astana-view

Монша бар, ақша жоқ

2016 жылғы 25 Сәуір
- Ақмола облысы
17948 просмотров

Әр кәсіпкер кәсібін ашпас бұрын оның кірісі мне шығысын есептейді. Қоғамдық монша ашу деген ойды пайдасыз деп танып, бірден бас тартады. Бірақ Ерейментау ауданының тұрғыны туғандарының ескертпесіне қарамастан Малтабар ауылында қоғамдық монша ашуды көздейді.

Кеңес одағы тарқағалы бұл елді мекенде әлеуметтік нысанның бәрі бұзылған. Тұрғындар монша іздеп бес шақырым жерде орналасқан Ерейментау қаласына барып келетінді шығарды. Бірақ бұл мүмкіндік те әркімде бола бермейді, әрі кей адамның сұранысы бөлек дегендей.

Осының бәрін ескерген Бәтима Жантілеуова жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 2012 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасына несие алу үшін өтінішін түсіреді. Жоба сол кезде мақұлданады да, әйелге жер учаскесі бөлінеді. Іскерлік жоспар жасалып, жобаның сметалық құжаты дайындалып, жұмыс істеу мен үлгі жобалары әзірленеді. 2012 жылдың соңына қарай жеке кәсіпкер 2 700 000 теңге көлемінде несие алады, алайда кепілге қояр мүлкі төмен бағаланғандықтан, бұдан артық ақшаға қол жеткізе алмаған.

Бұның үстіне тағы да 7 миллионға жуық өз қаржысын салып, 2013 жылы Жантілеуова құрылысты бастап, жыл соңына дейін ғимараттың негізін көтереді. «Жұмыспен қамту жол  картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының ережесі бойынша инженерлік тораптарды бюджет есебінен жасалуы тиіс еді. Дегенмен, жергілікті құрылыс бөлімі қажетті инфрақұрылымды жүргізуге еш асықпады. Несиені қайтарудың мерзімі тақап қалды. Кәсіпкердің бірнеше мәрте ауызша, жазбаша өтініштеріне аудандық әкімшілік тек жалтарма жауаппен шектеліп отырды.

Көп ойланған Бәтима Жантілеуова 2015 жылдың қараша айында жергілікті кәсіпкерлер палатасының өңірлік бөліміне шағым айтады. Кәсіпкерлер палатасының өңірлік бөлім директоры Серікпай Құшқынбаев аудан әкімінің атына, «Нұр Отан» партиясына ресми сұрау салып, бұл мәселені аудандық актив жиынында қозғайды.

2015 жылдың соңына дейін бірнеше мәрте сұрау салынған соң, бюджет есебінен су жүргізу кәріздері жасалып, биылғы жылдың наурыз айынан бастап электр қуатының сымдары тартылды. Қазіргі кезде кәсіпкер қоғамдық моншаны қосу құжаттарын дайындап жатыр.

Бұның бәрі ештеңе емес, ендігі басты мәселе несиені қалай қайтару болып тұр. Қаржы институтының есептеуі бойынша салынатын нысанның жұмыс істей бастауымен тұспа-тұс несие де шамамен 2014 жылдың аяғында дейін төленіп бітуі тиіс еді. Жоғарыда көрсетілген себептердің кесірінен моншадан табыс түспегендіктен, кәсіпкер алғашқы жарнасын төлей алмаған. Қазіргі кезде өңірлік кәсіпкерлер палатасының жергілікті бөлімінің сарапшыларының жазбаша өтініші негізінде атқарушы билік органдары қаржы институтына несиені жабу кестесін қайта қарастыруға өтініш жасап жатыр.

Өңірлік сарапшылар жобаны тиянақтап бітірмекші, яғни несиені жабудың кестесін қайта бекіттіріп бермекші.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер