astana-view

Кәсіпорындар колледждерді басқара алады ма?

2016 жылғы 03 Мамыр
9788 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Өңдеуші өнеркәсіп комитеті жиһаз өнеркәсібі ішкі комитетінің отырысында саланың өзекті мәселелері талқыланды

Біріншіден, кәсіпорындардың колледждерді қамқорлығына алуы немесе сенімгерлікпен басқару мәселесі талқыланды. «Біз қазір кәсіпорындарға ненің пайдалы болатыны жайындағы тетіктерді қарастырып жатырмыз. Бұған дейін біз кәсіпорындар мен оқу орындарын былайғы жолмен ұштастыруға тырысып келдік, өйткені өндірушілерсіз білім беру жүйесі сапалы жұмысшы кадрларды даярлай алмайды», – дейді «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Адам капиталын дамыту департаментінің директоры Олжас Ордабаев.

Бұған Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Ержан Садықов (фотода) ұйымның Алматы құрылыс колледжімен өзара іс-қимыл тәжірибесі бар екендігін айтты. «4 жыл бұрын біздің бастамамызбен ресурстық орталық құрылған болатын, онда жиһаз саласы үшін мамандар даярлауға болатын азды-көпті заманауи құрал-жабдық орнатылды. Сенімгерлікпен басқаруға келетін болсақ, мен әзірше колледждермен бұдан да тығыз әрекеттесу тетіктерін көрмей тұрмын. Егер шындығын айтсақ, біздің бүгінгі таңдағы ресурстық мүмкіндіктеріміз тым жұпыны. Басқа қауымдастықтарда қалай екенін білмеймін, ал бізде бұны іске асыру өте күрделі болмақ», – деп қосты ол.

Қауымдастықтың вице-президенті Игорь Проценко әріптесін қолдап, мұнда басты мәселе жобаларды қаржыландыруға келіп тірелетінін атап өтті. «Бізде үйрете алатын жақсы мамандар жоқ. Яғни, бұл үшін өндірістен біреуді алдын ала даярлау керек. Оқу бағдарламаларын көтерген кезде оның бәрі Кеңес одағы кезіндегілер екен. Үшінші – Жол картасы бойынша, меніңше, бір студенттің үш айлық курсына 39 700 теңге беріледі. Ал егер толық екі жылдық цикл болса – бұл да аз ақша емес. Оған стипендия, оқытушыға –  жалақы төлеу керек және т.б. Осы оқу орталығын Алматыда кәсіпорын базасында ұйымдастырудың өзіне ғана бізде 8 млн теңге жұмсалды», – деді ол.

ҰКП Адам капиталын дамыту департаменті директорының орынбасары Ләззат Шоңаева, өз кезегінде, қауымдастық өкілдеріне өз мүмкіндіктерін саралап алу жөнінде кеңес берді. «Бүгінгі таңда колледждер, негізінен, жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Бұл – жұмыс отырысы, сондықтан барды бар, жоқты жоқ дейік. Бұл кәсіпкерлердің өздерінің ұсынысы. Көбісі колледждерді сенімгерлікпен басқаруға алғысы келеді. Сенімгерлікпен басқару циклға толығымен кіруді білдіреді. Алдымен мүмкіндіктеріңізді біліп алу керек. Мемлекет бұны кепілді түрде қаржыландырады деп айта алмаймыз», – деді ол.

Шоңаева кәсіптік стандарттарды әзірлеу іспетті маңызды мәселені қауымдастық өкілдерінің есіне салды. «Дүниежүзілік банк кәсіптік стандарттарды әзірлеуге қарыз бөлді. Біз қазір барлық қауымдастықтарға және өңірлік палаталарға бүгінгі күні қолда бардың бәріне талдау жасау және стандарттар әзірленуі қажет ең сұранысқа ие мамандықтардың тізімін құрастыру қажеттігі жайлы ой тастадық. Сіздер де бұған қатысуларыңыз қажет», – деді ол.

Отырыстың соңына қарай индустриялық сертификатты енгізу мәселесі қаралды. Ұлттық палата басқармасының кеңесшісі Артур Қабдолов индустриялық сертификат жүйесінде кәсіпорындар үш деңгейге бөлінетінін түсіндірді. «Біріншісі – кәдімгі құрастырушылар. Бұл бөлшектерді осында  алып келіп, біздің адамдарды отырғызып, құрастырып, сататындар. Бұларды өндірушілер емес деуге болмайды. Оларды бәрібір де ескеру керек. Екінші деңгей – технологиялық әлеуеті бар кәсіпорындар. Яғни, технологиялық процестер автоматтандырылған, олар өнімнің күрделі түрлерін шығаруға мүмкіндік береді. Адам факторы елеусіз. Бұл ретте бұған дейін шетелден сатып алынып келген толымдаушылардың бір бөлігін ол өзі өндіреді. Үшінші деңгей – өндірістік және технологиялық әлеуетіне қоса, ғылыми-технологиялық қуаты да бар кәсіпорындар. Бұл кәсіпорындар әзірлемелермен айналысады», – деп түйіндеді ол. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер