astana-view

Кайдзен немесе жапон менеджменті

2016 жылғы 14 Сәуір
12442 просмотров

«Судзуки» компаниясының вице-президенті «Атамекен» ҰКП мастер-класс өткізді

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен Жапон Халықаралық серіктестік агенттігімен бірлескен жұмыс барысында «Атамекен» ҰКП «Кайдзен» өндірісті басқару жүйесі бойынша мастер-класс өтті. Мастер-классты «Судзуки» компаниясының вице-президенті Хаджиме Судзуки өткізді. Консалтинг бойынша көп жылдық тәжірибесі бар сарапшы өндірісті басқарудың жапондық ұстанымдары, сапа мен «Кайдзен» тәсілі туралы айтып берді.

«Батыстың басқару түсінігі негізінен инновацияға сүйенеді Ал, жапондар негізгі үш нәрсені басшылыққа алады. Олар – инновация, қолдау және «Кайдзен». «Кайдзен» мекемедегі әр адамға қатысты ұғым. Қара жұмысшыдан басшыға дейін», – дейді Судзуки.

Сарапшы батыста инвестиция кәсіпорынды тез дамытатынын, тиімді ететін атап өтті. Бір кемшілігі тиімділігінен де тез айырылатындығы. Сосын басшылық жаңа технология алу үшін, жүйелерді қостыру үшін қосымша инвестиция тартуды көздейді. Сәлден соң кәсіпорынның жағдайы қайтадан мүшкіл бола бастайды. Көп қаржы салынады. Бірақ тиімділік жақсара қоймайды. «Жапондардың тәсіліне келсек, біздерде аз ғана инвестиция талап етіледі. Есесіне жұмыс істеудің тәсілдерін жақсартуға көп ынта-жігер бөлінеді. Бәрінің  ынтасы біркелкі талап етіледі. Қара жұмысшыдан басшыға дейін. Жұмысшылар тәжірибесін ғана ортаға салмай, мимен де жұмыс істеуі керек. Содан кейін барып қана техникалық жақсарулар жүзеге асса, басшылық қосымша қаржыны жүйені жетілдіруге  аямай салады», – деп атап өтті ол.

«Инвестицияны тек өндіріске салмайды. Адам ресурсын дамытуға да  салады. Жоғары өнімділікті осы ғана қамтамасыз ете алады», – деді спикер.

Судзукидің айтуынша, қазіргі таңда америкалықтар жапондардың тәсілін мейлінше жиі меңгеріп жүр. Мысалы, «Тойота» компаниясының тәсілін үйренуде. «Қазір Қазақстан экономикалық рецессиядан зардап шегіп жатыр. Бұл заман жаңа нәрсені үйренетін кез. Тек жапондықтардан ғана емес, өзге де азиялық елдердің тәжірибесіне сүйену керек», – деп қосып қойды бір сөзінде Судзуки.

Сарапшының айтуынша, олардың термині Қазақстанда «Кайдзен жүйесі» деп тұтастай аталады екен. Бірақ «Кайдзен» – жай жүйе ғана емес, бұл мәдениет, ойлай алу мәдениеті. «Кайдзен» көп шығынды талап етпейтін жүйе. Қазір ең керегі сол. «Кайдзен – бұл мәдениет пен тәжірибе» болып шығады», – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, «Кайдзен» пәлсапасы бірқатар жапон компанияларында, оның ішінде «Тойота» компаниясында екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қолданылған. Содан бері әлем елдерінде кеңінен тарады. Масааки Имаидың жазған «Кайдзен» атты кітабы шыққан соң бұл термин танымал болып кетті. Содан бері менеджменттің негізгі концепцияларының бірі болып қалыптасты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер