astana-view

Жұмыртқа қымбаттауы керек пе?

2016 жылғы 14 Шілде
8915 просмотров

Кәсіподақта неге жұмыртқаның бағасы жиі өсе беретіні туралы айтылды

Өндірістің көбеюіне байланысты Қазақстан халқы жұмыртқаға қарқ болды. Сөреде жұмыртқа толып тұрса-дағы, оның бағасы күн өткен сайын өсіп барады. Қазақстанның Құс өсірушілер одағында бағаны өсіретін жағдаяттар айтылды. Одақтың ақпараты бойынша, 2015 жылы Қазақстанда 4,7 млрд дана жұмыртқа өндірілген. Отандық құс фабрикаларының болжаған мәліметтері бойынша, 2016 жылы жұмыртқа өндірудің жалпы көлемі 5 млрдқа жетуі тиіс еді.

«Өсімі артып келе жатқан динамикаға қарамастан, құс өсіру саласында бірқатар қиындықтар бар. Олардың басты түйткілі – дүкендегі жұмыртқа бағасы», – делінген Одақтың хабарламасында. Бір жылдың ішінде жұмыртқаның бөлшектік бағасы 4-5 рет құбылатынын айтқан. Құс өсірушілер ақпараты бойынша, фабрикалар қазіргі таңда жұмыртқаның әр данасын 17-18 теңгеден өткізеді екен. Ал, супермаркеттер бір жарым, екі есе қымбаттатып сатады. Соның салдарынан бір жұмыртқаның бағасы 31-35 теңгеге дейін шарықтап кетеді. «Делдалдардың қалтасына түсетін пайда 200%-дан асып кетіп жатыр. Құс өсірушілер Одағы мамандарының Астана қаласының супермаркеттеріне жасаған мониторингіне сенсек, 30 дана жұмыртқаның бағасы мың теңгеге жетеді», – делінген Одақ ақпаратында. 

«Осыдан барып: фабрикалар шығарып жатқан жұмыртқалар дүкендегіден неге арзан деген сұрақ туындайды?», – деп сауал тастайды Құс өсірушілер Одағы. Ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын тартымды ету үшін бұл ұйым әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енген құс өсіруші кәсіпорындарының өнімдерінің бағасын 20-35%-ға өсіру керек дейді. Одақтағылар осындай шара қолданса, «отандық өнімге деген тұтынушылар сұранысы арта түсер еді» дейді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер