astana-view

«Астана» қаржы орталығына визасыз келуге болады

2016 жылғы 25 Мамыр
8680 просмотров

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мүше елдері осындай артықшылыққа ие болмақ

Отыз бес елдің бизнесмендеріне Қазақстан астанасындағы «Астана» Халықаралық қаржы орталығына жол  ашық. Бүгін Астана экономикалық форумы аясында өтіп жатқан инвестициялық саммит барысында инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев осылай деп мәлімдеді.

Министр инвесторларды қолайлы жағдаймен қамтамасыз ету үшін Қазақстан біржақты тәртіппен 19 негізгі елдің – Австралия, Венгрия, Италия, Монако, Бельгия, Норвегия, Швеция, Малайзия, БАӘ, Сингапур, Ұлыбритании, АҚШ, Германия, Финляндия, Франция, Швейцария және Жапония инвесторлары үшін визасыз тәртіп енгізгенін атап айтты.

2018 жылы елордада «Астана» Халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастайтынын еске саламыз. «Орталық жетекші әлемдік қаржы орталықтарының стандарттары және ағылшын құқығының қағидаттары мен нормалары негізінде реттелетін болады және іс қағаздарында, оның ішінде сот ісін жүргізуде ағылшын тілін қолданады», – деді Әсет Исекешев. 

Инвестиция және даму министрі 2017 жылдан бастап қаржы орталығына барыс-келіс ЭЫДҰ-ның барлық елдері үшін визасыз тәртіп негізінде болатынын айтты. Оған қоса бұл жағынан Қазақстан «ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында алғашқы қарлығаш болып табылады».

Бұл ретте Қазақстан ЭЫДҰ-ның штаб-пәтерімен ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады. «Біз осы ұйымның Инвестициялар жөніндегі комитетінің мүшесі болу үшін ЭЫДҰ командасымен жұмыс істейміз. 2012 жылы ЭЫДҰ Қазақстанға оның инвестициялық ахуалын қалай жақсарту жөнінде ұсынымдар берген болатын. Біз өзіміздің әлсіз тұстарымыз қай жерде екенін және оларды қалай жоюға болатынын айқын түсінеміз»,– деп атап өтті министр. Осы тақырыпты жалғастыра келе, Ә.Исекешев «Қазақстан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, лицензиялар мен рұқсатнамалар, шетелдік жұмыс күшін тарту, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау салаларындағы заңнаманы жақсартуға арналған шаралар қабылдап үлгерді», – деді.

Анықтама үшін: Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) – экономикалық дамыған елдердің халықаралық мемлекетаралық ұйымы және ол өкілдік демократия мен еркін нарықтық экономика қағидаларын басшылыққа алады. Штаб-пәтері Парижде орналасқан. ЭЫДҰ 1948 жылы Еуропалық экономикалық ынтымақтастық ұйымы ретінде құрылған. ЭЫДҰ мүшелері – Австралия, Австрия, Бельгия, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Грекия, Дания, Израиль, Ирландия, Исландия, Испания, Италия, Канада, Люксембург, Мексика, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Польша, Португалия, Словакия, Словения, АҚШ, Түркия, Финляндия, Франция, Чехия, Чили, Швейцария, Швеция, Эстония, Оңтүстік Корея, Жапония.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер