astana-view

Нұржан Әлтаев: «Қазақстандық компаниялар тауарларды бір-бірінен сатып алуы тиіс»

2016 жылғы 15 Маусым
8898 просмотров

«Атамекен» Басқарма төрағасының орынбасары кәсіпкерлерді дағдарыс кезінде бір-біріне қолдау көрсетуге шақырды

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Өңдеуші өнеркәсіп комитетінің отырысы өтті. ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев комитеттің жақында сайланған төрағасы Думан Қыдырбаевты таныстырды, ол «Жасыл орман» Орман шаруашылығы және ағаш өңдеу ұйымдары қауымдастығын басқарады. Сондай-ақ, Әлтаев комитет жұмысын тоғыстыратын негізгі мәселелерді белгілеп берді.

«Биылғы жылы біздің қазақстандық кәсіпорындар тауарларды бір-бірінен сатып алуы үшін жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда көріп отырғанымыздай, мемлекеттік органдардан, ұлттық компаниялардан, жер қойнауын пайдаланушылардан қазақстандық тауарларды сатып алуды талап етсек те, кәсіпорындардың өздері кейде бәрін шетелден сатып алады. Дағдарыс кезеңінде  осы бағытта жұмыс істеу керек», – деді ол.

Әлтаев Ресей Федерациясын мысалға келтірді, онда сауда желілеріне шықпас бұрын кәсіпорындар консорциумдарға бірігеді. «Біріншіден, осылай келіссөздер жүргізу жеңіл, екіншіден, белгілі бір жұмыс көлемі бар. Біз қазір сауда желілеріне, дистрибьюторлік компанияларға шындап кірістік. Дәл екі апта бұрын олармен үлкен әңгіме болды. Оған тағам өндірушілер, фермерлер – өз тауарларымен осы сауда желілеріне шыға алмай отырған өндірушілер қатысты. Әңгіме өте жақсы өтті, тараптар нақты уағдаластыққа келді. Кездесуге қатысушылар ҰКП базасында өздері келісімшарттарға қол қоя алатындай алаң құруды ұсынды. Бұл жұмыс енді тұрақты түрде жүреді», – деп баяндады ол.

Сондай-ақ, Палата Басқармасы төрағасының орынбасары қатысушыларыдң назарын білікті кадрлардың жоқтығы проблемасына аударды. «Бұл мерзімі жеткен мәселе, ол барлық өңірлерде көтеріліп келеді. ҰКП алаң ұсынуға дайын. Егер Қауымдастық немесе жекелеген кәсіпорын өзінің басқаруына қандай да бір колледждерді алуға тілек білдірсе, біз бұл мәселені Үкімет деңгейінде шешуге даярмыз», деп атап өтті ол.

Әкімшілік кедергілерді жою мәселесіне келсек, Әлтаевтың айтуынша, әрбір қауымдастық бойынша нақты жұмыс жүргізу қажет.

Ол комитеттің жұмыс жоспары дайын екендігін айтты.

Думан Қыдырбаев Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібі саласында бүгінгі күні шешілуі тиіс проблемалар өте көп екендігімен келісті. «Біздің баршамыз үшін негізгі мәселе – өндірістің толық қуатымен жұмыс істеуі. Біз, өндірушілер, іс жүзінде өз нарығымыздың қожайыны емеспіз. Егер жеңіл өнеркәсіпті мысалға алатын болсақ, онда біздің кәсіпорындар өндіретін жеңіл өнеркәсіп өнімдерін тұтынудың үлесі бар болғаны 14-15%-ды құрайды. Жиһаз саласында – 30%-дан төмен. Және де мұндай жағдаят барлық дерлік салаларға тән», – деді ол.

Комитет басшысы биылғы жылы қауымдастықтар Палатамен бірлесіп осы мәселелерді шешкенін айтып өтті. «Кейбіреуінің көрсеткіштері жаман емес. Мысалға, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының бірлестігі мемлекеттік қорғаныс тапсырысын алуға қол жеткізді және биылғы жылдың өзінде 22 кәсіпорын тапсырыс алып үлгерді. Сондай-ақ, мектеп формасын тігетін ұжымдар да біраз жетістіктерге жетуде», – деді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер