astana-view

Т. Шотанов: «Бизнеске бір терезе қағидасы бойынша қызмет көрсетілуі қажет»

2016 жылғы 20 Сәуір
8787 просмотров

«Атамекен» ҰКП-да Инвесторларға қызмет көрсету орталықтары функцияларын Ұлттық палата басқармасына беру мәселесін талқылады

«Бүгінде инвестициялар комитеті, «Kaznex Invest» агенттігі секілді инвестицияларды тарту жөніндегі орталық органдар бар. Өңірлік деңгейде инвесторларға қызмет көрсету орталықтары құрылған. Мен олардың жұмыстарына баға бергім келмейді, алайда біздің барлық кәсіпкерлеріміз, отандық және шетелдік инвесторлар қызметтер кешенін бір жерден алатындай бірыңғай терезе қажет болып тұрғанын айтқым келеді», – деді «Атамекен» ҰКП-ның басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда жергілікті атқарушы органдар балансындағы бизнеске көмек көрсететін өңірлік кәсіпкерлер палаталары, «Атамекеннің» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары, «Даму» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары, тұрғындарға қызмет көрсету орталықтары мен инвесторларға қызмет көрсету орталықтары бар.  «Яғни, кәсіпкер қайда барып, қызметтер кешенін қайдан алатынын білмей бас қатырады. Біз кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын бір терезе қағидасы бойынша құруды ұсынып отырмыз. Өңірлік кәсіпкерлер палаталары функцияларының барынша «Атамекен» КҚКО-на берілуін қалаймыз. Бұл тұста «Даму» КҚКО, ИҚКО, ТҚКО-нан бірнеше адамды, екінші деңгейлі банктер өкілдіктерін, жұмыспен қамту орталықтарын бір жерге шоғырландырған орынды болар еді», – деді Палата басқарма төрағасының орынбасары.

Шотановтың айтуынша, Палата бұл функцияларды атқара алады. «Сіздерге бірнеше дерек келтіре кетейін. Жыл қорытындылары бойынша біз кәсіпкерлерге рекордты 50 мың қызмет көрсеттік, аз уақыт бұрын бұл сан 10-15 мыңға тең болған. Бюджеттің де артпағанын айта кету керек», – деп мәлімдеді ол.

Сонымен бірге, «Атамекен» өкілі Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы іске қосылғанын да хабарлады. «Сіз businessmap.kz сайтына кіріп, қайсыбір өңірдің экономикалық мамандануы, инвестор жұмысының артықшылықтары және т.б. туралы ақпарат ала аласыз. Әзірге карта тек орыс және ағылшын тілдерінде жасалған, жуырда ол қазақ және қытай тілдеріне аударылмақ», – деді ол.

Сондай-ақ, жиында ҚР Инвестициялар мен даму министрлігінің инвестициялар жөніндегі комитет төрағасы Ерлан Қайыров сөз сөйледі. «Инвесторларға қызмет көрсету орталықтарының жұмыс жасау деңгейі барлық жерде бірдей еместігімен келісемін. Көшбасшы өңірлер бар, ондай емес өңірлер де бар. Бұл мәселеге дәйекті түрде келу керек деп ойлаймын. Бізде Маңғыстауда пилоттық жоба бар емес пе, соның нәтижелері қандай болатынын көру керек. Егер олар жақсы болса, онда функцияларды толық беру туралы ойлануға болады», – деген ұсыныс айтты ол.

Ал өңірлерден келген өкілдер болса, орнатылған тәртіпті өзгертуге күмәнмен қарайтындықтарын жасырмады. Сондықтан талқылауды түйіндей келе, Шотанов кей мәселелермен жұмыс жасап, бұл тақырыпқа қайта келуді ұсынды. «Инвесторларға қызмет көрсетудің өңірлік орталықтарының өзара әрекеттестігін нығайтып, ИҚКО қаржыландырудың бюджеттік классификаторын анықтау қажет, сонымен бірге әр өңірдің техникалық мүмкіндіктері мен пилоттық жобаны зерттеп алу керек», – деді ол.

«Ең бастысы, біздің барлығымыз бұл жұмысты жандандырып, белгілі бір деңгейде ұстап тұру қажеттілігін ұғынып отырмыз. Ұлттық палата мен өңірдегі барлық дамыту институттары арасында өзара әрекеттестік орнауы қажет. ӨКП директорларынан осы мәселеге қатысты өзара әрекеттестікті нығайтып, бақылауда ұстауды сұраймын», – деді Палата өкілі. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер