astana-view

Италияндықтар Астанаға не мақсатпен келді?

2016 жылғы 23 Мамыр
9594 просмотров

Қазақстандық және италияндық кәсіпкерлер ортақ бизнес жүргізуді жоспарлап отыр

Қазақстандық және италияндық кәсіпкерлердің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту мәселелері Астанада Италияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Стефано Раваньянның, Қазақстаның Сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Руслан Сұлтановтың және екі жақтың өкілдердің қатысуымен өткен конференцияда талқыланды.

«Бүгін біздің арамызда қосымша құны жоғары, яғни энергетика, құрал-жабдықтар мен тамақтың түр-түрін өндірушілер қатысып отыр. Біз де жоғары технологиялы италияндық құрылғыларға қызығушылық танытып отырмыз. Сондай-ақ отандық өнімдерді Италияға жеткізу мәселелері де талқыға салынды. Жартылай дайын өнімдерді жеткізу арқылы италияндықдардың өндірістік процесіне қатыса алар едік», – деп атап өтті Сұлтанов.

ССП басшысының мәлімдеуінше, өкінішке қарай, мұнай бағасының арзандауынан Қазақстан мен Италияның тауар айналымы 45%-ға дейін түсіп кетті. 2015 жылдың нәтижесі бойынша, ол 9,3 млрд долларға тең болды. Соған қарамастан, бүгінде Қазақстанның Италияға экспортының 97%-ы мұнай екен. «Біз итальяндық кәсіпорындардың өндірістік процесіне жартылай дайын өнімдерді қосу арқылы сатылымға шығарылатын өнімдердің түрін көбейтуді ойластырып отырмыз. Бұл нақты қандай сала болатынын әлі талқылаймыз. Машина жасаушыларымыздың жеңіл автокөлік шығару өндірісіне қатысуын қалар едік. Оған металлургтеріміз де қатысса. Тамақ және жеңіл өнеркәсіптің де, әрине, әлеуеті жоғары», – деп сөзін жалғады ол.

Сондай-ақ, Сұлтановтың айтуынша, қазақстандық бизнес те Италиямен бірігіп үшінші елдерге экспорттау үшін жаңа кәсіпорындар салуға қызығушылық танытуда. «Біз қазір әріптестікке дайын кәсіпорындарды анықтау жұмыстарын жүргізудеміз. Қазақстандық жиҺаз шығаратын компаниялар қызығушылық білдіруде. Бұл мақсатта тамақ және тоқыма өнеркәсібі де әлеуетке ие», – деді ол.

Конференцияға қатысушы италияндық компаниялар мен өкілдер өз қызметтері туралы қысқаша таныстырылымдар ұсынды. Фрозиноне қаласының Сауда палатасы мен «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ халықаралық әріптестік бойынша уағдаластық жайлы меморандумға қол қойды.

Сонымен бірге, конференция барысында қазақстандық және итальяндық кәсіпкерлер В2В форматындағы мүмкін боларлық әріптестік жайын сөз етті. 24 мамыр күні италияндық компаниялар «Астана» арнайы экономикалық аймағын араламақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер