astana-view

Джек Ма Қазақстандағы шағын бизнесті белсенді дамытуға кеңес берді

2016 жылғы 26 Мамыр
10684 просмотров

Әлемге әйгілі Қытайдың Alibaba Group компаниясының іргесін қалаушы шағын компанияларды отандық экономиканың негізі деп атады

Әлемдегі ең танымал кәсіпкерлердің бірі Джек Маның пікірінше, Қазақстанда шағын компаниялардың санын арттыру қажет. «Егер сіздер экономикаларыңыз бұдан да қуаттырақ болу үшін сервистік қызметті дамытқыларыңыз келсе, шағын кәсіпорындарыңыз молырақ болуы қажет. Егер көбірек шағын компанияға қол жеткізгілеріңіз келсе, кәсіпкерлеріңіз көп болуы тиіс. Жастарды шабыттандырыңыздар, жастарды оқытыңыздар», – деді Джек Ма Астана экономикалық форумының кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде.

Оған қоса, ол «компанияларыңыз 20 жыл бұрын тамаша болған, ал келесі 20 жылда ол табысты болуы тиіс» екенін атап өтті.

Джек Маның пікірінше, әлемді одан ары қарай дамытуда Интернет жаһандық қана емес, негізгі рөлді атқармақ.

«Азия мен АҚШ-тың, Азия мен Еуропаның арасында электронды жол саламыз деп ойладық па? Кез келген шағын бизнес осы электронды жолмен жүріп, өз ісін тегін жүргізе алады. Қолында ұялы телефоны бар әр адам бұл жолда қалаған дүниесін сатып та алады, сата да алады. Менің ойымша, бұл ойлануға тұрарлық дүние», – деді Ма.

«Білім ақылды етеді. Егер ақылды болсаңыз, неге қол жеткізгіңіз келетінін білесіз. Алайда өмір – қатал, ол сізді дана болуға мәжбүрлейді. Даналыққа жеткенде, неден бас тартуға тура келетінін білесіз», – деді Қытайдан келген қонақ.

Джек Ма технологияның дамуына қатысты қызықты болжам жасады. «Қазір қолымызда бар технологиялармен, мәліметтермен алдағы адамдар 30-40 жылда адам тәнін кодтап тастайды. Біз ұзағырақ өмір сүреміз, қатерлі ісік ауруы мәселесін шешеміз. 200 жылдан соң ешбір адам 200 жылдан артық өмір сүрмеуі қажет деген заң болуы да мүмкін», – деді ол.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер