astana-view

«Туристік Қамқор» қоры құрылды

2016 жылғы 01 Маусым
5071 просмотров

Жаңадан құрылған қор туроператорлар үшін сақтандыру компанияларының орнын басып, шетелдерге саяхат жасауға құмар отандық туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

31 мамыр күні, демалыс науқаны қызып салар жаз маусымы қарсаңында тиімді пікір алмасу алаңы ретінде Астанадағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында бас қосқан құзырлы тараптар өкілдеріне «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының болашақ қызметінің мән-жайы таныстырылды. Сәйкесінше, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева жүргізген жиын барысында, кейбір түйткілді мәселелерге келіспейтін мүдделі жақтар еркін өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жасады. Палатадағы туристік сала комитетінің төрайымы Роза Асанбаева жаз мезгілі табалдырықтан аттай салысымен, еңбек демалыстарына жолдама алушылар жиілейтінін ескертіп, нақты жұмысқа білек сыбана кірісу қажеттігіне нұсқады.

Осы орайда қарқынды бәсекелестік ахуалында бұған дейін қаншама туристік фирмалардың банкроттыққа ұшырағанын ескерсек, қазіргідей алмағайып заманда қиын шақта қол созатын, барлық кілтипандарды саралап отыратын ұйымның болғаны керек екені даусыз. Мәселен, өткен жылдары біраз отандастарымыз шетелден қайта алмай қалып, Үкімет жәрдеміне жүгінгені белгілі. «Туризм туралы» заңға енгізілген жетіден аса ірі өзгеріс те айрықша көңіл бөлетін жаңашылдық.

Қазақстан туристік операторлары қауымдастығының директоры, «Саят» туристік фирмасының жетекшісі Инна Рейдің айтуынша, назардағы істің мақсат-міндеті айқын, тек ұйымдастырушылық-құрылымдық, қаржылық бағыттағы кінәраттарды жойып, қалыптасу кезеңдерін кеңінен ақылдасып, тұжырымдап алған жөн. Мысалға, көшпелі туризмде сақтандыру, аяқ астынан сырқаттану, сапасыз қызмет, серіктес компанияның қарызға ұшырауы сынды тәуекел көп. Бұл тұста «Туристік Қамқор» қорының іргетасын қалау арқылы Қазақстан азаматтарының құқығын кепілдендіру жүйесін басқару, туристік өнім тиісті деңгейде орындалмаса, шұғыл көмекке келу межеленуде. Сонымен қатар, туроператорлар мен туроператор-фрахтаушылар реестрін жасау, оны банктік кепілдендіру тетігі аясында іске асыру, жүзеге асқан өнімдер тізбесін түзу, жедел жағдайда туристерді алып шығып, орналастыру, тамақтандыру, заң шығару ісіне белсене араласу жайттары да маңызды екені анық. 

Қордың сақтандыру мүмкіндігін бағалар болсақ, ол биылға 120000 адамды, әр туристік жеке басына 0,5 айлық есептік көрсеткішті, қор бюджеті бойынша жылына 127260 миллион теңгені құрауда. Ал қордың құқықтық негіздері мен комитеттер құрамы, қаржылық қамту, Түркия, Тайланд сияқты елдердегі жергілікті операторлармен, барлық туристік бағытта әуе компанияларымен меморандумдарға қол қою, интернет портал мен саll орталық жұмысы, жүйенің іске қосылуы қадамдары сатылап атқарылмақ. Бұл әрекеттер белгілі бір инвестиция құюды талап ететіні аян.

«Егер қолға алған шаруалар оң жүріп кетсе, салаға қатысты ауыртпалықтар жеңілдеп, табысты іс-қимыл жолындағы бөгеттер азаяды деген үміттеміз. Халықаралық нарықтағы ынтымақтастықта да бойдағы сенім нығаятыны шүбәсіз. Өздеріңізге белгілі, жыл сайын көшпелі туризм нарығында қаржылық жанжалдар орын алып тұрады. Ұзақ уақыт талқылаудан соң, қорытынды құжаттар жасалып, көшпелі туризм саласындағы азаматтар құқығын кепілдендіру жүйесі енгізілді. Әрине, наразы болғандар жоқ емес, алайда біздің ұстанымымыз – нарық күшін біріктіріп, біздің туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Кепілдікті қамтамасыз ету үшін (туроператордың қаржылық кепілдігінен басқа) барлық туроператорлар сатылған әр туристік өнім үшін Жүйе әкімшісінің арнайы шотына төлем төлеп отырады (бұл жағдайда қорға). Әр туроператорға жеке ену коды, ал әр турагентке жеке нөмір берілетін болады, - деп байыптады Қазақстан туристік операторлары қауымдастығының басшысы Инна Рей.

Осыдан соң кеңеске қатысушылар сұрақ-жауапқа көшіп, аймақтардағы әріптестерімен байланысқа шықты. Алматы қаласынан «Қазақстан туристік қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Рашида Шайкенова, «Гелиос» туроператорының бас директоры Айгүл Сәтжанова және тағы басқа мәжіліс қонақтары өздерін алаңдатқан мәселелер туралы ойын білдірді.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева, туризм саласын тұрақтандыру үшін насихат-түсіндіру шараларының ширату керектігін, бүгінде келіп түскен ұсыныстарды қарауға қайта оралатындарын айтып кеңесті түйіндеді.

Еске сала кетсек, үстіміздегі жылдың сәуір айында ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Туризм индустриясы департаменті көшпелі туризм саласында азаматтар құқығын кепілдендіру жүйесінің әкімшісін анықтау үшін байқау жариялаған болатын. Бұл жүйе соңғы бірнеше жылда орын алған көшпелі туризм нарығындағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында 2015 жылдың аяғында «Туристік қызмет туралы» заңға енгізілген түзетулерге сәйкес заңнамалық түрде іске қосылған. Байқауға үш заңды тұлға қатысып, байқау комиссиясы ұйғарымы бойынша «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры анағұрлым жоғары балл жинады.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер