astana-view

Қолма-қол ақшаның мөлшері қайта қаралуы тиіс

2016 жылғы 17 Маусым
9253 просмотров

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов кәсіпкерлер үшін қолма-қол қаражаттың айналым ережелерін өзгертуді ұсынды

Жеке кәсіпкерлерге, заңды тұлғаларға екінші деңгейлі банктерде айына 10 миллион теңгеге дейінгі қолма-қол ақша немесе соған тең сомадағы валюта беруді шектеу. Ұлттық банкке екінші деңгейлі банктерге аталған шектеуді орындамағаны үшін айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындау құқығын беру. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында осындай ережелерді ұсынды. 

Депутат, сондай-ақ, Мемлекеттік кіріс комитетіне «жалған кәсіпкерлік қызметімен шұғылдану тәуекелі бар компаниялардың тізімін жасау» құқығын  беруге болады деп есептейді.

«Квазимемлекеттік секторда тауарлар мен қызметтерді 1 млрд теңгеден астам сомаға сатып алу және мемлекеттік сатып алулар кезінде арнайы банктік шоттарды есепке алу мониторингін енгізу қажет», – деді А.Жамалов.

Депутат Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің 2015 жылы жалған кәсіпкерлік деректері бойынша қозғалған қылмыстық істер туралы статистикасын келтірді, соған сәйкес «300 млрд теңге, ал 2011 жылдан 2014 жылдың шілдесіне дейін – 1 трлн 270 млрд теңгеден астам сома қолма-қол ақшаға айырбасталған».

«Сіздердің назарыңызды мынадай таңқаларлық сәйкестікке аударғым келеді, бұл айналымдағы қолма-қол ақшаның жалпы сомасының 100%-ға жуығын құрайды, яғни бұл ақшалар – республикадағы қолма-қол айналымның бірден бір көзі емес пе деген түйін жасауға тура келеді», – деп атап өтті А.Жамалов.

«Шынтуайтына келгенде, Мемлекеттік кіріс комитеті Ұлттық банкке қолданыстағы заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды бірнеше рет жолдағанын атап айтқан жөн», – деп түсіндірді депутат. Мысалы, ЖК-лер мен заңды тұлғалардың банк шоттарынан 7 млн теңгеден асатын қолма-қол соманы алу тетігі ұсынылды.

Бұл ретте Аманжан Жамалов, төлемақыларды қолма-қол ақшасыз есеп  айырысу тәртібімен іске асыру мөлшерін 4 000 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін төмендетуге қатысты  «2012 жылы «Төлемақылар мен ақша аудару туралы» заңға енгізілген өзгертулер тиімді болмады» деп санайды. Депутат өз тұжырымдарын сол цифрлардың көмегімен дәйектеді, соған сәйкес аталған норманы бұзғаны үшін «2015 жылы бар болғаны 187 қаулы шығарылған және 398 млн теңге сомасында хабарлама берілген».

«Жалған кәсіпорындардың кесірінен контрагенттердің саны жыл өткен сайын өсіп барады, және де 2015 жылы бұл сан өзара есеп айырысулардың 105,3 млрд теңге айналымын қосқанда 2 951-ді құрады. Салық комитетінің аталған соманы жалған кәсіпорындардың контрагенттерінің есепшотынан шығарып тастауы заңды болып саналмайды және бүгінде бұл жайт бизнесті дамытудың жолында кәдімгідей кедергі болып отыр», – деді А.Жамалов.

Осыған орай, депутат МКК және екінші деңгейлі банктердің заңнамалық деңгейде өзара ақпараттық іс-қимыл жасауға көшуі мәселесін көтерді. «Жалған кәсіпорындар бойынша қылмыстардың басым көпшілігі постфактум, яғни   мемлекетке едәуір зарар келтіріліп қойған соң барып  анықталады, өйткені сезіктілік бағасын Қаржы мониторингі комитеті (Қаржы министрлігінің – ред.) береді, оның, өкінішке орай, жеткілікті ресурстары жоқ», – деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер