astana-view

Көтерме-логистикалық орталықтар импорт алмастыру мәселесін шешеді

2016 жылғы 27 Сәуір
9546 просмотров

Бұл туралы бүгін ҰКП төрағасы Тимур Құлыбаев Алматыдағы аграрлы өнімді тікелей өткізудің жүйесін дамытуға арналған өңіраралық жиында айтты

Оның айтуынша, импорттық тауарды алмастыру мәселесінде екпінді өнімнің тікелей сатылуына, дұрыс сақталуына түсіру керек.

Жиында сөз сөйлеген ҚР «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев аграрлы сектор мүшелерін ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктірудің артықшылықтары туралы айтты. 

«Ұлттың кәсіпкерлер палатасы 2016 жылы 1 қаңтарда қабылданған «Ауылшаруашылық кооперациялары туралы» заңның мүмкіндігін пайдалануды, соның негізінде азғантай тауар шығаратын өндірістерді бір кооперативке біріктіруді ұсынады. Фермерлерде біріккеннен не ұтамыз деген көптеген сұрақтар туындады. Колхоз болып кетпейміз бе деп қауіптенді, жерімізді алып қояды деп үрейленді. Жоқ, олай емес. Кооператив өз жұмысын өнім өткізуден бастаса да болады. Мысалы, көлік, логистика, өнімді сату. Ары қарай ауылшаруашылық кооперативтері өндірушілер торабы бойынша бірігуі мүмкін: техниканы бірігіп қолдану, тыңайтқыштарды ортақтастыру, жаңа сұрыптарды бірге таңдау секілді. Яғни, жекелей алғанда жалғыз фермердің шамасы жетпейтін істерді бірігіп атқару. Ауыл шаруашылығы министрлігі де, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да кооператив жұмысының мүмкіндіктеріне қатысты ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады», – деді Тимур Құлыбаев. 

«Атамекен» басшысының айтуынша, Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін өндіру бойынша қауқары зор, соны дұрыс пайдалану қажет.

Республикамызда пайдаланылатын 2,2 млрд доллардың тауарларын шетелден әкелмей-ақ өзіміз өндіре аламыз. Бірақ солай неге жасай алмай отырмыз? Кей өнімнің маусымдық сұранысы бар, олар тек күзде пісіп-жетілетіні түсінікті, сол кезде бағасы түсіп кетеді. Бірақ жыл бойы тамақ ішіп-жейміз, өнімді дұрыс сақтаудың мүмкіндіктері болмағандықтан, өңдей алмағандықтан, шетелдің тауарына амал жоқ қол созамыз. Сондықтан, ендігі жерде екпінді өнім сақтау мәселесіне аудару керек. Көтерме-логистикалық орталықтарды ашудың маңызы да осы жерден шығады, оны Алматы облысының шекарасында жылдамдата салу керек. Біз өз тарапымыздан «Бәйтерек» қорымен бірлесе «Алмэкс Бәйтерек» деген қор ашып, логистикалық орталықтың жұмысына белсене атсалысуға дайын отырмыз. Әрине, көптеген жекеменшік логистикалық қоймалар мен нақты пункттер бар, бірақ бізге сапалы деңгейге көшуді бастау керек, сонда ғана импорт тауарды алмастырудың жаңа сатысына көшеміз. Оңтүстік өңірлердің өндірушілеріне өз тауарын Алматыға әкеліп өткізуге мүмкіндіктер жасау керек, өйткені ол елімізге қыруар пайда түсіреді. Бұл жай жоба емес. Бұл нағыз еңбек. Оны жасауды біз бастап кеттік. 

Ұлттық палата бастамасын өңірлердің басшылар қостады. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің пікірінше, ауылшаруашылық кооперативтерінің жүйесін дамыту жалпы ауылшаруашылық саласын жетілдіре түсетіндігін, жаңа леп беретінін, аграрлы сала сатудың жаңа қаржылық ресурстарына қол жеткізбек.

«Алматыда статистика бойынша 1 миллион 700 мың тұрғын бар, оған агломерациядағы 2 миллион 800 мың адамды қосыңыз. Яғни, 3 миллионға жуық адам бар. Қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін сапалы өніммен қамту керек, бұл біздер үшін өте маңызды. Бір жағынан Алматы аграрлы аудан емес, бірақ ауылшаруашылық кооперативтерінің дамуы, ауылшаруашылық өнімін өңдеу мәселесі біз үшін де басты назардағы мәселе, өйткені тамақ өнеркәсібі қаладағы өңдеу өндірісінің төрттен бірін алатын сала. Былтырғы жылы 203 кәсіпорын 177,5 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бізге сол өнімдердің қайдан шығатынын білу маңызды, олардың сапасының жоғарылауы, өңірлердегі өндірушілермен ортақ кооперацияға бірігу аса маңызды болып тұр», – деп сөзін түйіндеді Бауыржан Байбек.    

Азық-түлік қауіпсіздігі туралы мәселені Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та айтты. 

«Бүгінгі таңда біз Алматы қаласын етпен, сүтпен, көкөністермен қамтамасыз ете аламыз. Бір ғана Еңбекшіқазақ ауданы жеткілікті деңгейде картоп, алма, мал өнімін өндіреді. Бізге өндіруші мен тұтынушы арасындағы ауылшаруашылық өнімдерін тікелей жеткізіп беру звеносы жетіспей тұрған еді. Оны сақтаумен және тауарды ірі сауда нүктелеріне, дүкендерге, супермаркеттерге, мейрамханаларға тікелей жеткізіп беретін заманауи логистикалық орталықтар арқылы жүзеге асыруға болады. Осы жетіспей тұрған звеноны «Атамекеннің» кәсіпкерлері оңай жасай алады. Елбасының тапсырмасы бойынша Алматы қаласының азық-түлік белдеуін жасауға барымызды салып жатырмыз, ауылшаруашылық кооперативтерін қолға алу осы мақсатты жүзеге асырудағы басты құралға айналар еді», – деді Амандық Баталов.   

Оның айтуынша, соңғы бір жарым жыл бойы 137 ауылшаруашылық кооперативі жасақталған, олар 11 мыңдай ауылшаруашылық бірлестіктерінің басын қосқан. Тек қана қызылшаның өзінен кооператив есебінен 4200 га жерге егу жұмыстары жүргізіліп, 125 мың тонна өнім түсіп, соның арқасында қант зауыты ашылды. «Енді біз өз қантымызды өндіре аламыз, бұрын оны тек шетелден алатынбыз. Биылғы жылы кооператив есебінен 6400 га жерге қызылша егілмек, одан 250 мың тонна өнім алынады деп күтіп отырмыз. Яғни, кооператив арқасында біз тағы да алма бақтарын жаңғыртпақпыз. Оның өнімін көбейту үшін ирригациялық тораптарды жаңартуды қолға алып жатырмыз. Осы мәселеде бізге Тимур Асқарұлы көмектесуге уәде етті. Үкімет те қолдау көрсететін болып отыр. Алматы облысындағы ирригациялық тораптар 17 мың шақырымға созылады. Қазақстанның басқа өңірлерінде мұндай торап жоқтың қасы. Бір бөлігі республикалық аумақты қамтыса, бір бөлігі коммуналдық жүйеге берілген, тағы бір бөлігі – жекеменшік қолда. Біз инвентаризация жасадық, барлық иесіз тораптарды құжаттандырдық, оларды қайта жасауға жергілікті бюджеттен қаржы бөлеміз. Оның үстіне Ислам даму банкі біздің тораптарды зерттеуге уәде беріп отыр, ол үшін 34 млрд теңге бөлініп жатыр. Соның арқасында өнімділік қазіргіге қарағанда 4-5 есе өседі деп күтіп отырмыз», – деп мәлімдеді Амандық Баталов.   

Сумен қамту мәселесін шешудің ықтимал жолдары туралы Тимур Құлыбаев айтып өтті.    

«Елдің барлық өңірлеріне барып тұрамыз. Сумен қамтамасыз ету оңтүстік аудандарда да, батыс өңірлерде де, орталықта да өз шешімін таппаған. Көп жылдар бойы бұл жүйе жаңартылмаған. Қаржылық салымды талап етеді. Біз, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан осы мәселені Үкіметтің назарына ұсынамыз, бұл түйткілді «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасына кіргізуді сұраймыз. Бұл біздің фермерлерге үлкен қолдау болар еді, өнімділікті күрт өсіретін дүние болмақ», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы.         


Еншілес ұйымдар

Серіктестер