astana-view

ҚҚС төлеушілер мәселесі көтерілді

2016 жылғы 15 Маусым
9933 просмотров

Мәжілісте адал салық төлеушілер тап болған кедергілер туралы мәселе көтерілді

Кейбір салық төлеушілердің қосылған құнға байланысты туындаған мәселесі мәжілісмен Екатерина Никитинскаяның депутаттық сауал қоюына себеп болды.

«Сәуірде мемлекеттік кірістер органы салық төлеушілерді ҚР Салық кодексінің 571 бабын негізінде қосылған құнға салынған салық (ҚҚС) бойынша жаппай тіркеу есебінен шығарды. Ақтау қаласы бойынша ғана олардың саны 900 салық төлеушіге жетті», – деді депутат қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа қарата.

Мәжілісменнің айтуынша, жоғарыда аталған баптың 4 тармағының 6 тармақшасына сәйкес, «Салық төлеуші ҚҚС бойынша декларацияда тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулерді сатып алғандығы мен жүзеге асырғандығы бойынша айналым туралы мәліметтерді келесі екі үздіксіз салық мерзімінде көрсетпеген жағдайда, салық органының шешімі негізінде ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығару салық төлеушіге ескертпестен жүргізіледі». 4 тармақтың 6 тармақшасында көрсетілгендей ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығару туралы шешімді «салық органы ҚҚС бойынша декларация ұсынылған келесі айдан кейінгі айдың соңғы күнінен кешіктірмей шығарады».

Бұл өзгеріс 2015 жылдың 1 шілдесі күні күшіне енді. Алайда, депутат атап өткендей, осы жылдың сәуірінде ҚҚС-дан есептен шығару кезінде 2015 жылдың 3-4-тоқсандарында айналымдар іс жүзінде жоқ болғандықтан, ҚҚС декларациясында «0» деген көрсеткішпен көрсеткен салық төлеушілер, 2015 жылдың 3 және 4-тоқсандары үшін ҚҚС декларациясында айналым туралы мәліметтер көрсетпеген салық төлеушілер санатына енгізілген.

«Экономикалық дағдарыс қысқартуға, көптеген салық төлеушілердің қысқа мерзімдік айналымының болмауына әкеп соқтырды. Мұнда олардың кінәсі жоқ. Мұндай жағдай салық органының ҚҚС есебінен шығару туралы шешім шығауына сылтау бола алмайтыны белгілі», – деп түсіндірді Екатерина Никитинская. 

Бұдан бөлек, депутат сауалында «салық органының шешімімен ҚҚС есебінен шығарылған салық төлеушілердің Салық кодексінің 573 бабының 5 тармағына сәйкес, электронды сандық қолтаңбасы жойылатындығын» да айтып өткен.

Сонымен қатар, аталған салық төлеушілер мәжбүрлі түрде шығарылғандықтан, олар «ҚҚС бойынша тіркеу есебіне аталған шешім қабылданған күннен бастап екі жыл өткен соң ғана тұра алады».

«Сонымен бірге, аталған салық төлеушілердің көбінің лицензиялары бар және түрлі тендерлерге жүйелі түрде қатысып тұрады. Осылайша, орын алған әкімшілік тәжірибе адал кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға шынайы қолбайлау болып отыр», – деді депутат.

«ҚҚС бойынша есептен шығару барысында салық төлеушілер тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға және сатуға айналымы болмаған тұлғаларды ҚҚС бойынша декларацияда көрсетпеспен, шот фактуралар жазғандардан бөлектеу мақсатында дербес қарастырылуы тиіс деп есептейміз. Айналымның іс жүзінде болуы немесе болмауын салық органдарының мамандары компьютердің бір ғана тетігін басу арқылы және камералды бақылау бойынша бағдарламаны қосу арқылы оңай тексере алады», – деді Екатерина Никитинская. 

Осыған орай, депутат қаржы министрі Бақыт Сұлтановты «орын алған жағдайды жете ұғынып, адал салық төлеушілердің заңды құқықтарын қорғауға көмектесуге» шақырды.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер