astana-view

Еңбек даулары: келісімге келу жолдары

2016 жылғы 11 Шілде
11822 просмотров

Ақтауда батыс өңірдегі жұмыс беруші тарап мен жұмысшылар арасындағы еңбек дауларын шешудің жолдары туралы семинар-тренинг өтті

Бұл шараны «Атамекен» ҚР ҰКП жанынан аккредитацияланған Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер конфедерациясы, Кәсіподақ федерациясы, жергілікті кәсіподақтар мен жергілікті атқарушы билік органдары Фридрих Эберт атындағы қаржылық қордың қолдауымен ұйымдастырды.

Семинар-тренинг қатысушылары еңбек дауларын шешудің заманауи тәжірибесі хақында ой бөлісті. Еуропалық және азиялық құрлықтағы тәжірибені сөз етті. Кәсіпорынның тиімділігіне нұқсан келмейтіндей, жұмысшылардың мүддесі қорғалатындай, жалпы қоғамның тыныштығы бұзылмайтындай шешімдер табу керектігі айтылды.

ҚР жаңа Еңбек кодексін тәжірибеде дауға бастайтын жайттардың алдын алудың, болдырмаудың, реттеудің, динамикасын, еңбек дауларының жетілу қалыбын, екі жақтың да еңбек келіспеушілігін бағалау түйткілдері мен мүмкіндіктерін қарастырды.    

Тренинг уақыты негізінен тәжірибелік дүниелерге бөлінді. Онда жұмыс берушілер мен кәсіподақ басшылары кәсіпорындағы еңбек дауларын шешудің жаңа үлгілерін, өнегесін көрсетті. Семинарда рөлге бөлініп ойнау да жүзеге асты. Сол арқылы екі жақтың қарым-қатынасын әртүрлі реттеуге болатынын, келісім табудың жаңа жолдары, өзара сөйлесіп, келісудің амалдары қарастырылды.

Жұмыс берушілер мен жұмысшылардың ойынша, мұндай тақырыптық семинарлар өте қажет. Өйткені, осылай олар корпоративті және диалогтік мәдениетті қалыптастырады, екі жақтың да орын алған түйткілді дұрыс бағалап, шешуге тырысуына жетелейді, арнаулы комиссия құрып, табыстыру үдерістері жүзеге асады. Әлеуметтік серіктестер мұндай семинарларды әр облыста неғұрлым көбірек кәсіпорындарды қамти отырып өткізуді ұсынды.

Семинардың соңында қатысушыларға қазақша, орысша ақпараттық парақтар таратылды. Ондағы ақпаратты олар тек Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтынан ғана таба алады. Ал, жұмыста қолданса, авторлардың еңбегіне сілтеме жасай алады. 

Семинардың мазмұнды әрі мәнді бағдарламасының қорытындысы ретінде қатысушылардан сауалдама алынды. Олар тренингті бағалады, оны жетілдіру үшін кеңестерін, ұсыныстарын жеткізді, кері байланысты нығайтудың маңызына тоқталды. Қырықтан аса қатысушыларға сертификат берілді.

Тренингке жұмыс берушілер, менеджерлер, мұнай-газ, геология-барлау, қызмет көрсету, құрылыс ұйымдары, электроэнергетика, кеме жасау, құрал-жабдық жасау, телекоммуникация және т.б. салалардың кәсіпорындарының кәсіподақ басшылары қатысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер