astana-view

ЕАЭО – ортақ нарықтар алаңы

2016 жылғы 31 Мамыр
8978 просмотров

Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан елдері дағдарыс жағдайында өз экономикаларын анағұрлым тұрақтандыруды көздеп отыр

Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері Еуроодақпен және Шанхай ынтымақтастық ұйымымен сауда-экономикалық қатынастарды жолға қоймақшы. «ЕАЭО-ның ЕО, ШЫҰ және өзге де бірлескен ұйымдармен  сауда-экономикалық байланыстарын жолға қою мүмкіндігін жеке қарастырамыз», – деді Жоғары Еуразиялық экономикалық одақ отырысындағы сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы 2015 жылы ЕАЭО алғаш рет Вьетнаммен шартқа отырғанын атап өтті. Бүгінгі күні Астанада Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан президенттері кеңейтілген отырыстардың алдындағы өзара кездесуде «ҚХР, Үндістан, Израиль, Египет, Иран, Камбоджа және өзге де көптеген елдермен ынтымақтастыққа» отыру мәселелерін талқылады. «Біздің экономикаларымыздың жақындасуы алдын ала көзделген жоспарлар мен мерзімдерге сәйкес жүзеге асуда. Үкімет пен бизнес бір бірімен өзара ынтымақтастық жасау тәжірибесіне ие болуда», – деді отырысқа төрағалық еткен Нұрсұлтан Назарбаев.

ЕАЭО-тың интеграциялық жоспарлары одаққа мүше мемлекеттер президенттері тарапынан қолдау тапқанын айта кету керек. «Сонымен бірге, қазақстандық серіктестердің Еуразиялық одақ пен ЕО арасындағы өзара әрекеттестікті жолға қою жөніндегі халықаралық конференция өткізу туралы бастамасын қолдаймыз. Еуразиялық экономикалық комиссия оны жасауға белсенді түрде қосылуы қажет», – деді Ресей Президенті Владимир Путин.

РФ басшысы, өз кезегінде, ЕАЭО шеңберіндегі экономикалық жобалардың жүзеге асу барысы туралы да хабардар етті. Владимир Путин «Одақ мемлекеттерінің Ресейде жүргізіліп отырған импортты алмастыру бағдарламасына қосылуы перспективті» екенін айтты. «Біздің барлық серіктестерімізді  25-тен астам сала, оның ішінде машина жасау, электронды және жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы жабдықтары мен толымдауыштарының бірлескен өндірісін қолға алуға шақырамыз», – деді ол. Ресей президенті берген ақпаратқа сәйкес, 2019 жылға қарай «электр қуатының ортақ нарығы қалыптасуы, оның концепциясы бекітілуі қажет, сонымен бірге, тиісті бағдарламаға даярлық басталуы» керек. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл ЕАЭО-қа мүше мемлекеттер ЖІӨ-нің артуына мүмкіндік бермек.  Бүгін Астанада, сонымен бірге, 2025 жылға қарай көмірсутектерінің ортақ нарығын құру мәселесі де талқыланды. «Бүкіл Одақ аумағында бәсекенің бірдей деңгейін орнатуды қарастыратын тиісті құжаттар қабылдаймыз.  Бұл газ саласында жылына 1 миллиард долларға тең, ал мұнай саласында 8 миллиардқа дейін жиынтық нәтиже береді», – деді Путин.

Астанадағы брифингте бұл жаңалықты журналистерге жеткізген Еуразиялық экономикалық комиссия төрағасы Тигран Саркисян нарықты құру кезең кезеңімен жүзеге асатынын айтты. «Біз келер жылы бұл концепцияны жүзеге асыру бағдарламасын жасап, оны бекіту үшін президенттерге ұсынуымыз қажет. Бұдан ары тиісті шарт жасаймыз, бұл шартқа сәйкес 2025 жылы біздің бірыңғай энергетикалық нарығымыз болады», – деді Саркисян. Бағдарламаны қабылдау арқылы ЕАЭО-тағы энергетикалық компаниялар серіктестердің мұнай инфрақұрылымына дискриминациясыз қол жеткізе алады, сонымен бірге мұнай мен мұнай өнімдерін сандық шектеулерсіз, нарық бағасымен және экспорттық баж салықтарынсыз ала алады.

Тағы бір қаралған мәселе – әлеуметтік маңызы бар саладағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ортақ нарығы. Бұл нарық аталған өнімдерді пайдалану туралы ережелер мен қағидалар жөніндегі шарттардың келісілуі аяқталған соң, биыл іске қосылады деп күтілуде. Еуразиялық экономикалық комиссия шеңберінде сауда қатынастарын жасап шығару жалғасын табуда. Моңғолия, Перу, Чили үкіметтерімен өзара әрекеттестік туралы меморандумдарға қол қойылған, ендігі кезекте Сербиямен келіссөздер жүргізілмек.

Отырыста проблемалық мәселелер де талқыланды. Нақтырақ айтсақ, Беларусь Президенті Александр Лукашенко «өзара сауда кезіндегі ішкі алымдар мен шектеулерден құтылудың» маңыздылығына тоқталды. «Аталған алымдар мен шектеулер саны өзгерген жоқ. Алты жүз деңгейінде, бұрыңғысынша қалды», – деді Беларусь басшысы.

«Біз, ЕАЭО-қа мүше мемлекеттер, барлығымыз Одақтың болашағына, бұдан басқа баламаның жоқ екеніне нық сенуіміз қажет», – деді Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев.

Президенттер, сондай-ақ, ЕАЭО мүшелерінің 2016-2017 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының бағдарларын бекітті. Бұл қадам әлемдегі жағымсыз экономикалық жағдайда мемлекеттер экономикасының тұрақтылығын арттыруда маңызды болмақ. Астанадағы бүгінгі кездесу ЕАЭО елдеріне өз сауда-экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, ЕАЭО экономикалық тартымдылығын ТМД елдерінен тыс аумақтарда дамытуға мүмкіндік бермек.

 Жанар Сердалина 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер