігі туындағанда, тексеріс келгенде мемлекеттік қызметкерлер арасынан таныс-тамыр іздейді екен. Басқа жағдайларда сауалнамаға қатысушылардың 55%-ы таныс іздемейтінін нақтылады.

Кәсіпкерлердің айтуынша, жемқорлыққа шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына қойылған талаптардың күштілігі итермелейді екен. Басқа себептерді атасақ, өтініштердің тым ұзақ қаралуы, орындалмайтын талаптар қойылуы, күрделі әкімшілік шаралары бар.

Әлемдік тәжірибеде жемқорлықты негізінен кәсіпкерлер бастайды екен. Жасалған сауалнама қазақстандық тәжірибе әлемдікінен өзгеше екені анықталды. Қазақстанда кәсіпкерлер жемқорлыққа өздігінен аз барады. Көбіне мемлекеттік қызметкерлер итермелейді. Көп жағдайда басқа түскен қиыншылық (61%) мәжбүрлейді. Сондай қиындық кезінде екі жақтың бірі мәселені парамен шешуге шақырады. Кәсіпкер бәсекелесінен озу үшін пара береді екен. Қойылған талаптарды шектен тыс деп тапқанда жемқорлыққа бет бұрады. Құқық бұзушылық жасалған кезде жауапкершіліктен құтылу үшін параға жүгінеді екен.

Қарастырылған құрылымдар арасында жемқорлықпен бірінші қатарға шыққан кеден қызметі боп тұр – 20%. Содан соң Санитарлы эпидемиологиялық станциясы – 16%. Сәулет және қала құрылысы басқармасы – 14%. Бұл құрылымдар жемқорлық тым көп жасалатын басқармалар. Елдегі шағын және орта кәсіпкерлік саудамен айналысқан соң, көбінесе импорт пен экспортқа тәуелді болады. Содан соң көптеген нысандардың тазалығын тексеру СЭС құзырында. Бұл да өзіндік қолтаңбасын қалдыратын жайт болса керек.

Макродеңгейдегі жемқорлықтың шектен тыс таралуын бұлай бағалауға сауалнамаға қатысқан 10 сұралушының 4-і не өзі ақшалай сый берген, не жақындарының сондай әрекетін естіген болып шыққандығы дәлел боп тұр.

Зерттеу барысында жемқорлықтың көлемін анықтауға талпыныс жасалды. Зерттеу нәтижесінде бір кәсіпорынның жылына беретін парасы 50-250 мың теңгені құрайтыны анықталған. Бұл шағын және орта өндірістердің берері.

Пара беру, нарықтағы бәсекелестікті жемқорлықпен тұншықтыру тікелей немесе сырттай тауардың бағасына, көрсететін қызмет ақысына әсер етіп отырады. Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің айтуынша, әрбір екінші кәсіпкер жемқорлық тауар бағасына әсер ететінін мойындаған. Респонденттердің екінші жартысының бағалауынша, жемқорлық бағаға әсер етеді. Яғни, Қазақстандағы кәсіпкерлердің 50%-ның бәсекеге қабілеттілігі жемқорлықтың кесірінен төмендейді екен. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер