astana-view

Нарықты қайта реттеу туралы заң жобасы Мәжіліс қарауына күзде берілмек

2016 жылғы 19 Мамыр
11416 просмотров

Palata.kz редакциясының өтінішімен «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов өздігінен реттелетін ұйымдардың бизнес үшін маңызы жөнінде пікірімен бөлісті.

– Рустам Манарбекұлы, осы аптада Мәжілісте нарықты қайта реттеу мәселелерін талқыға салды және жекелей алғанда мұны мемлекеттік функцияларды бәсекелі ортаға беру арқылы жүзеге асыру мәселесі қаралды. Мемлекет басшысының осы тапсырмасы тиісті заң қабылдану арқылы іске аса ала ма?

– Иә, әлбетте. Парламенттің алтыншы шақырылымының алғашқы сессиясының ашылу рәсімінде Елбасы заңнаманы мемлекеттік функцияларды бәсекелі ортаға беру бөлімін бұдан ары жетілдіруді тапсырған болатын. «Мемлекеттік функцияларды бәсекелі ортаға тапсыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кей заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тиісті заң жобасы жасалып, биыл күзде енгізілмек. Бұл тұста «Атамекен» рөлі «Өздігінен реттеу туралы» заңды жасау кезінде қандай белсенді болса, бұл жұмыстарда да сондай белсенді болмақ. Өздеріңіз білетіндей, ол кешеден бастап жұмыс істей бастады. Бүгінгі күні Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік субъектілерімен ауқымды жұмыс жасауда.

Функцияларды бәсекелі ортаға мемлекеттік тапсырыс, мемлекеттік тапсырма, аутсорсинг, қызмет алушылар есебінен беру секілді өзге де тәсілдерге келер болсақ, мұнда терең талдау жасалуы тиіс. Функцияларды беру қандай жағдайда, қандай негіздемелер бойынша, қандай қағидалар арқылы, қанша мерзімде және қандай кезеңдер арқылы мүмкін болмақ? Бұл тұста «Атамекен» палатасы қызметтерді тапсырудың әрбір кезеңінде белсенді болатынын айта кету керек.

– Яғни, заң жобасы күзде Мәжілістің қарауына беріледі ме?

– Иә. Заң жобасы базалық сипатқа ие болмақ, осыған байланысты қандай да бір нақты функциялар туралы айту әлі ерте.

– Жақсы. Ал, таяуда ғана қолданысқа енген «Өздігінен реттелу туралы» заң тиімді бола ма?

– Біздің ойымызша, заңда Қазақстанда өздігінен реттелу институтының дұрыс дамуына қажетті базалық нормалар пакеті бар. Сонымен бірге, Мәжілісте біз айтып жүрген бірқатар айтарлықтай тәуекелдерді де көріп отырмыз. Жекелей алғанда, біз кәсіпкерлік қызметтегі міндетті өздігінен реттелуді енгізу кезінде болатын қауіптерді де аңғарудамыз. «Өздігінен реттелу туралы» заң өздігінен реттелудің ерікті және міндетті сияқты екі түрін қарастырады. Міндетті өздігінен реттелу кәсіпкерлік немесе кәсіптік салада енгізілуі мүмкін, кәсіптік салаға адвокаттар, нотариустар жатады. Мәселен, егер сіз нотариалды палатаға мүше болмасаңыз, нотариус бола алмайсыз. Бұл тұста нотариалды қызмет кәсіпкерлік қызмет болып саналмайды және пайда табу мақсатын көздемейді. Нотариустардың қызмет көрсету құны тарифтелген, ал кәсіптік деңгейі шамамен бірдей. Ал кәсіпкерлік қызмет туралы олай айтуға келмес. Бизнес субъектілері кәсіптік белгісі бойынша да, қаржылық даму деңгейі бойынша да біртекті емес, осыған байланысты біз бұл жерде орын алуы мүмкін нарықтың монополизациялануы түріндегі қауіп-қатерді көре аламыз. Шын мәнінде, бизнеске кіру осындай өздігінен реттелетін ұйым түріндегі сүзгіден өтіп қана мүмкін болмақ. Сондықтан мұндай ұйымдарды құру кезінде барынша назар аударту нүктесі болуы керек. Мұндай қауіптер туралы Мәжіліс депутаттары да Ресей тәжірибесінен мысал келтіре отырып, айтқан болатын. Мысал үшін, құрылыс, балық өсіру саласындағы өздігінен реттелу де бизнеске кірудің бір түрі. Ресейдегі аталған нарықтардың монополиялануы бизнесті қыруар шығынға батырды. Біздің ойымызша, өздігінен реттелудің мақсаты тұтынушы үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру болып саналады, себебі бұл негізінде мемлекет міндеті емес және бұл рөлді атқару оған қиынға түседі. Сондықтан біз, біріншіден, ерікті ӨРҰ дамыту, екіншіден, өздігінен реттелу кезінде цехтік бірлестіктерге баса назар аудару қажеттілігі туралы бірнеше мәрте қайталап келдік. Мәселен, бағалаушылар немесе аудиторлар. Әлем елдерінің барлығында бұл салалардың субъектілері жеке тұлғалар болса, бізде олар заңды тұлғалар. Бұл әлемдік тәжірибедегі нонсенс.  

Егер сіздерге Германия тәжірибесі қызық болса, онда немістер былай дейді: біздің құндылықтарымыз бар. Бірінші – адам денсаулығы, сондықтан дәрігерлер бірігуі керек. Екінші құндылық – азаматтардың құқықтары мен қорғалатын мүдделері, сондықтан заңгерлер бірігуі қажет, үшінші құндылығымыз – бұл білім алу және балаларымыздың болашағы, сол үшін ұстаздар да бірігу қажет. Осылайша, олар жеке тұлғалар ретінде цех-цехке бірігеді. Ал коллегия қандай да бір аурухананың тәжірибесін қарағанда, олар аурухана емес, онда жұмыс жасайтын дәрігерлер деңгейіне назар аударады. Міне, сапалы алға ілгерілеушілік осындайда болады.

– Демек, заң аясында кәсіпкерлер өздігінен реттелетін ұйымдарға ерікті түрде немесе міндетті тәртіп бойынша біріге алады ғой?

– Бірінші кезеңде міндетті өздігінен реттелу коммерциялық емес ұйымдарға мүше болу талабы бар салаларда енгізілмек. Кәсіпкерлік қызметтің мұндай салаларына бағалау, аудиторлық, экологиялық аудит салалары жатады. «Өздігінен реттелу туралы» заңмен қарастырылған белгілер болған жағдайда экономикалық қызметтің өзге түрлері өздігіген реттелуді тек өз кәсіби эволюциялық даму деңгейіне қарай қолға алуы мүмкін. Бұл тұста міндетті өздігінен реттелу тек салалық заңдармен енгізіле алатынын және реттеуші ықпал етуді талдау процедураларынан кейін ғана жүзеге асатынын айта кетейін. Баламалы талдауды өткізу құқығы «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасына тиесілі.

Жанар Сердалина 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер