astana-view

Жаңа тағайындаулар оң қабылданды

2016 жылғы 22 Маусым
8124 просмотров

Мәжіліс депутаттары Инвестициялар және даму министрлігіне жаңа министрдің тағайындалуын оң бағалады

Кеше Мемлекет басшысының Жарлығымен бұған дейін Инвестициялар және даму вице-министрі қызметін атқарған Жеңіс Қасымбек Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігіне басшылыққа тағайындалғанын еске саламыз.      

Palata.kz тілшісінің өтініші бойынша, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев еліміздің инвестициялық даму саласындағы басшылықтың ауысуына түсінік берді. «Жеңіс Махмұдұлына келетін болсақ, мен оны жақсы білемін, ол өте сарабдал, сауатты, болашағы бар маман. Бұл бүгінгі таңда маңызды, оған қоса ол өте зиялы адам», – деді А.Перуашев.

Мәжіліс мүшесі осы ретте «бүгін келген кадрлардың бір де біреуі қарсылыққа, тойтарысқа ұшыраған жоқ» деп атап өтті. «Керісінше, біз дамудың жаңа серпініне ие боламыз деп ойлаймын», – деді өз сөзінде депутат.

«Біз білетіндей, Жеңіс Қасымбек бұған дейін Көлік және коммуникация министрлігін басқарған, және де бүгінгі таңда, атап айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру кезінде негізгі басымдық инфрақұрылымды, жол құрылысын дамытуға беріліп отыр. Мен, бәлкім, оның тағайындалуы осыған байланысты шығар деп ойлаймын. Ол инвестициялық дамуда қажетті мәселені құзыреттілікпен, кәсіби түрде құра білетін адамның дәл өзі», – деп қосты А.Перуашев.

Инвестициялар және даму жөніндегі бұрынғы министр Әсет Исекешовтің Астана әкімі қызметіне тағайындалуына да Азат Перуашев оң баға берді.

«Әсет Өрентайұлы үшін өңірді де басқаратын кез келді, бұл кадрларды өсірудің дұрыс әрі жақсы тәжірибесі болмақ», – деп түйіндеді Мәжіліс депутаты. 

Жанар Сердалина  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер