astana-view

Мемлекеттік субсидиялау жүйесі жаңғыртуды қажет етеді

2016 жылғы 29 Шілде
13958 просмотров

Соңғы алты жылда субсидия көлемі 2,8 есеге көтерілгенімен, саладағы ЖІӨ небары 1,3 есеге жоғарылаған

27 шілде Астанадағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен Агроөнеркәсіп кешені комитетінің отырысында негізінен ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау саласын жаңғырту мәселесі қаралды.

Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев қатысып, комитет төрағасы Иван Сауэр жүргізген шарада өңірлермен бейнебайланыс орнатылып, отандық ветеринария қызметіне реформа жүргізу, салалық қауымдастықтар мен одақтармен үлгілік шарттарға отыру жайттары талқыланды.

Нұржан Әлтаев жиын басында бірден атап өткендей, мүдделі бизнес тарапы Үкіметке, яғни Ауыл шаруашылығы министрлігіне аталған өзекті дүниелер бойынша бірауыздан келісілген ортақ ұстаныммен шығуы тиіс.

«Үкіметте аграрлық саясат жөніндегі кеңес құрылғанын білесіздер. Көбіңіз оған мүшесіздер. Алғашқы басқосуға аграрлық секторды дамыту тұрғысында нақты ұсыныстар әзірлеген абзал. Бұл кеңесті бізге, қарапайым шаруа иелеріне мұң-тілегін жеткізуге туындаған жақсы мүмкіндік деп түсінген жөн. Дегенмен, ауыл шаруашылығына жұмылған ағайынның пікірі жоғары жақта қарама-қайшылыққа ұшырап жатпай, жалпы келіскен сипатта бір арнада тоғысқаны дұрыс. Сонда аймақтардағы АӨК субъектілерін қаржыландыру тетіктеріне қолжетімділік, шағын несиелеудегі әлемдік тәжірибе, бюджетке тәуелділіктен тыс, кредиттік серіктестіктермен жұмыс істеу, мал және өсімдік шаруашылықтарындағы субсидия бөлуді оңтайландыру, салық салу сынды маңызды бағыттардағы кемшіліктерді түзету тездетіліп, түйткілдерді тарқатудың тиімділігі артатыны даусыз. Табысты инфрақұрылым түзсек, тұтынушы да іздеген өнімін жылдам табар еді», - деп нұсқаған ҰКП жетекшісі тіпті жаңа Ұлттық экономика министрі ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерін салықтан босатуға дайын екенін жеткізіп қуантты.

Содан соң сөз алған Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығы өнімдері өндірісі мен өңдеу департаментінің директоры Ажар Қажыбекованың баяндамасы мәжіліске қатысушылар арасында қызу пікірталас туғызды. Мысалға, ағымдағы жылы 2006 жылы пайда болып, бүгінгі таңға дейін 4,4 есеге өскен гектар бойынша субсидиялау шеңберінде ауыл шаруашылығы дақылдарының 13 түріне қолдау көрсетілуде екен. Алайда мемлекет қамқорлығы саладағы ЖІӨ өсіміне әсер етпей, ол ауа райына тәуелділігін байқатуда. Оған дәлел, соңғы алты жылда субсидия көлемі 2,8 есеге көтерілгенімен, ЖІӨ небары 1,3 есеге жоғарылаған.

Осы орайда Қазақстан картоп пен көкөніс өсірушілер одағының төрағасы Қайрат Бисетаев субсидиялау жүйесін өзгертуде өз ойын ортаға тастады. Оның айтуынша, қолдаудың 3 түрі қалыптасқаны ләзім.

«Алғашқысында барлық субъектілер қамтылса, келесісінде сыйақылық тәсілмен инвестициялық, несиелер мөлшерлемесі, экспорт пен импорт, қайта өңдеу назарда ұсталуы тиіс. Үшінші қадамда ғылым, білім беру тәрізді тармақтарға көңіл бөлінсе. Негізгі міндеттердің бірі, АӨК субъектілерін екінші деңгейлі банктердің тұрақты несиелендіруі», - деді әріптестеріне қарата ол.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау және төрт түлік өнімділігі мен сапасын жақсартудың азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей ықпал етері шүбәсіз. Сондықтан ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, қажетті талаптар мен шарттар айқындалған. Бұл тұста жауапты істер екі бағытта жүзеге асырылмақ. Былтыр болса, қос ата кәсіп желісіне бюджеттен 67,4 млрд теңге бөлініп, 11,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан жұмсалған екен.

«Маманданған одақ-қауымдастықтармен баршамызды толғандыратын нәрселерді тар ауқымда әбден пісіріп, пысықтау керек. Субсиядиялаудағы алалаушылықтарды, теңсіздіктерді жойып, тепе-теңдік орнату өңірлердегі шаруалар, тауар өндірушілер жүгін жеңілдетер еді», - деді «Атамекен» ҰКП Төралқасы Агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы Иван Сауэр.

Ветеринарлық қызметті жетілдіруде, «Атамекен» ҰКП өкілдері, республикадағы жағдайды мұқият бағамдап, мал емдеу құрылымының бүге-шігесін анықтаған. Мәселен, автомобильдік өткізу қосындарындағы ветеринарлық бақылау құзыры, 90 штаттық бірлігімен қоса Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитетіне берілуі ел аумағына кіргізілетін тауарлардың тасымалдануын қадағалауды қиындату екен. Жергілікті атқарушы органдарға тапсырылған кейбір қызметтер де салғырт көзқарастың салдарынан ақсап, қазіргі кезде үй жануарларында жұқпалы аурулардың таралуы жиілігені жасырын емес. Үстіміздегі жылдың басынан мұндай қатерлі 76 ошақ тіркелген. Қорытындысында Ветеринарлық бақылау мен қадағалау комитетіне аталмыш функцияларды қайтару, тікелей Премьер-министрге бағынатын жеке ветеринарлық қызмет құру, заңды күшейту, электрондық қорды жаңарту ұсынылуда.   

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер