astana-view

Кәсіпкерлердің құқығы аяқасты болмады

2016 жылғы 13 Шілде
- Жетісу облысы
6241 просмотров

Бірінші жартыжылдықта кәсіпкерлердің құқығы 500 млн теңгеден астам сомаға қорғалды

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқын қорғау мен әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Думан Керімбаев мәлім етті. Оның айтуынша, алты айда кәсіпкерлік субъектілерінен 388 шағым түсіп, оның 169-да жеңіске қол жеткізілген.

«Кәсіпкерлердің құқын қорғау бағыты бойынша жалпы сомасы 549 180 520 теңге сақталды. Біздің заңгерлер бірқатар сот істеріне көмектесті. Оның ішінде 63 азаматтық және әкімшілік істің алғашқы апелляциялық жұмысына атсалысып, 25 іс оңтайлы шешілді, 16 қаралып жатыр. Сот шешімдері бойынша 3 жеке анықтама кәсіпкерлер құқына қол сұққан мемлекеттік органдар атына жіберілді», – дейді сарапшы.

Кәсіпкерлердің құқын қорғау мен әкімшілік кедергілерді азайту бөлімі нормативтік-құқықтық актілердің 134 жобасын зерттеген. Оның 29-ында әртүрлі ескертпе жасалған. Мемлекеттік органдардың көпшілігі заңды қолдануда қателіктерге ұрынып жатады, әрдайым құжаттарды толық ұсынбайды.

Жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік және өкілетті органдармен бизнестің мәселелерін талқылайтын, шешетін 35 іскерлік кездесу өткізілген. 

«Кәсіпкерлердің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіретін 18 әкімшілік кедергі анықталды, оның ішінде 10-ы республика бойынша, 8-і жергілікті аумақта. Бұл мәселелер Кәсіпкерлердің құқын қорғау кеңесінің жиынында көтерілді. Түйткілді мәселелердің 13-нің 8-і кәсіпкерлер үшін оңтайлы шешілді», – дейді Думан Керімбаев.

Бұған қоса өңірлік Кәсіпкерлер палатасы 3 қауымдастықтың құрылуына, құрылтайшылық құжаттарды даярлауға көмектескен. Нәтижесінде әділет органдарында 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелген. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер