astana-view

Отандық өнімдерді сатып алғысы келетіндер көп

2016 жылғы 09 Маусым
8316 просмотров

«Атамекеннің» араласуынан кейін алматылық өндірушімен шарт жасауға қаланың медициналық ұйымдарының 80%-ы тілек білдірген

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметінің әлеуетті бағыттарының бірі – сатып алу мәселесінде отандық тауар өндірушілерді қолдау. «Атамекен» алаңында апта сайын «Самұрық-Қазына ҮӘҚ» АҚ-ның еншілес компаниялары өкілдерімен және қазақстандық кәсіпкерлермен өзара іс-қимыл және ұзақ мерзімді шарт жасасу мәселелеріне қатысты кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Өткен жылы осы мәселе жөнінде Ұлттық палата мен «Самұрық-Қазына» арасында ықпалдастық туралы келісімге қол қойылса, ал осы жылы «Атамекен» Қордың сегіз «еншілесімен» меморандумға отырды. Шағын және орта бизнес өкілдері Палатаға ұзақ мерзімді шарт жасауға көмек көрсеткені үшін алғыстарын білдіріп отыр. Өйткені дағдарыс кезінде әрі интеграция жағдайында шағын компаниялар үшін мұның маңызы орасан.

«Dolce» ЖШС 1998 жылы құрылған әрі медициналық мақсаттағы бір реттік бұйымдар, кәсіби шығыс материалдарын, дәрі-дәрмек шығарумен айналысатын ірі қазақстандық өндіруші. Сондай-ақ ол Қазақстандағы белсендірілген көмір 0,25 (№ 10 «Ультра Адсорб») шығаратын жалғыз компания. «Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік сатып алудағы жергілікті құрамға мониторинг жүргізу жөніндегі комиссияны ұйымдастырып, құрғаны үшін алғысымызды білдіргіміз келеді. Қазіргі жағдай мен бүкіл әлемдік дағдарысқа байланысты қазақстандық өндіруші ретінде бізге қолдау аса маңызды. Бүгінде Алматы қаласының медициналық мекемелерінің 80%-ынан біздің өнімді сатып алуға қатысу туралы өтінімдер келіп түсті және сомасы 8 миллионнан астам теңге болатын шарттар жасалды», – дейді компания өкілі Сәуле Мәкешева.

Алматылық тағы бір «ПО Файл А4» компаниясы да кеңселік файлдар шығарумен айналысатын жалғыз отандық өндіруші. Ол толық цикл бойынша жұмыс істейді, яғни жұқа қабық шығарудан бастап, дайын өнімге дейінгінің барлығын даярлайды. «Біздің файлдардың бағасы қол жетімді болғанымен, сапасы жоғары. Бізбен жұмыс істеудегі тиімділік – қоймада дайын өнімнің болуы, даярлау мерзімінің жылдамдығы», – деп атап өтті компания өкілі Евгений Тен.

«Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған білім беру басқармасының қатысуымен өткен сатып алудағы қазақстандық құрамға мониторинг жүргізу комиссиясының отырысына қатысқандығымыздың арқасында бізбен 100 000 теңге сомасындағы шарт жасалды. Тауарымыздың бағасының арзандығын ескерсек, бұл бастамасы ғана. Біз үшін, яғни шағын бизнес кәсіпкерлері үшін бұл зор қолдау екенін айтып өткіміз келеді», – дейді ол.

Астана қаласында өкілдігі бар «ПК ВЕКТОР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2006 жылы құрылған еді. Онда жұмысшылар саны 50 адам болатын. Олардың көбі Германия, Түркия мен Қытайдан білімдерін жетілдіріп келген. «ПК «Вектор» ЖШС-ның негізгі қызметі айына 40 мың шаршы метрге тең «Home Line». 2014 жылы «Қазақстандағы №1 жыл таңдауы» байқауының нәтижесі бойынша «HOME LINE» сауда белгісі лауреат атанды. Сондай-ақ 2015 жылы саралау нәтижесі бойынша кәсіпорын 45 үздіктің қаратына еніп, «Сала көшбасшысы» ұлттық сертификатына ие болды.

«Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының өкілдеріне отандық тауар өндірушілердің құқықтарын қорғау және оларды қолдау саласындағы атқарып жатқан жұмыстары мен құрылыс ұйымдарымен, бас мердігерлермен шарт жасасуға көмек бергендері үшін ерекше алғысымызды білдіргіміз келеді», – деп алғысын білдірді компанияның Астана қаласындағы филиалының директоры Владимир Лян.  

«Атамекен» ҰКП-ның тікелей көмектесуімен «ПК «Вектор» «EXPO – 2017» көрмесін дайындауға қатысушы отандық өндірушілердің сапына қосылды. «Сіздердің «EXPO – 2017» көрмесінің бас мердігеріне жолдаған хаттарыңыздан кейін BI-GROUP-тың қосалқы мердігерлерімен терезе жақтауын жеткізу туралы келісімдер жасалды: «AVS-Plast» ЖШС-мен 1 356 000 теңге сомасында, «Авангард» ЖШС-мен 3 256 000 теңге сомасында», – еді ол. Сонымен қатар, ол «Вектор» ЖШС-ның бұл компаниялармен бұдан кейін де бірге жұмыс істеп, жаңа шарттар жасамақ ниетте екендіктерін айтты.

Айта кетерлігі, «Атамекен» ҰКП мен «Самұрық-Қазынаның» бірлесе жұмыс істеген 2014 жылдың 1 тамызынан 2016 жылдың 31 наурызына дейін Ұлттық палатаның көмектесуімен отандық өндірушілермен 410 млрд теңгеден асатын сомады 955 ұзақ мерзімді шарт жасалған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер