astana-view

Қызметкерлердің денсаулығы жұмыс берушілер үшін қымбатқа түсіп отыр

2016 жылғы 06 Мамыр
11257 просмотров

Жұмыс берушілер жұмысшыларды медициналық тексеруден өткізуге кететін шығындар үшін алаңдаулы

«Атамекен» алаңында бизнес пен мемлекеттік орган өкілдері міндетті ауысым қарсаңындағы және ауысымнан кейінгі куәландыру мәселесін талқылады

Міндетті медициналық тексеру жүргізу кезіндегі проблемалық мәселелерге арналған жұмыс отырысын «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева өткізді.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ Әлеуметтік жұмыс департаментінің директоры Қорлан Медиханова ауысым алды медициналық куәландырулар, сапар алды және сапардан кейінгі медициналық тексерулер жүргізудің қиындықтары туралы айтып берді.

Ол ауысым алды медициналық куәландырулар жүргізуді реттейтін нормативтік актілердің жоқтығын атап көрсетті, екіншіден, Медиханованың айтуынша, бүгінгі күні міндетті медициналық тексерулерден өтуі тиіс кәсіптердің тізімі, сондай-ақ, ауысым алды куәландыру жүргізудің ережелері жоқ.

«Біз жыл бойы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетіне бірнеше рет өтініш бердік. Алайда, олар бұл мәселені бір-біріне қайта жолдаумен шектелді. Біз сонымен бірге Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитетіне, «Самұрық-Қазына» қорына, Әділет министрлігіне жүгіндік, бірақ олар бұл мәселені шешуді өкілетті органдарға немесе нормативтік актілерді әзірлеушілерге қайтадан жолдады», – деді ол.

Сондай-ақ, ол Еңбек кодексіне енгізілген өзгертулерге назар аударды, онда ауысым алды медициналық куәландырумен қоса, жұмыс берушіге ауысымнан кейінгі медициналық куәландыру жүргізу міндеті жүктелген. Оның айтуынша, ҚТЖ-да жыл сайын ауысым алды медициналық тексерулер жүргізуге 1,5 млрд теңгеден астам ақша кетеді. Ауысымнан кейінгі куәландыруды ұйымдастыру да сондай шығынды талап етеді. Мұндай шығындар тарифтерден көрініс табуы мүмкін. «Медициналық куәландырулар, медициналық тексерулер жүргізу қызметтерін бизнес-құрылымдардың көпшілігі сатып алатынын ескерсек, жұмыс берушілердің қаншама қисынсыз залал шегетінін елестетіңіздерші», – деді Медиханова.

Оған қоса, ҚТЖ өкілі жұмысшының жасына қарай міндетті медициналық тексерулер жүргізудің мерзімділігін бекіту қажеттігін атап көрсетті.

Ю.Якупбаева, өз кезегінде, мұндай проблемалар тек ҚТЖ-ға ғана қатысты емес екенін айтты. «Бізде бүгін «ҚазМұнайГаз», «ҚазМұнайГаз Өнімдері», «Эйр Астана», «ҚазТрансГаз Аймақ», «Амангелді Газ», «Евразиялық топ», «Қазтеңізтрансфлот» ҰТКК», «Қазақмыс корпорациясы», «ӨзенМұнайГаз», «Қаражанбасмұнай» және басқаларының өкілдері қатысып отыр. Проблема өткір, көптен бері бар және оны шешу қажет. Бізде қазір мемлекеттік органдармен жазысқан хаттар бар, онда олар осы мәселені шынымен де қақпақылға салған. Сондықтан біз бүгінгі отырыстан кейін Үкіметке өтініш жасауды жоспарлап отырмыз. Себебі бұл мәселе жұмыс берушілер үшін өте өзекті, және де ол шешімін табар емес», – деп мәлімдеді ол.

«Медикер» ЖШС Басқарма төрайымы Гүлжан Садырбаева медициналық ұйымның өкілі ретінде, кейбір нормативтік құжаттарды жетілдіру жөніндегі өз ұсыныстарын айтты. «ҚР-ның «Жол қозғалысы туралы» заңындағы денсаулық сақтау саласындағы өкілетті органның құзыретінде жазылғандай, ол көлік құралдарын жүргізушілерді міндетті сапар алды және сапардан кейінгі медициналық тексерулерден өткізу ережелерін бекітеді. Ал, ережелер әлі күнге дейін әзірленген жоқ, және де бұл заң баптарын теріс түсінуге не болмаса аталған заңның орындалмауына әкеп соғуда. Біз Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне ережелерді әзірлеуді және оларды әзірлеу кезінде қызметтің осы түрін көрсетуде тәжірибесі бар медициналық компаниялардың өкілдерін шақыруды ұсынамыз», – деді ол.

Сондай-ақ, Садырбаева Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің абсурд нормаларды құрайтын кейбір бұйрықтарына өзгертулер енгізуді ұсынды. Айталық, медициналық жұмыскерлердің арнаулы киіміне қойылатын талаптар бойынша олар бактерияға қарсы және зарарсыздандыратын қасиеті бар маталардан тігілуі тиіс. Бүгінгі күні мұндай маталарды ҚР-да өндірмейді де, шетелден әкелмейді де. Оған қоса, құжатта зәрдегі уранның құрамын міндетті тексеру керек деп жазылған. Зерттеудің бұл түрі Ядролық физика орталығында ғана жүргізіледі және 5 мың теңге тұрады. «Сапар деген не? Мысалы, жедел жәрдем жүргізушісі шақыру бойынша жолға шығады, сонда оны әрбір шақырудан соң тексеріп отыру керек пе?»,– деп сұрады ол.

Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің өкілі Тоқтасын Ерубаев мемлекеттік органның «Атамекен» ҰКП-мен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп қалыптасқан жағдаятты талқылауға және оны шешу үшін жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті амбулаториялық-поликлиникалық көмек басқармасының басшысы Ақмарал Сералиеваның баяндауынша, қазір ҚР-ның «Жол қозғалысы туралы» заңына сәйкес, сапар алды және сапардан кейінгі медициналық тексерулер бойынша бұйрықтың және ауысым алды және ауысымнан кейінгі медициналық куәландыруды талап ететін кәсіптердің тізілімі туралы бұйрықтың әзірленуі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Министрліктің атынан ол осы жобаларды мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірге талқылау үшін тағы да жиналуға дайын екендіктерін білдірді.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өкілі Бану Төлебекова отырысқа қатысушылардың назарын кәсіпорындарда зиянды және қауіпті еңбек шарттары бар екеніне аударды. «Бүгінгі таңда бізде бір мезгілде ауысымға 800 адамға дейін кірісетін кәсіпорындар бар. Егер олардың бәрі ауысымнан кейінгі куәландырудан өтетін болса, мұны тіпті елестетудің өзі қиын. Біздің өз медициналық қызметіміз бар, онда 172 адам жұмыс істейді. Ауысымнан кейінгі куәландыруды енгізу штаттың құрамына қосымша 40 медициналық қызметкер қабылдауды талап етеді. Орташа алғанда бір жұмыскерді куәландыруға 5 минут уақыт жұмсалады. Бір тәулік ішіндегі жұмыс уақытының шығыны 1000 сағаттан асып кетеді», – деді ол.

Қалыптасқан жағдаят туралы дәл осындай пікірді «Эйр Астананың» вице-президенті Ербол Оспанов та білдірді. Ол шығындармен қоса, медициналық тексерулердің көбеюі ұшқыштардың жұмысына кедергі келтіретінін де айтты, мұндай тексерулер халықаралық тәжірибеде жоқ. «Менде ұшқыштың америкалық, канадалық және қазақстандық куәліктері бар. Және де бізде ғана осы ережелердің барлығы үйлестіруге ұмтылудың орнына, керісінше, жағдайды одан әрі күрделендіре түседі», – деді ол.

«Эйр Астананың» өкілі С.Парфенова өз кезегінде жұмыскерлердің кейбір санаттарын міндетті медициналық тексеруден өткізудің мерзімді болуы және медициналық тексерулер аясындағы қызметтің көлемі туралы проблеманы көтерді. Мысалы, жолсеріктер үшін жылына төрт рет тексеруден өту мерзімділігі тағайындалған, оның ішінде гинекологтың тексеруі де бар. Ол жолсеріктерді тоқсан сайын гинекологтың қарауынан өткізудің қажеттігі жоқ екенін айтты, жылына екі рет өткізуге болады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) енгізілуіне байланысты мерзімді медициналық тексерулерді жүргізудің көлемі мен мерзімділігін қайта қарау қажет.

«Онда тіпті мұғалімдерді, дәрігерлердің өздерін де жұмыстың алдында тексеру керек, өйткені олар да адамдармен жұмыс істейді ғой. Бірақ, бұл абсурд. Осындай шығынды нормаларды енгізудің алдында әрдайым халықаралық тәжірибеге зер салу қажет. Біз бәріміз халықаралық практиканың әрбір жерінен жұлып алудан зардап шегеміз, содан келіп құрақ-құрақ дүниелерге тап боламыз, ол біздің жұмыс берушілердің иығына түсетін артық жүкке айналады. Ауысым алды, ауысымнан кейінгі, сапар алды, сапардан кейінгі деген тәрізді ұғымдарды енгізудің орнына, Оңтүстік Кореяда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қызметкер жыл сайын өзінің еңбек келісім-шартын созу үшін тексеруден өткізіледі.  Өнеркәсіптік медицинаны дамыту идеяларын іске асыру үшін халықаралық тәжірибені кешенді түрде қарастыру қажет», – деп мәлімдеді Юлия Якупбаева.

Ол кездесуге қатысушылардың барлығына сындарлы сұхбаттары үшін алғыс айтты. «Тұжырымды түрде Еңбек кодексіндегі және ҚР-ның  «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіндегі қайшылықтардан бастау керек. Мен мұнда Әділет министрлігінен көмек сұрағым келеді. Бізді алдымызда үлкен жұмыс күтіп тұр, сол себепті барлығыңыздың жұмысшы топтарына қатысуларыңызды сұраймын», – деп түйіндеді Палата басқармасы төрағасының орынбасары.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер