astana-view

Жеке кәсіпкерлер жаңа сауықтыру қызметтерін игеруге дайын

2016 жылғы 06 Мамыр
10438 просмотров

Кәсіп иелері Денсаулық сақтау министрлігінен жаңа функцияларды жүзеге асыру үшін, орынды талаптар мен тарифтер жасап шығаруды сұрап отыр

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева сауықтыру қызметтерін көрсету нарығын дамыту мақсатында медициналық мекемелер мен қонақүйлер, шипажайлар, пансионаттар арасында өзара тиімді ынтымақтастық механизмін жасап шығаруды тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі мекемелерге қойылатын қажетті талаптар жасап, оны 15 мамыр күні үкіметке ұсынуы керек. Вице-премьердің тапсырмасын орындау мақсатында «Атамекен» Ұлттық палатасында отырыс өтіп, оған мейрамханалар мен шипажайлардың, Денсаулық сақтау министрлігінің, салалық қауымдастықтардың, сонымен бірге медициналық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиын модераторы Ұлттық палата басқарма төрағасының орынбасары  Юлия Якупбаева болды.

«Біз халықаралық тәжірибеге талдау жүргіздік. Медициналық сауықтыру мәселелері Германияда жақсы дамығандықтан, олардың тәжірибесіне назар аудардық. Онда медицинаның барлық бағыттары бойынша ем ұсынатын 350 халықаралық орталық пен курорт бар. Германияда салалық маманданудан бастап көп салалы ұйымдарға дейінгі сауықтыру клиникаларының алуан түрі бар және оған қызметтердің кең ауқымы кіреді. Әр неміс клиникасы нақты ауруларды емдеуге маманданған, мәселен, түрлі жарақаттар мен оталардан кейін қимыл-тірек аппаратында емдеу, ми инсультынан кейінгі, миокард инфарктісінен кейінгі емдеу. Медициналық сауықтырудың бірнеше кезеңдері бар: жедел көмек көрсету деңгейіндегі көмек, алғашқы сауықтыру, қайта сауықтыру, шипажай-курорттық қалпына келтіру емі, бұдан ары бақылап отыру, әлеуметтік және кәсіптік сауықтыру. Спортшылар аз уақыт ішінде толыққанды жаттығулар жасауға қайта оралу үшін, жүзеге асырылатын спорттық сауықтыру айрықша орынға ие. Әр емделушіге арналған сауықтыру бағдарламалары қатаң түрде жеке-жеке, жүктеме мен демалыс фазаларын орынды алмастыру арқылы, жоғары білікті дәрігерлердің мұқият қарауымен жасалады. Қаржыландыру мемлекет тарапынан да, жеке сақтандыру компаниялары арқылы да жүзеге асырылады. Міндетті медициналық сақтандыруға өту жағдайында бізге де сауықтыру нарығын дамыту қажет», – деді Якупбаева.

Оның айтуынша, Қазақстанда сауықтыру қызметтері ТМККК-не (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) кіреді, алайда олардың тарифтері өте төмен және олар қалдық қағидасы арқылы қаржыландырылады. «Бізде сауықтырудың бірнеше бағыты декларацияланғанына қарамастан, іс жүзінде, олардың көбі орындалмайды. Туристік фирмалар, қонақүйлер мен шипажайлар бұл қызметтерді көрсетуге дайын, алайда тарифтер қайта қаралады және бұл әлеуметтік емес, медициналық бағытта болсын деген шарт қойып отыр», – деді ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.

Денсаулық сақтау министрілігінің өкілі Ләззат Сүлейменова Қазақстандағы сауықтыру қалай жүзеге асатыны туралы айтып берді. «Стационарлық кезеңде алқашқы және қайта сауықтыру жүзеге асады. Ол аурудың алдын алады, асқынулар мен оңтайлы қалпына келтіру процесін қамтамасыз етуге бағытталған. Емханалық кезеңде ағзаның бұзылған немесе жоғалтып алған функцияларын толық немесе ішінара  қалпына келтіруге, ағза функцияларын нығайтуға бағытталған алғашқы, қайта сауықтыру және одан ары сауықтыру жүзеге асады. Үшінші кезең – шипажай-курорттық кезең, онда қайта және одан ары сауықтыру жүргізіледі», – деді ол.

Сүлейменованың айтуынша, елдегі медициналық сауықтыру және қалпына келтіру жұмыстарын 108 ұйымда іске асырады, оның 7%-ы жекеменшік болса, қалғаны мемлекеттік.

Ұлттық денсаулық сақтау палатасының басшысы Дәулетхан Есімов жағдайға қатысты өз пікірін білдірді. «Мен Бурабайдағы 10 қонақүйге бардым, олардың төсек қоры 60-тан жоғары. Олар науқастарды сауықтыру ісіне атсалысуға дайын. Оларда ғимарат бар, тек жабдықпен жабдықтау қажет. Мұның барлығы тарифтер мен СНмЕ-ге келіп тіреледі. Талаптар тым қатаң, оларды төмендету қажет», – деді ол.

Қазақстандық мейрамханалар мен қонақүйлер қауымдастығының вице-президенті Наталья Сергеенкова да нарық қатысушыларының сауықтыру қызметтерін өз мойнына алуға дайын екенін айтты, алайда ол Қазақстанда әзірге бұл қызмет түрлерін көрсетудің нақты регламентациясының жоқтығына өз қынжылысын білдірді. «Медициналық  мекеме мен емделушілер жататын орын арасындағы өзара қарым-қатынастар бағдарламасын жасау қажет. Ол өз ішіне тарифтер өзгерісін, белгілі бір талаптар мен өзара есептесу ережелерін қамтығаны жөн. Тарифтер жоғары болмайтынын ескертеміз. Олар жатын орнының өзіндік құнын өтей ала ма? Мәселенің мәні осында», – деді ол.

Медициналық ұйымдардың өкілдері, өз кезегінде, жалға, лизинг арқылы немесе инвестициялық бағдарламалар аясында алуға болатын медициналық жабдықтардың ең минималды тізімін жасау қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, тендерлік процедураның анағұрлым ашықтығын қамтамасыз ету және сауықтыру орталықтарын салу үшін жеңілдікпен қаржыландыру мәселесін пысықтау ұсынылып отыр. «Медикер» өкілдері кадрларды даярлайтын оқу орындары құрылысына қатысуға дайын екендіктерін мәлімдеді.

Отырыста анықталғандай, Қ.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіндегі шығыс медицинасы факультетін бітірген түлектер жұмысқа орналасу бойынша қиындықтарға тап болып отыр екен. Осыған байланысты, «Медикер» аталған ЖОО-мен ынтымақтастық жасау мәселелерін талқылауға ниет білдірді.

«Ел азаматтарын медициналық сауықтыру қызметтерін шетелде емес, Қазақстанда алуға тарту мақсатында, медициналық ұйымдардың клиентке бағдарлануын арттыру, ұжымды оқыту, қонақжайлылық пен коммуникация стандарттарын енгізу қажет болып отыр. Бүгінгі күні медициналық қызметтер мен қауіпсіз  медициналық көмек сапасының «алтын стандарты» ретінде Joint Commission International (JCI, Халықаралық біріккен комиссиясы) стандарты мойындалған. JCI стандартын енгізу және қызметтер сапасын арттыру, медициналық қызметкерлерді оқыту халықаралық медициналық туризмді дамытуға септігін тигізеді, сондай-ақ, қазақстандықтар өз елінде ем алар еді», – деді Астана туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева.

Кездесуді қорытындылай келе, ҰКП басқарма төрағасының орынбасары «Егер сауықтыру бағдарламасына қатысудың түсінікті, ашық талаптары  көрсетілетін қызмет түрлерінің қарапайымнан анағұрлым күрделіге қарай градациясын қамти отырып жасап шығарылар болса, тарифтер қайта қаралса, онда бизнес ТМККК аясында сауықтыру қызметтерін көрсетуге дайын» екенін айтты. «Бүгінгі күні айтарлықтай күрделі оталар жасалады. Алайда бұдан кейін не болады? Емделуші қалай қалпына келмек? Осыған байланысты емделушілердің физикалық, кәсіптік немесе әлеуметтік қабілеттерін қалпына келтіру процесі, сауықтыру процедураларын өткізу маңызды болып отыр. Медициналық мекемелер, қонақүйлер және шипажайлар арасындағы өзара тиімді серіктестік механизмін іске асыру бойынша Жол картасын жасап шығарып, сол бойынша жұмыс жасау қажет болуы мүмкін», – деді ол. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер