astana-view

Бала тәрбиесі – бақшадан

2016 жылғы 23 Мамыр
- Жетісу облысы
8215 просмотров

Жетісу мемлекеттік университеті жекеменшік балабақшаларда жұмыс жасайтын тәрбиешілер дайындамақ

Мұндай келісімге өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою барысында қол жетті. Меморандум облыстық Кәсіпкерлер палатасы мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті арасында жасалды  

Бірлесе жұмыс атқару қажеттілігі мен жоғары білікті мамандардың жетіспеушілік мәселесі Мектепке дейінгі мекемелер қауымдастығы отырыстарының бірінде айтылған болатын. Себебі, бұған дейін ЖОО тек мемлекеттік балабақшалармен ғана тығыз ынтымақтастық орнататын. Талдықорған қаласы Мектепке дейінгі жекеменшік мекемелер қауымдастығының басшысы Маржан Ахмеджанованың мәлімдеуінше, жекеменшік балабақшалар мемлекеттік бақшалардан еш кем түспейді. Кәсіпкерлер оқу орнының материалды-техникалық базасын жақсарту жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Педагогика және психология факультетінің базасында педагогикалық идеялар зертханасын ашу идеясы да қолдау тапты.

Бірлескен жұмысты күшейту мақсатында екіжақты меморандумға қол қойылды.

«Біз бүгін кадрлар бәрін шешетінін түсініп отырмыз. Бизнес атынан келген өкілдер ретінде, біз, бұл мәселені шешуге көмек қолын ұсынуға дайынбыз. Себебі, болашақ ұрпақтың тәрбиесі  мен қалыптасуы жоғары білікті педагогикалық жұмысшылар даярлығына байланысты», – деді Палата директоры Ләззат Шынқысбаева.

Меморандумға сәйкес, мектепке дейінгі білім беру мекемелері университеттің оқу жоспарын қалыптастыру үшін ұсыныстар бере алады.

«Бүгінде, ЖОО кәсіпкерлермен қоян-қолтық жұмыс жасауы тиіс. Студенттерді даярлау жұмыс берушінің талаптары мен нарық сұранысы бойынша жүзеге асуы тиіс. Кәсіпкерлер палатасы мен Мектепке дейінгі жекеменшік мекемелер қауымдастығына көтерген бастамасы мен осы бағытта атқарып отырған белсенді жұмысы үшін алғыс айтамыз», – деді ЖОО ректоры Қуат Баймырзаев. Тараптар мектеп оқушыларының кәсіптік бағдары бойынша бірлесе жұмыс жасау, Жас ерекшелігі педагогикасы мен психологиясы кафедрасы мен  Мектепке дейінгі мекемелер қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық туралы келесі жылға арналған жоспарын жасап шығаруды көздеп отыр.

«Биыл біз ӨКП, мектепке дейінгі мекемелер және Жетісу мемлекеттік университеті арасында дуальды оқыту жүйесі бойынша бірлескен кадрларды даярлау мәселелері жөнінде үшжақты шартқа отыруды жоспарлап қойдық. Бұл мамандықты Дуальды оқыту жол картасына енгізбекпіз. Бұл шаралар дұрыс мамандық таңдауға, сапалы мамандар даярлауға септігін тигізеді деген сенімдеміз», – деді адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева.

Сонымен бірге, университет Палата мен Қауымдастық мүшелерін Кеңес құрамына енгізді.

Кәсіпкерлер болса, өз кезегінде, сынақ алаңы және өндірістік тәжірибеден өту орны ретінде балабақшаларын ұсынуға дайын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер